Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі: Интернеттегі алаяқтықтың жолын кесу керек

16.06.2022, 18:10 88

HALYQLINE.KZ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиынға жауапты сала басшылары мен онлайн форматта бірқатар аудан әкімдері қатысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Есірткі бизнесіне қарсы күресте мүдделі органдармен атқарылатын шаралар және алаяқтық қылмыстың, оның ішінде интернет алаяқтық қылмыстардың алдын алу.

Алдымен облыстық полиция департаменті бастығы  Сұлтан Бектөре есірткі бизнесіне қарсы күрес бағытында атқарылған жұмыстарды тарқатып берді. Оның айтуынша, Қызылорда облысында өткен 5 ай ішінде 73 есірткі қылмысы тіркеліп, оларды тергеп-тексеру барысында «марихуанна» заттары және «ПиВиПи» синтетикалық есірткі заттары тәркіленіп алынған. Осы есептік мерзімде есірткіге қатысты қылмыстардың ашылуы 53 процентті құрап отыр.

Өңірімізде қылмыскерлер марихуанна есірткі өсімдігінің «Индийский» және «Голландский» деген түрлерін өсіруді кәсіпке айналдырған. Кейбіреулері тіпті далалық жерлерде тереңнен су тартатын насостар қолданып, суды тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы өсіруді қолға алған.

Аймақта биылғы жылдың 1 маусымынан бастап 31 қазанға дейін республика көлемінде «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Оның барысында қалалар мен ауылдардағы бау-бақшалар, шаруа қожалықтарының аумақтары және облыстың барлық далалық жерлерінде әуеден мониторинг жасау арқылы жұмыстар жүргізілуде.

Облыс әкімі есірткіге қатысты қылмыстардың ашылу көрсеткіші төмен екенін ескертіп, бірқатар нақты тапсырмаларды жүктеді.

– Есірткі заттары тасымалданатын каналдарды, дайындайтын және өткізетін орындарды анықтап, пәрменді әшкерлеу шаралары қабылдансын. Есірткі өсімдіктерін өсірудің жолын кесу бағытында заманауи технологияларды пайдалану мүмкіндіктері қарастырылсын. «Ғарыштық мониторинг» қызметін қолдану үшін облыстық экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, ұсыныс берілсін. Облыстық қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, заңсыз есірткінің құқықтық жауаптылықты түсіндіру үшін заңнамаға сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен жариялануы керек, – деді Н.Нәлібаев.

Сонымен қатар нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі облыстық штабтың жұмысын күшейтіп, жастар басым қолданатын әлеуметтік желілерде нашақұмарлықтың зияндылығы туралы арнайы бейнероликтер мен посттар жариялау қажет екенін баса айтты.

Комиссия отырысында интернеттегі алаяқтық қылмыстар мәселесі ашық қаралды. Сұлтан Бектөре биылғы жылдың 5 айында Қызылорда облысында алаяқтың қылмыстардың 297 дерегі тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 27,4 пайызға төмендегенін жеткізді. Бірақ, анықталған қылмыстардың 53,1 пайызы «интернет-алаяқтық» сипатында болған.

Аймақ басшысы алаяқтық, қаржылық пирамида, интернет желілері арқылы жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейтуді қатаң түрде тапсырды. Әсіресе, интернет алаяқтықтың жолын кесу үшін нақты шараларды қабылдап, адам санасын арбайтын түрлі жазбалар мен ақпараттардан сақтандыратын имунитет қалыптастыру қажет екенін қаперге салды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: