Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағыты айқын елдің берекесі мол

26.08.2021, 9:30 469

Қазір елімізде әлеуметтік-экономикалық ахуал тұрақты, бірқалыпты. Алайда мемлекет әлемдік нарықтың жағдайына кез келген уақытта дайын болуы қажет. Өйткені айналадағы алпауыт мемлекеттердің экономикасы бізге де әсерін тигізбей қоймайды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал және алдағы уақытта болатын өзгерістер туралы таратып айтқан болатын.

– Ұзаққа  созылған  мұнай дәуірі аяқ­талған сияқты. Әлемдік нарық­тың мүлде жаңа ахуалына дайын болу керек. Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік ғана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ. Сонымен қатар, экономика халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек. Ұлттық табыстың өсімінен түсетін игіліктерді әділ бөлу, тиімді әлеуметтік «лифтілерді» орнықтыру жөніндегі қоғамның өткір талабы міндетті түрде орындалуы тиіс. Сондықтан еліміздің жаңа экономикалық бағ­дары басты жеті қағидатқа негіз­делуі  керек:

– Игіліктер мен міндеттердің әділ бөлінісі;

– Жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі;

– Әділ  бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа  буыны  үшін  нарық  ашу.

– Өнімділікті көбейту, экономиканың ауқымдылығын  және  технология­лық  сипатын  арттыру;

–  Адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту;

– «Жасыл» экономиканы дамыту, қоршаған  ортаны  қорғау;

– Мемлекет тарапынан дәйекті шешімдер қабылдау және сол үшін қоғам  алдында  жауапты  болу.

Бұл ретте біз бәсекеге қабілет­тілігімізді көрсететін артықшылығы­мызға және нақты мүмкіндіктерімізге сүйенуіміз керек, – деген еді прези­дент.

Президент көрсетіп берген бас­ты 7 бағыт бойынша жұмыстар жүйе­ленсе, экономикалық ахуалды қалыпты жағдайда ұстау қиынға соқпайды. Мысалы, Қызылорда облысында жеке кәсіпкерлік саласы, кәсіпкерлердің жаңа буынын ашу, білім саласындағы жаңашылдық, «жасыл» экономика бағыттары тұрақты түрде орындалып келеді. Оны аймақтың жалпы әлеуметтік даму динамикасынан айқын көруге болады. Ағымдағы жылдың 7 айында облыстың өнеркәсіп кәсіпорын­дарында 408,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіп   өндірісінде пайдалы  қазбаларды  өндіру 11,9%-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібінде қызмет көрсету 17,1%-ға артқан. Соны­мен қатар, осы кезеңде өңір экономикасына 134,3 млрд теңге инвес­тиция салынған. 38,1 млрд теңге­ге құрылыс жұмыстары орын­далып, 358,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ресми деректер бойынша 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылып, оның ішінде  тұрақтысы  7350-ге  жеткен.

Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасы үшін маңызды орын алатынын да Жол­дауда  нақты  атап  өтті.

– Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндет­терін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жыл соңына  дейін  әзірленуі тиіс.   Өнеркәсіпке қолдау  көрсетудің нақты шараларын  да  жетілдіру  керек. Өнеркәсіптің дамуына реттелетін сатып алу жүйесі тікелей әсер етеді. Оның көлемі 15 триллион  теңгеге  жуық  немесе жалпы ішкі өнімнің  бестен бір бөлігін  құрайды. Үкімет пен әкімдердің  міндеті – осы  әлеуетті  барынша пайдалану. Ортақ міндет – өңдеу өнеркәсібінің өндірісін бес жыл ішінде кем дегенде 1,5 есе арттыру. Алайда бір ғана өнеркәсіп саясаты арқылы индустр­ияландыру ісін айтарлықтай ілгерілетуге қол жеткізе алмаймыз. Ақша-несие, салық және басқа да негіз­гі  салалардағы саясаттың нақты сектор сұранысынан алшақтап кетпеуінің маңызы зор, – деді  Қ.Тоқаев.

Қуаңшылық  пен  құрғақшылыққа қарамастан Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы саласында да алдыңғы орында келеді. Ағымдағы жылы облыста 188,1 мың гектарға егіс  егілді. Оның ішінде дәндi да­қылдар – 96,6, майлы дақылдар – 6,7, мал азықтық дақылдар – 66,4, картоп, көкөнiс, бақша өнімдері 18,3 мың гектарды құрайды. Негіз­гі дақыл күрiштің көлемі – 83,6 мың гектар. Айта кетейік, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыс­тырғанда 3,9 мың гектарға артық егілді. Қазіргі таңда облыстың шаруа­шылық құрылымдары өткен жылғы жоңышқа дақылының екінші орымын аяқтауда. Оның 31,1 мың гектары орылып, 72,9 мың тонна жоңышқа шөбі жиналып, гектарына 23,5 центнер өнім алынуда. Облыс бойынша егілген 6677 гектар күздік бидай бүгінгі күнге толық жиналып, 9390 тонна астық, 14,1 ц/га орташа өнім алынды. Сонымен қатар, жаздық бидайдың 3917 гектары, арпаның 334 гектары орылып, жаздық бидайдан 3592 тонна, арпадан 290 тонна жиналды. Орта өнім жаздық бидай –  9,2, арпа 8,7 центнерден алынуда. Қазіргі таңда шаруашылық құрылымдары  егісті  күтіп баптау жұ­мыс­тарын  атқаруда.

Экономикалық дамудың маңыз­ды өзегі болып есептелетін ауыл­шаруашылығы саласында да шеші­мін таппай келе жатқан күрмеулі мәселелер жетерлік. Оны ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мына сөздерінен анық  байқауға  болады:

–  Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несие­нің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы.  Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылы­мын дамыту мақса­тында  шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс. Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашы­лық  миллиондаған  ауыл  тұр­ғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек, – деді  ол.

ТҮЙІН. Бағдар бойынша жұмыс тұрақты және ұдайы жүргізіліп отырса, экономикада өрлеу болады. Бастысы, біздің мемлекет бір орында тұрып қалған жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері қиысқан қиындықтарға қарамастан еліміз өз деңгейінде біршама белестерді бағындырды, мойындатып та үлгерді. Бұл – әлі басы. Бірлігі мен ынтымағы мығым елдің болашағы да жарқын болары  сөзсіз.

А.БОЗАНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: