Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалған диплом пайдаланып…

21.02.2022, 9:00 317

HALYQLINE.KZ

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің,

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың,

Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың,

Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешовтің назарына

Жаңсақ естіген жоқсыз. Қолымыздағы Қазалы аудандық прокуратурасынан 15.02.2022 жылы келген №2-1005-22-00217 хатта «2021 жылы аудандық прокуратурамен қадағалау аумағында аудандық білім бөліміне қарасты орта мектептердің стандарттық мәліметтерінің дұрыстығына талдау жүргізіліп, нәтижесінде білім беретін орта мектептердің кейбір қызметкерлерімен жалған диплом пайдаланудың 5 фактісі анықталды.

Аталған деректер «Болашақ» және «М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан» университеттерінің дипломдарына қатысты болған.

Сондай-ақ, олардың барлығы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне қылмыстық істер тіркеліп, сот шешімдері қабылданған. Сонымен қатар, қадағалау аумағындағы мектеп директорларымен жалған диплом пайдалану фактісі анықталмағандығын хабарлаймын» деп жазылған.

Еріксіз терең күрсінесің. Ел ішінде ұстазды күннің жарық сәулесіне теңеп, жаны таза, ізденімпаз, қанағатшыл деп бағалайтын дағды қалыптасқан. Әрі солай да болып жүр. Қазалы ауданындағы білім саласындағы жоғары жетістіктер жалпақ жұртқа мәлім.

Бірақ… прокуратурадан келген хатта «білім беретін орта мектептердің кейбір қызметкерлерімен жалған диплом пайдаланудың 5 фактісі анықталды» деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Біз бұл жерде барша білім ордасының қызметкерлерін қаралаудан мүлде аулақпыз. Алайда ащы шындықты мойындауға тура келеді.

Қазіргі таңда мұғалімдердің жалақысы өзге салаға қарағанда біршама жоғары. Алсын. Еңбегінің өтеуін талап етуге кім-кім де құқылы. Заңды жолымен иеленсе, кімнің қандай таласы бар?! Өкінішке қарай, бар гәп осында болып тұр ғой. Жоғарыдағы деректе айтылғандай, «қылмыстық істер тіркеліп, сот шешімдері қабылданған». Әрине, кез келген заңбұзушылыққа қарсы қандай да бір шара көрілетіні белгілі.

Бұл жолы да солай болып, кінәлілер заң аясында тиісті жаза алғанына күмән жоқ. Сонда дейміз-ау, қарамағындағылардың теріс әрекетін мекеме басшылары байқамағаны қалай?! Егер, Қазалы аудандық прокуратурасы «орта мектептердің стандарттық мәліметтерінің дұрыстығына талдау жүргізіп» қырағылық танытпағанда, бұл әрекеттің қашанға дейін жалғасатынын кім білсін?!

«Мұғалім – қоғамның барометрі» деп жатамыз. Осындай жайттан соң кеудеңде кірбің қалатынын несіне жасырамыз?! «Қанағат қарын тойғызар» деп текке айтылмаса керек. 

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Коллаж «Айқын» газетінің сайтынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: