Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төрт адамды аяусыз өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды

14.07.2026, 15:30 61

Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесін қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот үкімі шықты. Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 

Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға өткен жылдың желтоқсан айында Атырау облысындағы Жангелдин ауылында болған. Сотталушы бұрынғы жұбайының ата-анасы Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ олардың балалары Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірген деп танылды. 

Іс материалдарына сәйкес, қылмыстан кейін Сәрсемәлиев бірнеше апта бойы қаза тапқандардың жоғалғанын жасыруға әрекет жасаған. Ол марқұмдардың ұялы телефондарына келген хабарламаларға жауап беріп, олардың атынан жақындарымен байланысқа шығып отырған. Сонымен бірге отбасының қаржысына және шаруашылығына қатысты мәселелерді де өзі басқарғаны анықталған. Осылайша, ол отбасы мүшелері тірі деген әсер қалыптастыруға тырысқан. Кейін күдікті Қазақстаннан кетіп, Индонезия аумағында ұсталып, елге экстрадицияланған. 

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушыны аса ауыр қылмыс жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Бұдан бөлек, оған ұрлық, алаяқтық, мал ұрлығы және құжаттарды заңсыз иемдену мен жасыру баптары бойынша да айып тағылды. 

Соңғы сөзінде Сұлтан Сәрсемәлиев өзіне қандай жаза тағайындалса да қабылдауға дайын екенін айтып, алайда қылмысты пайдакүнемдік мақсатпен жасады деген айыппен келіспейтінін мәлімдеді. 

Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, соңғы жылдардағы елдегі ең қатыгез отбасылық қылмыстардың бірі ретінде бағаланып отыр. 

Dalanews.kz коллажы / ЖИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: