Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тергеу изоляторында темірдей тәртіп бар

26.10.2020, 16:20 491

HALYQLINE.KZ

Қылмыс болған жерде күдікті ретінде ұсталған айыпталушылар сот үкімі шыққанша тергеу изоляторында болатыны баршаға белгілі болса да, ондағы ішкі тәртіп көбіне беймәлім. «Жүгі ауыр» мамандық иелерінің сала ісін жаңғырту мақсатында қолға алған жұмыстары аз емес. Облысымыздағы ЗК-169/1 тергеу изоляторы республика көлеміндегі жемісті бастамалардың «тұсауын кесіп», қазіргі таңда игілігін көруде. Алдағы уақытта мекеме айналасында болатын заңбұзушылықтарды түбегейлі жоймақ ниетте.

Өкінішке қарай, өңіріміздегі тергеу изоляторында болатын заңбұзушылықтар саны азаймай тұр. Айыпталушылармен кездесуге келген азаматтар тыйым салынған заттарды жабық мекеме ішіне өткізу үшін кез келген әрекетке баруға дайын. Ағымдағы жылы мекемеде тыйым салынған заттарды кіргізуге әрекет жасаған 17 дерек тіркелген. Оның 9-ы ұялы телефон алып өткізбек болса, қалғандары есірткі, спирттік сусындар мен өткір заттарды кіргізбек болып ұсталған. Абақтыдағылар үшін ардан аттап, адамдықтан безгендер неше түрлі сорақылыққа барады. Тіпті, мұндай теріс қылықтарға айыпталушылардың туған аналары да барады екен. Осындай бір дерек есірткі заттарын туған баласына өткізбек болған ананы құрықтау кезінде анықталған. Бұл айуандық әрекеттің сорақасы емес пе? Жалпы, мұнда жаға ұстатар жайт өте көп. Дегенмен, қырағы қызметкерлер заңсыз әрекеттерді дер кезінде байқап, тиісті шаралар қолдануда.

Айтпай келген індетке қарсы барлық саламен қатар, тергеу изоляторы да күресіп жатыр. Мұнда пандемия басталғалы бері кездесу тәртіптері толықтай өзгерген. Қазіргі таңда айыпталушылармен кездесу онлайн режимде өтеді. Яғни, бейнеқоңырау арқылы айыпталушылар өз жақындарымен жүздесе алады. Індеттің изолятор ішінде жайылып кетпеуі үшін жасалған бұл шараға мекеме қызметкерлерінің ықпалы зор. Сонымен қатар, қызметкерлер қауіпсіздік ережелерін қатаң түрде сақтайды. Бетпердеден бастап вирустан қорғайтын барлық шараларды ұстанып жүр. Осы қатаң тәртіптің арқасында бүгінде жұқпалы аурудың мекеме ішінде таралмағанын атап өткен жөн.

Жалпы, мекемеде 127 қызметкер жұмыс істейді. Одан бөлек, 13 айыпталушы да штаб құрамында екен. Олар заңнамаға сәйкес мекеменің шаруашылық жұмыстарын атқарады. Тиісінше, жалақысын алып, еңбек демалысына да жіберілетін көрінеді. Сонымен қатар, айыпталушы изоляторға түскен уақытта бастапқы 3 күн ішінде толығымен медициналық тексеруден өтеді. Одан бөлек, айыпталушыларды бұрын сотты болғандығы мен сотталмағандығына, жынысына және жас ерекшеліктеріне қарай бөліп орналастырады.

– Қазіргі таңда тергеу изоляторында 222 айыпталушы бар. Тиісінше, олардың жақындары кездесу үшін ұзын-сонар кезекке тұратын еді. Кезекке таласып, түсініспеушіліктер де көп кездесетін. Осы мәселе бойынша 2019 жылы келушілерге электронды кезек орнатып қойдық. Соның арқасында келушілер өз уақытын тиімді пайдаланып, көрсетілген уақытта келетін болды. Айта кететін жайт, бұл бастаманы республика көлемінде бірінші болып қолға алған біздің мекеме болатын. Сонымен қатар, фронт-офис қызметін де бірінші болып біз бастадық. Бұның барлығы осындағы қызметкерлердің арқасында деп білемін. Мекеме медициналық аппараттармен толық жабдықталған. Сондай-ақ, бізде арнайы теолог мамандар қызмет етеді. Бұл жұмыстардың қоғамға тигізер пайдасы зор болатынына сенімдімін, – деді ЗК-169/1 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Алмат Жұманұлы.

Биыл ЗК-169/1 тергеу мекемесіне – 20 жыл. Қиындығы көп қызмет иелерінің қажырлы еңбегінің арқасында республика көлеміндегі алдыңғы қатарлы тергеу изоляторларының бірі. Таза жүрекпен халыққа қызмет етіп, қазақ қоғамына пайдамды тигізейін деп ойласа, мұндағы қызметкерлер жоғарыдағы ниеттеріне қол жеткізеді. Қара қазан, сары баланың қамы үшін өз істеріне адал болу – бұларға парыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: