Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада облыстық деңгейдегі басшылардың қылмысы әшкереленді

05.05.2022, 9:00 535

HALYQLINE.KZ

Жемқорлардың «жемсауыты» толар емес. Ақшаға аш бүркіттей көз қадағандардың саны азаймай тұр. Бұлайша дабыл қағуға негіз бар. Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті 38 қылмысты тіркеген. Оның 1-еуі аса ауыр, 25-і ауыр, жалпы тіркелгендердің ішінде 19-ы сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс екен. Сондай-ақ, 5 қылмыс парақорлық болса, 20-сы – мемлекеттен бөлінген қаражатты жымқыру фактісі. Осы күні 19 тұлғаның сыбайлас жемқорлық қылмыс әшкереленген. Масқара болғанда оның 3-еуі – облыстық деңгейдегі бірінші басшыларға қатысты қылмыс. Сотқа 9 қылмыстық іс жолданған. Ол бойынша мемлекетке 47039369 теңге залал келтірілгені анықталып, 45701369 теңге, яғни 97%-ы өндірілген. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаевтың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

– Есепті мерзімде өзекті мәселелердің бірі болып табылатын ауыл шаруашылықты субсидиялаумен байланысты 9 қылмыстық іс тергелуде, яғни облыстық ауыл шаруашылығының лауазымды тұлғалары шаруа қожалықтарымен бірлесіп тұрғын вагондарға, құдықтар мен күн көзінен тоқ жинайтын панельдерге заңсыз субсидия бөліп, мемлекет қаржысын жымқырған, – деді Рустам Сапарбекұлы.

Одан бөлек жүйелі сыбайлас жемқорлықтың және шағын және орта бизнеске заңсыз араласудың – 3, көлеңкелі экономикаға қамқорлық жасау дерегімен 2 қылмыс анықталғанын айта кетті.

Бүгінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысын сүйемелдеу шеңберінде 10 негізгі қылмыс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

            Жалпы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы басым ерекшеліктің бірі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары. Бұл бағытта I тоқсанның қорытындысымен Қызылорда көліктік бақылау инспекциясының 2019-2021 жылдар аралығындағы қызметіне сыртқы талдау жұмыстары жүргізіліп, жұмыс барысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің себеп-салдарын болдырмау негізінде 26 ұсыным берілген, оның 21-і орындалған.

– Қылмыстың алдын алудың бірден-бір бағыты – әкімшілік тәжірибені қолдану. Осылайша, департаментпен мемлекеттік қызметшілердің жеке кәсіппен айналыса отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 154-бабы бойынша 2 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 857640 теңге айыппұл салынды, – деді департамент басшысы.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен азаматтардың құқықтық сауаттылылығын арттыру бағытында мемлекеттік орган ұжымдарының, жастардың, бизнес өкілдері мен жеке тұрғындардың қатысуымен 108 кездесу өткізілген.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жол картасының 22-тармағына сәйкес, Департамент қызметкерлері жоспарланған мемлекеттік сатып алу бағасын жасанды көтерумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға мүмкіндік беретін «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталы арқылы жоспарланып отырған мемлекеттік сатып алуларға тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізіп, 30 мекемеге ұсыныс жолдаған. Осы жұмыстың арқасында 375536165 теңгенің үнемделуіне қол жеткізген.

Жергілікті және орталық атқарушы органдардың қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілеріндегі жемқорлық тәуекелдерін туындататын тетіктердің алдын алу үшін есептік кезеңде 7 мониторинг (1 кешенді, 4 тақырыптық және 2 агенттік тапсырмасына сәйкес) жүргізіп, 46 ұсыным енгізілген.

Брифинг барысында Рустам Ақмырзаев істеліп жатқан жұмыстың ауқымдылығын кеңейту мақсатында БАҚ пен әлеуметтік желілерде 223 материал жарияланғанын айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: