Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қамқорлық» қашанғы жалғасады?

04.03.2021, 11:00 388

Бұл мақаламда Қызылорда облыстық әділет департаменті мен заң консультант­тары палатасындағы кейбір келеңсіздікті баяндай­мын.

«Қызылорда облысы бойынша заң кеңесшілерінің палатасы» қоғамдық бірлестігінің 18.05.2018 жылғы жарғысында палата оның мүшелерінің кворумы болып қатысуы, дауыс беруі арқылы жалпы жиналыс шешімі негізінде қайта құрылатыны көрсетілген. Басқарма шешімді дауыс басымдығына қарай қабылдайды.

Палата төрағасы Д.Ізбасарұлы жарғы тала­бын бұлжытпай орындауы тиіс. Алайда­ ол қоғамдық бірлестікті таратып, палата ретінде қайта құру, облыстық әділет департаментіне заңды тұлға ретінде тіркеу, өзін төр­аға етіп тағайындау жөніндегі жалпы жиналыс хаттамасы мен қаулысын палата мүшелері З.Әмірова, Ж.Айып, А.Шүлен­баева, С.Құлмахан, М.Айменов, Е.Таубаев, Т.Ақшалов, А.Еденбаев пен А.Райымбектің атынан жалған толтырған. 04.12.2018 жылы әділет департаментіне ұсынған. Департаменттің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің бастығы Е.Тәжікенов пен қызметкері Р.Байғабылова көмектесіп, тіркеткен.

Бұл заңға қайшы. Өйткені 05.07.2018 жылғы Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңға сәйкес палатаға қабылданатын үміткер жоғары білімі туралы құжатын, соттылығының жоқтығы туралы анықтаманы, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі барын растайтын құжаттары мен аттестаттау нәтижелерін ұсынуы міндетті. Аттестаттау нәтижесінде ел заңдары жөнінде кешенді тест тапсырып, өту балын (100 сұ­рақтан) жинауы керек. Талапқа сай келмегендер  мүше  бола  алмайды.

Аттестаттау тәртібі мен шарттары, оның ішінде кешенді тест сұрақтары Әділет министрлігімен келісу арқылы айқындалады. Бірақ оның нәтижесін ұсынбай өткен палата басшылары Д.Ізбасарұлы, А.Жұмабайұлы заң мен жарғысы талаптарын көпе-көрінеу бұзып отыр. Әлі күнге кешенді тест сұрақтарын министрлікпен келісіп, айқындамаған.

Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңға сәйкес заң көмегін көрсететін жеке және заңды тұлғалар заң қолданысқа енген күннен бастап бір жыл ішінде өз қызметін заң талаптарына сәйкес келтіреді. Тәртіп бойын­ша кешенді тест тапсырмаған, өту балын жинам­аған, аттестаттау нәтижесін өткізбеген 172 адамды палата мүшелігіне қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылдануы тиіс еді. Бірақ Д.Ізбасарұлы мен А.Жұмабайұлы оны көзге ілмеген. Осылайша олардың жалған кәсіпкерлікпен айналысып, пайда табуына мүмкіндік  жасаған.

Жарғыда жарнапұлдан жиналған қаржы палата мүшелері арасында қайта бөлініп, жарғылық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін пайдаланылатыны айтылған. Одан бөлек, қаржыны нысаналы пайдалану тәртібі, палата мүшелерінен ақшаның түсуі, оның орынды жұмсалуы туралы жыл сайын­ғы есептік жиналыста хабарлануы тиіс. Кіріс-шығыс сметасы шеңберінде қаржыға иелік ету палатаның басқару органына міндеттелген. Аттестаттаудан өтпеген 167, оны тапсырмаған 5 адамнан айына 2 АЕК мөлшерінде жарнапұл жинауға рұқсат жоқ. Жарнапұл төлеу мәселесі палата мүшелерінің толық дауыс беруі арқылы жалпы жиналыс шешімімен қабылдануы тиіс.

Д.Ізбасарұлы, А.Жұмабайұлы, К.Қанатов, Ж.Айып, А.Райымбек, Р.Бегімбаев аталған адамдардан 04.12.2018 жылдан бастап осы күнге дейін айына 2 АЕК мөлшерде қолма-қол және есепшотқа аудару арқылы жарнапұл жинаған. «Оны төлемесең палата тізімінен үзінді көшірме бермеймін» деп пала­та мүшелерін қорқытып, заңсыз бопсалап, заңсыз талап қойып келген. Осылай бірнеше миллион теңге шамасындағы соманы жинауды  әлі  тоқтатпай  отыр.

Аталған топ менің өзімнен 1 жылда  70 мың теңге жарнапұлды заңсыз алып, мақсатсыз жұмсап, бас пайдасына жаратып, зиян келтірді. Алайда Д.Ізбасарұлы, А.Жұмабайұлы, К.Қанатов Ж.Айып, А.Райымбек пен Р.Бегімбаевтың қолдауымен 04.12.2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 172 адамнан жарнапұл ретінде жинаған ақшаның кіріс-шығыс сметасын, жарғылық мақсат-міндетке жұмсайтыны туралы палата бюджетін бекітуге ұсынбаған. Палата мүшелерінің даусымен бекіттірмеген. Бұл туралы жалпы жиналыста да есеп бермеген. Д.Ізбасарұлы мен А.Жұмабайұлы салық органына тиісті төлем жасамаған және есеп беруден жалтарған.

Аталған топ пен аттестациядан өтпеген тағы 10 адам 2018 жылдан бері жар­напұл қаржысының мақсатсыз жұмсалғанын пала­та мүшелерінен жасырған. 01.11.2019 жылға дейін палата құрамында және тізімінде аттес­тациядан өтпеген 120 адам болған. Жоғарыдағы алтау палатаның үштен бірін де құрамайтын, аты, тегі, жөні жазылмаған 12 адамның атынан жалпы жиналыс хаттамасын толтырған. Тиісті еңбек өтілі жоқ, аттестациядан өтпеген К.Қанатов ұсынған А.Жұмабайұлын төраға етіп сайлаған. 20-ға жетпейтін адаммен бірнеше жалпы жиналыс өткізіп, дауыс бергізіп, маңызды шешімдер қабылдаған.

Менің сөзім аталған топтың 2,5 жыл бойы жалған шешімге жүгініп, қылмыстық кодекстің бірнеше бабын бұзғанына дәлел. Осы орайда заң көмегін көрсету саласындағы бақылауды жүзеге асырушы уәкілетті орган кешенді тест тапсырмаған, өту балын жинамағандарды палата құрамынан шығару түрінде ықпал ету шарасын қолдануы міндетті. 27.08-07.09.2020 жыл аралығында палатада жоспарлы тексеру жүргізген облыстық әділет департаметінің қызметкерлері М.Франзузова, А.Қосбергенова, Ғ.Сариева мұны біле тұра, тексеру актісінде көрсетпеген. Әлгіндей ықпал ету шарасын қолданбаған. Қылмыстық қудалау органына бұл туралы хабарламаған.

Аталған жағдай олардың палатадағы құқықбұзушылық әрекеттерге қамқорлық жасағанын көрсетеді. Департамент қызмет­керлерінің «қамқорлығы» әлі жалғасып келе­ді. Қала берді, мұны заңды деп жазбаша хаттар жолдауын тоқтатпай отыр. Заң­бұзу­шылықтар бойынша тергеу-тексеру жүргіз­ген қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі М.Абдуллаев та, қала прокурорының орынбасары Н.Оңғарбаев та жоғарыда көрсетілген әрекеттер қылмыстық құқықбұзушылық емес деп қорытынды  жасаған.

Облыстық әділет департаметі мен заң консультанттары палатасындағы заңбұзу­шылықтар тыйылады әрі және заңдылық орнайды деген үмітпен, қос лауазым иесінің олқылығының орнын толтыру үшін Прези­дент Қ.Тоқаевқа, «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Н.Назарбаевқа, Әділет министрі М.Бекетаевқа, Бас прокурор Ғ.Нұрдәулетовке, Сыбайлас жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпекбаевқа, Ішкі істер министрі Е.Тұрғанбаевқа жазбаша жүгінуге тура келді.

М.АХМЕТОВ,

облыс бойынша заң консультанттары палатасының мүшесі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: