Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Кеш, әкеңді құлыным!»

15.05.2020, 9:00 732

Болған оқиға ізімен

HALYQLINE.KZ Есік құлпы ашылып, ішке орта жасты­ еңсеріп қалған жігіт ағасы кірді. Төлеп қараңғылыққа көзін үйрете алмай, босағада біраз тұрды. Камераның іші лас екен, жағымсыз иіс қолқаны қауып, ұзақ жөтелді. Ұядай ғана бөлме, іші суық. Түтесі шыққан төсектің үстінде үш адам жатыр.

Үстінен жүк мәшинесі жүрсе де, сезер емес. Төлепке орын босамады, босағада шамалы тізе бүгіп отырған, аяғы ауырып, қайта түрегелді. Ол өмірінде бірінші рет түрмеге түсіп отыр. Ащы судың кесірінен қос ұлын қалай өлтіргені еміс-еміс есінде. Ағайын-туыс­тары, жора-жолдастары – бәрі бұдан теріс айналды. Сөйтіп, отыз алты жасында қанішер әке атанды.

Терең ойдың шырмауына түскен оны манадан бері ұйқыны соғып жатқан үшеу­дің шеттегісі алдымен бай­қап, жолдастарын түртіп оятты­. Басын кө­теріп, бірнеше минут үнсіз тұр­ған үшеудің ірі денелі келген­ бұжыр қарасы жуан даусы­мен гүрілдей тіл қатты:

– Қандай қылмыспен түстің?

Төлеп көзін темір тордан алмаған күйі қарап тұра берді. Бұжыр қара тағы да сұрақтар қойды. Жауап ала алмағанына ашуланды:

– Өзіңде тіл бар ма, әлде мылқаусың ба?

Ол мелшиген күйі дыбыс шығармай тұра берді. Оған енді бәрібір еді. Тұмсық ас­тынан тиген жұдырық мұр­нын бұза жаздады. Ашуға булыққан әлгі Төлепті ұрып, сұлатып салды.

– Қойшы, Боташ! Қайдағы біреуге күшіңді құртып қайте­сің? Сөйлемесе, қойсын. Ертең өзі-ақ бұлбұлдай сайрайтын болады. Оған бүгінге осы да жетеді, – деді даусы шіңкілдек біреуі.

Төлеп орнынан тұрмастан, цемент еден үстінде ұзақ жатты. Қараңғылық түсіп, түрме ішінде әлсіз жарық жағылды. Ол жанарымен жан-жағын барлай­ қарады да, қайта жантайды. Әртүрлі жағдайлар көз алдына елестеп, мазасы қашты. Айдос пен Қайыржан жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан тіл алғыш, елгезек, кішіпейіл бала еді ғой. Қылмыскер әке көпке дейін ұйықтай алмады. Цемент еденнің салқын сызы денесінен өтіп бара жатыр­. Тым болмаса, төсек те жоқ. Қарны шұрылдап, әйелі­нің дәмді тамағын аңсап кетті. Қос құлынын ойламай, құл­қы­нын ойлап жатқанын қарашы! Көршілері мана өзек жалғап алған. Ұйықтап жатыр. Бұжыр бет камераны басына көтеріп, қорылға басты. Қанша жат­қаны есінде жоқ, сағаты мен сырт киімдерін алдында күзет­ші шешіп алып қалған. Түрлі ойдың  құшағында  бұл да ұйықтап кетті. Қандай қылмыс жасағ­анын қасындағылар біліп қойыпты.

– Қанішер! Жауыз! Өз балаларын өлтірген баскесер!…

Мұндай сөздерге еті үйренгені сонша, селт етпейтін болды. Жазасын өтеп жүрген үшеу бірігіп мал ұрлығымен айна­лысқан.

– Байқаңдар, жігіттер! Балаларын аямаған қанішер бей­қам жатқанымызда шетімізден жайратып тастап жүрмесін, – деді Мәулен есімді ұзын­тұрасы.

– Кім біледі, жаман айтпай, жақсы жоқ, мұндай жауыздардан сақтанып жүрген дұрыс.

Төлеп бұл камерада ұзақ отыр­ған жоқ. Өзі сияқты қылмыскерлердің қасына ауыстырылды.  Бәрі – шетінен арлан қасқырдай ызақор, сөз көтермейтін шытырлар. Төлептің азапты күндері енді басталды. Сыз иісі мүңкіген лас бөлме, болар-болмас төсеніш, ішер тамағы – суға бұқтырылған  қара көже, бір тілім нан және бір кесе қара шай. Оны да тала­сып-тармасып ішеді. Күні бойы істейтін жұмыстары да ауыр. Кешке дейін шаршап, діңкесі құриды. Өз басына өзі бейнет тілеп алды. Қос ұлы­ның:

– Әке, әкетай! Өлтірмеші бізді! Біздің не жазығымыз бар? – деген жалынышты үніне тоқтамай аласұрған.

Сол бір қасіретті оқиға көз алдынан кетер емес. Есін жиған­да білгені, ұлдарын балталап тастапты. Қып-қызыл қан үй ішін жуып кеткен. Төлептің де үсті-басы малын­ған қан. Қызы Айдана мен әйелі Гүлжайна талып қалыпты. Аздан соң есін жиған қа­ралы жандардың шуы үй ішін азан-қазан етті. Көршілері болға­н оқиғаны полицияға хабарла­са керек. Тәртіп сақшылары  машинамен  тез жетіп, қылмыскердің қолына кісен салып әкетті.

…Байғұс әйелі базарда жеміс-жидек сатады. Қайбір жетіскеннен жүр дейсің. Қара қазан, сары бала қамы ғой. Күндегі әдетінше базардан оралған Гүлжайна өмірі болмаған оқиғаның үстінен түсті. Күйеуі аулада Қайыржанды қайың ағашпен шың­ғырта сабап жүр. Айдос пен Мағжан оларды ажырата алмай әлек. Айдана ағасын аяп, бар даусымен айғай салып жылап, алдынан жүгіріп шықты.

– Төлеп, саған не болған? Жаным-ау, бір ашуыңды берші маған! – деп жалынып еді, күйеуі керзі етігінің табанымен қақ басынан теуіп кеп жіберді.

Әйелдің миы шыр көбелек айналып, жерге құлап түсті. Араша түскен балаларын да соққыға жығып, жемтігіне ұмтылған аш қасқырдай бет-аузы, үсті-басының сау жері қалмаған Қайыржанға қайта ұмтылды. Алысып-жұлысып жүріп, тұңғыш рет әкесіне қол көтерді. Иегінің астынан қойып кеп қалды. Әкесі орнынан қарғып тұрып, сарайдан отын шабатын балтаны алып келді. Екі қолымен темір сапты балтаны көтере ұстап, ұлына қарай ұмтылды. Істің насырға шауып бара жатқанын байқаған бауырлары ағасын ажал тыр­нағынан алып қалмақшы бол­ғанымен, кеш еді… Жауыз әке Қайыржанды белінен, кеуде тұсын балталай берді. Ағасына көмектесуге ұмтылған Айдосты да әкесі екі-үш бөлікке бөліп тастады. Айғай-шуды естіген көршілер әбігерге түсті. Бірі полицияны, бірі жедел жәр­демді шақырды. Бірақ ағалы-інілі екеуді ешкім де құтқара алмады.

Сот процесі ұзаққа созылды. Төлептің туыстары ат ізін салған жоқ. Тексеру барысында­ оның көптеген қылмысы әшке­ре­ болды. Ол жасырын түрде есірткі тұтынып келген екен. Сот қатал үкім шығарып, айып­талушыны жиырма жылға дейін бас бостандығынан айырды.­ Зулаған уақытта тоқтау бар ма? Жиырма жылдың он бесін де артқа тастады. Осы жылдар ішінде отбасынан ешкім халін сұрап, бір рет те соққан емес. Қанішер әке, жауыз­ күйеу кімге керек? От­ба­сын сағынып, шыдай ал­май­, үйіне кешірім сұрап өзі хат жазды. Күн жексенбі бола­тын. Гүлжайна пештің түбін­де жүн түтіп, жіп иіріп отыр­ған. Есік ашылып, ішке пош­ташы келіншек кірді. Жүрегі дүрсілдей соғып, хатты қолына ала бергенде, Мағжан орнынан тез көтеріліп, шешесі­нің қолындағы хатты жұлып алып, ортасынан қақ бөлді.

– Балам-ау, мұның не? Әкең  амандығын  білдіріп, хат жолдаған болар, – дей бер­генде, балалары қарсылық танытт­ы.

– Мама, қашанғы айтамыз, біздің енді әкеміз жоқ. Оны ұмыт! Қаны бұзылып келген адамның тағы біреуімізді құр­бандыққа шалмасына кім кепіл?! – десті.

Анасы балаларын қанша жерден әкелеріне тартпақ болғ­анымен, көндіре алмады. Ал Төлеп болса, отбасын сағыны­п, сарыла хат-хабар күтті. Түрмеде де көрмеген қорлығы қалмаған. Мерзімін толық өтеп шыққан күнде де оның барар жері, басар тауы жоқ. Сол күн де жетті, міне. Пойыздардың біріне ойланбастан отыра салды. Елге баруға­ дәті шыдамады. «Кө­рер жарығым болса, мұнда қалмаспын», – деп жұбатты өзін. Пойыз орнынан қозғала­ бастады. Артында қысы суық, жазы желді жиырма жылы өткен қала қалып барады. Қайда бара жатқанын, кімді паналайтынын өзі де біл­мейді. «Қош, туған ел, кешіріңдер мені, құлындарым!», – деп ауыр күрсінді Төлеп.

ҚАЛДЫҚЫЗ

«Халық» газеті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: