Ақтөбеде белгілі кәсіпкерді өз үйінде атып өлтірді. Қаза тапқан 49 жастағы Айболат Жисов – қаладағы жанармай құю бекеттері желісінің басшысы, деп хабарлайды ktk.kz сайты.
Қылмыс кеше таңертең қаланың элиталық шағын аудандарының бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз адам үйге басып кіріп, кәсіпкерді атып өлтірген. Кейін ақша, бағалы заттар мен автокөлікті алып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Қанды оқиға қаланың жабық әрі күзеті күшейтілген аудандарының бірінде болған. Марқұмның үйі биік қоршаумен қоршалған. Аумақта бейнебақылау камералары да бар. Соған қарамастан, қылмыскердің үйге қалай кіргені және оқиғаның қалай өрбігені әзірге белгісіз. Көршілері таңертең атыс дауысын естігенін айтады.
Әлеуметтік желіде күдіктінің қылмыстан кейін кәсіпкердің көлігіне мініп, ізін суытқаны туралы ақпарат тарады. Кейін автокөлік Ресейге қарай бағытталған Богослов тасжолынан табылған деген болжам бар. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні іздеп жатыр.
Ақтөбе облысы полиция департаменті:
— Атыс қаруынан жарақат алған ер адамның мәйітінің табылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдіктіні анықтау және ұстауға бағытталған тергеу және жедел іздестіру іс-шарасы жүргізілуде.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!