Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Интернет алаяқтық асқынып тұр

25.04.2024, 9:35 76

HALYQLINE.KZ

Бүгінде әлеуметтік желіде интернет алаяқтарының дәурені жүріп тұр. Өзгенің затын заңсыз иеленіп, оңай олжаны қалтасына басқысы келетін адамдардың саны күн өткен сайын артуда. Мәселен, жыл басынан бері облыста 182 алаяқтық қылмыс тіркелсе, оның 52-сі интернет алаяқтық қылмысына жатады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Баймағанов интернет алаяқтарының алдын алу шаралары туралы ақпаратымен бөлісті.

– Қазіргі таңда интернет желісі арқылы жасалған қылмыстарды болдырмау, оларды ашу бағытында Қызылорда қалалық полиция басқармасында тұрақты «CyberPol» жедел тергеу тобымен жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Алаяқтықты жасаудың негізгі және басты себептері азаматтардың сенгіштігі болып отыр. Осындай қылмыстарды ашу және тергеуде біршама қиындықтар бар. Өйткені, қылмыскер үшінші адамға тіркелген әртүрлі банк картаны, сондай-ақ әртүрлі абоненттік нөмірді, ақша қаражаттарын шешіп алу үшін жалған адамдарды пайдаланады. Аталған қылмысты ашу үшін заң жүзінде алынған деректерді мұқият талдау қажет және бұл нақты ұзақ уақытты талап етеді.

Бүгінде интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмыстарының алдын алу, болдырмау бағытында біршама іс-шара атқарылуда. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыстың тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы, қандай сақтық шараларын сақтау керектігі де түсіндіріліп жатыр. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін тұрғындар сақтық шаралары ретінде жеке деректерін қатаң сақтауы керек. Оған қоса өзіне тиесілі пластикалық карталардың мәліметтерін, смс кодтар мен құпия сөздерді ешкімге айтпауға және белгісіз әрі тексерілмеген сайттарға төлем жасамауларын сұраймын. Сонымен қатар, ұялы телефон мен компьютерге TeamViewer, AnyDesk және RustDesk деп аталатын арнайы бағдарламаларды орнатпауға шақырамын, – деді полиция подполковнигі Мақсат Баймағанов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: