Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бойы – бұлғаң, сөзі – жылмаң…

24.11.2021, 12:30 1335

HALYQLINE.KZ

Қазіргі күні еңбексіз әдемі ғұмырды аңсайтындар көбейді. Содан кейін «баспаналы боласың» немесе «несие алып беремін» деген лозунгтарын жалаулатқандарға тап болып, артынша сорлап қалады. Осы көлгірситіндер біздің өңірде де тыйылар емес. Қызылорда ҚПБ бастығының жедел қызмет жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі Ғалымжан Өмірзақовтың мәліметінше, жыл басынан бері 493 алаяқтық қылмысы тіркелген екен. Оның 181 дерегі ашылыпты. Сонда 312 қылмыс істегендер жазаланбай тұрғаны ғой. Қылмыс бар, жаза жоқ. Сондай-ақ, интернет-алаяқтар да аймағымызда жеткілікті. Азаматтардың немқұрайды қарауы, қылмыстық жауаптылықтың ізгіленуі алаяқтық қылмысының өсім алуына әкелген. Жүрісі сұйық жандардың айласының бірсыпырасымен полиция подполковнигі бөлісті.

Қазіргі уақытта ең көп тіркелген алаяқтық қылмыстардың қатарында әлеуметтік желі арқылы көп пайда табу, ақшаны еселеп беру немесе азаматтардың сыртынан онлайн несие алу, «Колеса», инстаграм, ОЛХ жатады. Мысалы, «Қазпочта» сайты арқылы сіздің ұялы телефон құрылғыңызға сілтеме жіберу арқылы банк карта мәліметтерін толтыруды сұрайды, картаның алдыңғы жағындағы 16 саны туралы және соңғы жағындағы CVV құпия 3 саны туралы мәліметтерін толтыртып ақша шешіп алады, бұндай алаяқтар ОЛХ желісінде хабарлама шығарған адамдардың затын «Қазпочта» арқылы курьер алып кетеді деп сендіреді, – дейді Ғалымжан Берлібекұлы.

«Бойы – бұлғаң, сөзі – жылмаң» алаяқтар банк қызметкерімін деп қаншама халықтың қалтасына қол салып жүр. Олардың сөздерінің жылтырап тұрғанын қарапайым халық та байқамай қалады. «Кемпір беріп, қыз аласың» дейтін қаптаған компаниялар да бар. Бейресми ақпараттарға сүйенсек, өңірде демалып жүріп, ақша табуды үйрететін компаниялар көсіліп жүр. Олардың аяқтарына әзірге тұсау салынбай тұр. Тұтас отбасымен кіріп, қарыздың теңізінде сүңгіп жүрсе де, жаңылысқандарын аңғармай отырғандары таң қалдырады. Соншалықты Сырдың «мошенниктерінің» жұмыртқадан жүн қырыққан  асқан қабілетінің теріс бағытта жүргені өкінішті. Сондай-ақ, бұл қылмыспен айналысатындардың басым бөлігі нәзік жандылар екен.

Қылмыстық істерге талдау жүргізу барысында, несие беріп отырған мекемелердің барлығы Алматы қаласында орналасқан «Кредит24», «Онлайн Финанс», «Займер», «Выгодный кредит» тағы сол сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері екені анықталған. Басқарма тарапынан аталған серіктестіктер арқылы несие рәсімдеу барысында біршама кемшіліктерге жол беретіні анықталып, оны жою бағытында және серіктестіктердің қызметіне уақытша шектеу қоюға Алматы қаласының Әділет Департаментіне, тиісінше серіктестіктердің басшыларына қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабының талабына сай ұсыныс жолданған. Күмәнді мән-жайларға тап болған жағдайда, күмәнді тұлғалармен байланысқа түспей, дереу полиция қызметкерлеріне жүгінуге шақырамыз, – деді полиция подполковнигі.

Адамның іші-бауырына кіріп, артынша сан соқтырып кеткендердің жегені желім болары күмәнсіз. Дегенмен, «тегін ірімшік қақпанда ғана болатынын» ұққан жөн. Барлық байлық та, бақыт та еңбекпен келеді. Иә, елімізде жалақы көңіл көншітпейді. Бірақ адал еңбек абыройға бөлейтіні даусыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: