Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алаяқтардың суреті қоғамдық орындарға ілінеді

11.05.2021, 12:30 972

«Біздің кез қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман еді. Қазір жыбырлағанның бәріне сенуден қалдық. Қысыр әңгімеге қиқу салып, үрке қарау болмап еді». Жер үстінде, ел арасында жүргенде бұрынғының адамдарынан бұл сөзді әсте естіген боларсыз. Заман тозып, адам азғанын олар да көріп жүр. Расымен, алаяқтардың айдарынан жел ескен заман келді. Бұлай дейтініміз, пандемия басталғалы бері күрт өскен алаяқтарды тұсау мүмкін болмай кетті. Қадам басқан сайын қалтаңды көздегендер кезігіп отырады. Алдап-арбап бай болсам, кедейдің кең балақтылығын кәдеге асырсам деп жүргендер көп. Оның үстіне ұялы телефондағы түрлі қосымшалар оларға «қару» болған. Қызылорда қаласының полицейлері де алаяқтық қылмысының көбейіп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Оларды тұсап ұстап, аяғынан шалу мүмкін болмай тұр. Осы тұрғыда, қаладағы қылмыстық ахуал қандай, алаяқтықпен күресу жұмыстары қалай жүріп жатыр деген сұрақтарға қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте жауап алдық.

Жауапты мамандардың айтуынша, қала аумағында қылмыстық ахуал тұрақты. Ағымдағы жылдың 4 айында қала тыныштығын сақтау үшін бірқатар жұмыс атқарылған. Ол өзінің жемісін де беріп жатыр. Полиция басқармасында тіркелген қылмыстар 12,4 пайызға төмендеген екен. Десе де, өткен жылмен салыстырғанда алаяқтық қылмысы 71,4 пайызға көбейген. Дәлірек, жыл басынан бері 329 алаяқтық қылмыс дерегі тіркелген. Соның небәрі 89 дерегі ғана ашылған. Алаяқтықпен күресу үшін жыл басынан бері жұмысын бастаған Полиция басқармасының ішінен құрылған арнайы топ шарасыздық танытуда. Десе де, погондылар оны мойындамайды. Олардың пікірінше, арнайы топ ашылғалы қылмысты ашу дерегі кішкене болса да көбейді.

– Қала көлеміндегі қалыптасқан қылмыстық ахуал тұрақты. Дегенмен, алаяқтық қылмысы азаймай тұр. Күрт өсім алған қылмыстың құрығына қайта-қайта ілігіп жатқандар да бар. Дәлірек айтсақ, әлеуметтік желі арқылы жасалған алаяқтық 77-ден 220-ға дейін өсім алған. Бұл – 185,7 пайызға жоғарылаған деген сөз. Өткен жылмен салыстырғанда ауыр санаттағы алаяқтық қылмысының ашылуы 75 пайызға жоғарылады. Бұл қылмыстың өсім алуының басты себебі – халықтың құқықтық сауатсыздығы, – деді Қызылорда ҚПБ бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Сәкен Абибуллаұлы.

Полиция өкілінің айтуынша, алаяқтардың арбауына түскен полицейлер де кездеседі. Бұл сөзге назар аударсақ, алаяқтармен күресу үшін құқықтық сауат аздық ететінін аңғаруға болады. Жалпы, қазіргі таңда адам алдап байлыққа кенелемін дегенді заң кешірмейді. Бірнеше рет жасалған алаяқтық қылмысы орта санаттан ауыр санатқа алмасып, бас бостандығынан айыру жазасын қолдануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, полицейлер тарапынан қылмыспен күресу үшін әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы алаяқтықтан сақтанудың жолдары үнемі көрсетіліп отыр. Сонымен қатар, қылмысқа сараптама жасау барысында өзге қалада орналасқан онлайн несие алу мекемелері арқылы қылмыстың біраз бөлігі тіркелетіні анықталған. Сол себепті де Алматы қаласының Әділет Департаментіне «Кредит24», «Онлайн Финанс», «Выгодный кредит» және т.б. онлайн несие беру мекемелерінің қызметіне уақытша шектеу қою туралы ұсыныс жіберілген. Себебі, бұл мекемелер алаяқтардың «алтын қармағына» айналған. Көрсетілген мекемелер арқылы несие рәсімдеу үшін адамның өзі керек емес. Тек ол туралы кейбір ақпаратты білсеңіз болды. Бұл кемшіліктерді орнына келтірмей қылмыс деңгейі төмендемейді.

Алдағы уақытта алаяқтықпен істі болып, соттан өткен тұлғалардың суреттерін базарлар мен қоғамдық көлік ішіне ілу жоспарлануда екен. Бұл арқылы қала халқы жанында жүрген алаяқтардың жүзімен таныс бола алады. Одан бөлек, жоғарыда айтқандай бірнеше ай бұрын алаяқтық қылмысымен күресу үшін арнайы топ ашылған еді. Дегенмен, бұл топтың аяғы ақсап тұрғандай. Полиция өкілдерінің айтуынша, қылмысты ашу деңгейі сәл де болса өскен. Десе де, бұл қылмыстың тіркелу деңгейі тым жоғары болғандығына байланысты екенін назарға алу керек. Қылмыс жылдан-жылға түрленіп, өсіп келеді. Бұл жағдайда біз арнайы топтың алақандай жетістіктеріне қуанып отыра алмаймыз. Алаяқтар бірнеше жылда қала халқының тең жартысын тонап кететін түрі бар. Сол үшін жұмысты жетілдіру қажет.

Алдағы уақытта бұл қылмыспен күресу күшейтілмесе, алаяқтардың «ажал оғына» іліккендер саны азаймайды. Әлеуметтік желіде кезіккеннің сөзіне еріп, құжаттарыңызды жария етсеңіз, сіздің де алаяқтарға құрбан болуыңыз бек мүмкін. Себебі, әлеуметтік желі арқылы жасалған қылмысты ашу өте қиын. Өткен жылмен салыстырғанда бұл қылмысты ашу дерегі 25 пайызға азайғаны сөзімізге дәлел. Заң күшейген сайын алаяқтардың арқасы мұздайтыны белгілі. Сол үшін қала тұрғындарынан алаяқтардан сақтануды, ал жауапты мамандардан жұмысты жүйелеуді сұраймыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: