XXI ғасыр – технологиялық серпілістер мен цифрлық трансформация ғасыры. Жасанды интеллект, өндірісті автоматтандыру, жаңа материалдар, биоинженерия, жасыл энергетика және цифрлық өндіріс әлемдік экономиканың даму қарқынын айқындап отыр. Мұндай жағдайда инженерлік ғылым тек техникалық шешімдер әзірлейтін сала ғана емес, мемлекеттің ғылыми-технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық күшке айналды.
Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Егемендіктің алғашқы жылдарында құрылған академия отандық инженерлік ойдың, ғылыми мектептердің және өндірістік инновациялардың дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы уақыт ішінде академия еліміздің индустриялық-инновациялық саясатының ғылыми тірегіне айналып, инженер кадрларды даярлау, ғылым мен өндірісті жақындастыру, технологиялық жаңғырту бағытындағы көптеген бастаманың ұйытқысы болды. Академияның мерейтойына арналған ғылыми іс-шаралар еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылып, инженерлік ғылымның экономиканы әртараптандырудағы рөлі тағы бір мәрте айқындалды.
Бұл игі жұмыстардан Сыр өңірі де шет қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының Қызылорда облыстық филиалы өңірдің ғылыми-инновациялық әлеуетін дамытуда ерекше орын алады. Филиал бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында жұмыс істеп, аймақтың инженерлік ғылымын дамытуға, өндіріс орындарымен ғылыми байланысты нығайтуға және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
Филиалдың қалыптасуы мен дамуына техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Қылышбай Бисеновтің сіңірген еңбегі ерекше. Оның жетекшілігі кезеңінде инженерлік ғылымды өңірдің нақты өндірістік мәселелерімен ұштастыруға бағытталған маңызды бастамалар қолға алынды. Университет ғалымдарының ғылыми әлеуетін біріктіру, инженерлік кадрлардың ғылыми белсенділігін арттыру, халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту және өндіріспен әріптестікті күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Профессор Қылышбай Алдабергенұлы қалыптастырған ғылыми мектеп бүгінде өз жалғасын тауып, жаңа буын зерттеушілердің қалыптасуына берік негіз болды.
Қазіргі уақытта филиалды химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов басқарып келеді. Жаңа кезеңде филиал қызметінің негізгі бағыты инженерлік ғылымды заманауи технологиялық трансформация талаптарына бейімдеу, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту болып отыр.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының Қызылорда облыстық филиалының қызметі өңірлік ғылымды халықаралық деңгейге көтерумен қатар, ғылыми нәтижелерді нақты өндіріске енгізуге бағытталған жұмыстарымен ерекшеленіп келеді. Филиалдың ең ірі жетістіктерінің бірі – мұнай өндірісінің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған «Мұнай қалдықтарын инновациялық әдіспен өңдеу» коммерцияландыру жобасының өндірісте табысты жүзеге асырылуы. Біздің ғалымдар ұсынған технология Құмкөл кен орнында өндіріске енгізіліп, мұнай шламынан қайтадан пайдалы көмірсутек шикізатын алу арқылы өндірістік қалдықтардың көлемін азайтуға мүмкіндік берді. Бұл жоба ғылыми зерттеудің нақты өндіріске енгізілген жарқын үлгісі ғана емес, өңірдегі инженерлік ғылымның экономикалық тиімділігін дәлелдеген табысты коммерцияландыру тәжірибесіне айналды.
Ғалымдардың коммерцияландыру бағытындағы табыстары мұнымен шектелмейді. Соңғы жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ғылым нәтижелерін нарыққа шығару бойынша жаңа кезең басталды. Соның жарқын дәлелі «Марал мүйізінен және жантақ сығындысынан биологиялық белсенді қоспалардың инновациялық өндірісін ұйымдастыру» жобасының «Ғылым қоры» АҚ ұйымдастырған ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру конкурсында жеңіске жетуі болды. Жобаға 350 миллион теңге көлемінде гранттық қаржыландыру бөлініп, оны өндірістік деңгейде іске асыру қолға алынды. Жобаның негізгі мақсаты – марал мүйізі мен жантақтың биологиялық белсенді компоненттерін ғылыми тұрғыдан негіздеп, олардың негізінде импортты алмастыратын жоғары қосылған құны бар отандық биологиялық белсенді өнімдер өндіру. Өндірістік жоба Шығыс Қазақстан облысындағы индустриялық серіктес базасында жүзеге асырылып, ғылым мен бизнестің тиімді ықпалдастығының нақты үлгісіне айналуда.
Қазіргі уақытта филиал халықаралық ғылыми кеңістіктегі ауқымды зерттеулердің белсенді қатысушысына айналып отыр. Соның бірі – Еуропалық Одақтың Horizon Europe бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан AQUADETECT халықаралық жобасы. Германия, Италия, Португалия, Түркия, Украина, Марокко, Әзербайжан және Қазақстан ғалымдарын біріктірген бұл жоба су сапасын жоғары дәлдікпен анықтайтын жаңа буындағы интеллектуалды фотондық технологияларды әзірлеуге бағытталған. Сонымен нейродегенеративті ауруларға қарсы жаңа буындағы биоактивті қосылыстарды синтездеуге арналған Альцгеймер және Паркинсон ауруларын емдеуге арналған инновациялық препараттарды әзірлеу бағыты бойынша Horizon 2020 бағдарламасы шеңберіндегі халықаралық консорциум жұмысына қатысып, медициналық химия саласындағы зерттеулерді дамытуға үлес қосуда.
Өңір үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір бағыт – экологиялық инженерия. Бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру аясында орындалған сарқынды суларды күріш қауызынан алынған белсендірілген көмір негізіндегі сорбенттер арқылы тазалау технологиясын әзірлеу жобасы агроөнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу мен су ресурстарын тиімді пайдалануды ұштастырған бірегей ғылыми шешім ретінде бағалануда. Бұл зерттеу күріш өндірісінің қалдықтарын жоғары қосылған құны бар өнімге айналдырып қана қоймай, су тазарту жүйелеріне экологиялық таза әрі экономикалық тиімді технология енгізуге мүмкіндік береді.
Қызылорда филиалының ғылыми әлеуеті жеке зерттеушілердің жетістіктерімен де айқындалады. Соңғы жылдары ғалымдарымыз мемлекеттік гранттық қаржыландыру жобаларын табысты жүзеге асырып келеді. «Жаңа 7-азакумарин платформасы негізіндегі ісікке қарсы құралдардың молекулалық дизайны» тақырыбындағы жоба орындалуда. Бұл зерттеу қатерлі ісікке қарсы жаңа тиімді дәрілік молекулаларды әзірлеуге бағытталған.
«Күріш қауызынан алынатын өсімдік майы май қышқылдарының моно- және диглицеридтерін фармакофорлы фрагменттермен модификациялау – ісікке қарсы қосылыстарды жасау» жобасы жүзеге асырылуда, өңірдің ауыл шаруашылығы қалдықтарын жоғары технологиялық фармацевтикалық өнім алуға пайдаланудың ғылыми негіздерін қалыптастыруда.
«Биоремедиация стратегиясын таңдау үшін Арал өңірінің мұнаймен ластанған топырақтары микроорганизмдерінің таксономиялық әртүрлілігін және биотехнологиялық әлеуетін зерттеу» тақырыбындағы жоба іске асырылуда. Жоба экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және мұнаймен ластанған аумақтарды биологиялық жолмен қалпына келтірудің тиімді әдістерін әзірлеуге бағытталған.
Сонымен бірге жас ғалымдарымыздың жетекшілігімен «Ісікке қарсы перспективті агенттер – жаңа 1-сульфонилпирролидиндерді құру стратегиясы» және «Биомедициналық қолдану үшін циклдік амидин жүйелерінің және олардың табиғи қышқылдары бар конъюгаттарының дизайны, синтезі және химиялық трансформациясы» тақырыптарындағы орындалып жатқан гранттық жобалар дәрілік заттар химиясы, инженерлік химия, функционалды материалдар, экологиялық технологиялар және өндірістік қалдықтарды кешенді қайта өңдеу бағыттарын қамтып, өңірдің ғылыми-инновациялық әлеуетін одан әрі нығайтуға қызмет етуде. Бұл жобалар жас зерттеушілердің халықаралық деңгейдегі ғылыми ортаға бейімделіп, ғылым мен өндіріс сабақтастығын қамтамасыз ететін жаңа буын инженерлерінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде инженерлік және қолданбалы ғылымдар саласында халықаралық жобалардың ауқымы кеңейіп келеді. Университет әлемнің көптеген жетекші жоғары оқу орындарымен ғылыми байланыс орнатқан. Соның ішінде Оңтүстік Кореяның Seoul National University of Science and Technology университетімен инженерлік білім беру, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және инновациялық зертханалар құру бағытында бірлескен жобалар іске асырылуда. Бұл жобалар өңірдегі инженерлік білімнің халықаралық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар университет халықаралық инженерлік жарыстар мен ғылыми форумдарды тұрақты өткізіп келеді. Соңғы жылдары ұйымдастырылған халықаралық инженерлік байқаулар студенттердің инженерлік ойлауын дамытуға, ғылыми жобаларды қолдауға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін берді.
Қызылорда филиалы қызметінің маңызды бағыттарының бірі – жас ғалымдарды қолдау. Бүгінде филиал жанынан қалыптасқан ғылыми ортада жас зерттеушілер гранттық қаржыландыру жобаларын орындап, халықаралық рейтингтік журналдарда мақалалар жариялап, өндірістік мәселелерді шешуге бағытталған инновациялық зерттеулер жүргізуде. Су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық қауіпсіздік, химиялық технологиялар, мұнай-газ инженериясы, құрылыс материалдары, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бағытындағы зерттеулер өңірдің орнықты дамуына қызмет етуде.
Қазіргі заман ғылымының басты өлшемдерінің бірі – зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру. Бұл бағытта да филиал ғалымдары университеттің ғылыми-инновациялық құрылымдарымен бірлесе отырып жұмыс жүргізуде. Ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, кәсіпкерлік құрылымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру, патенттік белсенділікті арттыру және инновациялық өнімдерді нарыққа шығару бағытындағы жұмыстар ғылыми нәтижелердің нақты экономикалық тиімділікке айналуына ықпал етуде. Ғылымның құндылығы жарияланған мақалалар санымен ғана емес, оның өндірістегі нақты нәтижесімен өлшенетін кезеңде мұндай жұмыстардың маңызы арта түсуде.
Технологиялық трансформация дәуірінде инженер тек жаңа техника жасаушы ғана емес, ол – ұлттық қауіпсіздікті, экологиялық тұрақтылықты, экономикалық өсімді және қоғамның өмір сүру сапасын қамтамасыз ететін негізгі мамандықтардың бірі. Сондықтан инженерлік ғылымды дамыту – болашаққа салынған инвестиция.
Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының 35 жылдық мерейтойы – өткен жетістіктерді қорытындылайтын ғана емес, жаңа белестерді айқындайтын маңызды кезең. Осы орайда академияның Қызылорда облыстық филиалы өңірлік ғылымды дамытудағы өз миссиясын табысты атқарып келеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті базасында қалыптасқан ғылыми-инженерлік орта, тәжірибелі ғалымдардың сабақтастығы, жас зерттеушілердің белсенділігі және халықаралық әріптестіктің кеңеюі Сыр өңірінің инженерлік ғылымының жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.
Ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығы күшейген сайын инженерлік ғылымның қоғамдағы рөлі де арта береді. Ал мұндай үдерістің алдыңғы қатарында Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы мен оның өңірлік филиалдарының орны ерекше екені сөзсіз.
Рақымжан ТҰРМАНОВ,
PhD, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі
Көрнекі фото: ЖИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!