Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолдағы ЖИ сегіз сағаттан артық көлік айдағандарды анықтайды

22.09.2026, 11:20 42

Қазақстанда жол қауіпсіздігін бақылауға жасанды интеллект кеңінен енгізіліп жатыр. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында жаңа жүйелердің көмегімен жол-көлік оқиғалары мен адам өлімі азайғанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қабылданған шаралардан кейін жол апаттарының саны 5 пайызға, қаза тапқандар 15 пайызға, жарақат алғандар 6 пайызға төмендеген.

Қазір полицияның салалық сервистері «ТОР» платформасына біріктірілген. Жасанды интеллект көліктердің қозғалысын бақылап, рөлде сегіз сағаттан артық отырған жүргізушілерді және ұрланған автокөліктерді анықтайды.

— «Қорғау» жүйесі арқылы іздеуде жүрген, жалған нөмір таққан көліктерді және өрескел құқық бұзушыларды анықтаймыз. Жол ережесін автоматты тіркейтін жүйелер санын 28 мыңнан 32 мыңға дейін жеткіздік,— деді Ержан Сәденов.

Республикалық трассаларда жүргізушінің бір камераның алдындағы жылдамдығы ғана емес, белгілі бір жол бөлігін қанша уақытта жүріп өткені де есептеледі. Орташа жылдамдықты бақылау енгізілген учаскелерде жол апаты 10 пайызға, адам өлімі 33 пайызға, жарақат алғандар саны 12 пайызға азайған.

Қазір мұндай жүйе жалпы ұзындығы 2 800 шақырым болатын 12 жол учаскесінде жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 16 учаске қосылып, қосымша 2 800 шақырым жол қамтылмақ.

Нәтижесінде Қазақстанда орташа жылдамдықты бақылайтын жүйе 28 учаскеге орнатылып, жалпы 5 600 шақырым республикалық жолды қамтиды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: