Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оң рульді көліктер таксиге жіберілмейді

22.09.2026, 12:00 49

Қазақстанда такси агрегаторларына қойылатын талап күшейіп жатыр. Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 70 мың оң рульді көліктің тізімі агрегаторларға берілгенін мәлімдеді. Бұл көліктерді такси қызметінде пайдалануға жол бермеу көзделіп отыр.

Министрдің айтуынша, 2025 жылдан бері агрегаторлармен цифрлық ақпарат алмасу жолға қойылған. Енді жүргізушінің куәлігі де автоматты түрде тексеріледі. Құжаты жоқ адам такси жүргізушісі ретінде жұмыс істей алмайды.

Такси жүргізушілерінің рейс алдында медициналық тексеруден өтуі мен көліктің техникалық жағдайын бақылау да күшеймек. ІІМ бұл бағытта Көлік министрлігі және агрегаторлармен бірге нақты тетік әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұған дейін Үкімет деңгейінде такси жүргізушілерінің медициналық және техникалық бақылаудан тыс қалуы жол қауіпсіздігіне тәуекел туғызатыны айтылған. 

Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге қатысты тағы бір жаңалық бар. ІІМ халықаралық тәжірибеге сүйеніп, «баллдық» жүйе енгізуді пысықтап жатыр.

— Қазіргі уақытта айыппұлды елемейтін өрескел құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында баллдық жүйені енгізуді қарастырып жатырмыз. Ол әр заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр бұзушылықтар үшін жүргізуші куәлігін бір жылға тоқтату көзделеді,— деді Ержан Сәденов.

Яғни жүргізуші әр құқық бұзушылық үшін белгілі бір балл жинайды. Қайталанған немесе ауыр ереже бұзушылықтар көбейген жағдайда оның көлік жүргізу құқығын уақытша тоқтату қарастырылады.

ІІМ бұған дейін де жол апаттарының басым бөлігі жүргізушілердің тәртібіне байланысты екенін айтып, бақылауды автоматтандыру мен цифрлық жүйелерді кеңейтуді ұсынған. 

Жаңа талаптар қабылданса, такси нарығында жүргізушінің құжаты, көліктің техникалық жағдайы және жолдағы тәртібі цифрлық жүйе арқылы тұрақты тексерілетін болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: