Қазақстанда жол қауіпсіздігін күшейту үшін цифрлық жүйелер кеңінен қолданылып жатыр. Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жаңа технологиялардың нәтижесін таныстырды.
Ең қызық көрсеткіштердің бірі – «Ақылды жаяу жүргінші» жүйесіне қатысты. Қазір өңірлерде жаяу жүргіншіге жол бермеген көліктерді автоматты түрде тіркейтін 126 құрылғы жұмыс істейді. Министрлік мәліметінше, осы жүйе орнатылған учаскелерде жаяу жүргіншіні қағып кету фактілері тіркелмеген.
Жолдағы бақылаудың тағы бір бөлігі «ТОР» платформасына біріктірілген. Жасанды интеллект көлік қозғалысын бақылап, рөлде сегіз сағаттан артық отырған жүргізушілерді анықтайды. Сондай-ақ іздеудегі автокөліктерді табуға көмектеседі.
«Қорғау» жүйесі жалған мемлекеттік нөмір таққан, іздеуде жүрген көліктерді және жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілерді анықтауға арналған. Ал ереже бұзушылықтарын автоматты тіркейтін кешендердің саны 28 мыңнан 32 мыңға дейін өскен.
Жол қауіпсіздігіне лазерлік құрылғылар да қосылып жатыр. Қазір түнде және ауа райы нашарлаған кезде қозғалыс бағытын көрсету үшін 22 учаскеге 56 лазерлік жүйе орнатылған.
Жыл соңына дейін тағы 20 учаскеге 48 құрылғы қою жоспарланып отыр.
ІІМ осы цифрлық шешімдер жолдағы қауіпті жағдайларды ертерек анықтап, жүргізушілердің тәртібін автоматты бақылауға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. «Ақылды жаяу жүргінші» жобасын бұған дейін де кеңейту жоспарланғаны ресми түрде айтылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!