Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көлік саласына ЖИ жедел енгізіледі

24.08.2026, 11:10 40

Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің көлік саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Көлік министрлігінің Ахуалдық орталығында Үкімет басшысына автожол, теміржол және авиация салаларында енгізіліп жатқан ұлттық бейнебақылау жүйесі, e-Joldar, Smart Cargo, Q-Gate, QazETA, Echelon Alpha, KinetiX және Trip Optimizer секілді цифрлық жобалар таныстырылды.

Ұлттық бейнебақылау жүйесіне жасанды интеллект енгізу арқылы жолдағы заңбұзушылықтарды тіркеумен қатар, тәуекелдерді алдын ала анықтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу көзделген. Ал екі ай бұрын іске қосылған e-Joldar арқылы қазір республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам жол цифрландырылған. Жыл соңына дейін елдегі 185 мың шақырым жол желісін толық қамту жоспарланып отыр.

Smart Cargo платформасы 58 ақпараттық жүйені біріктіріп, халықаралық жүк тасымалын онлайн бақылауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жүктердің шекарадан өту жылдамдығы 30 пайызға артып, тасымалдаушылардың кезекте тұру уақыты 10 есе қысқарған.

Әуежайлардағы Q-Gate терминалдары жолаушыларды бет-әлпет биометриясы мен төлқұжаты арқылы 15-50 секунд ішінде тексереді. Сондай-ақ шетелдік туристерге елге кірерден 72 сағат бұрын электронды рұқсат алуға мүмкіндік беретін QazETA платформасы енгізілуде.

Жасанды интеллект негізіндегі Echelon Alpha транзиттік бағыттарды болжап, маршруттарға сұранысты талдайды. Қазір оның көмегімен 30-ға жуық перспективалы бағыт анықталған. Теміржол саласында KinetiX жүйесі техникалық байқау уақытын 30 пайызға, қолмен өлшеу көлемін 70 пайызға қысқартқан.

Көлік министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда саладағы жалпы өнім көлемі үш есеге өсіп, 14 трлн теңгеден асты. 5 мың шақырым теміржол мен 5 мың шақырым автомобиль жолы жөнделген. Алдағы үш жылда 2,2 мың шақырым жаңа теміржол салу және транзит көлемін 77 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық қызметтер мемлекетін одан әрі құрудың басымдығын айқындады. Үкімет алдында экономиканың барлық салаларына пайдалы жасанды интеллект шешімдерін енгізу қарқынын жеделдету міндеті тұр. Бүгін таныстырылған көлік саласын технологиялық трансформациялау жобаларын қысқа мерзімде бүкіл ел бойынша ауқымды түрде енгізуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр сондай-ақ қауіпсіздікті арттыру, уақытты үнемдеу және шығындарды азайту үшін көлік саласындағы ақпараттық жүйелерді өзара интеграциялауды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: