Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жөлекте болған екен хан базары

27.04.2020, 12:34 641

HALYQLINE.KZ –| Шиелі ауданының орталығынан солтүстік батысқа қарай 34 шақырым қашықтықта Жөлек атты ауыл бар. Бұл ауылды сөз еткенде алдымен осы өлкеде кезінде үлкен бекініс болғанын атап өту қажет. Тоғыз жолдың торабында орналасқан бекіністе Ұлы Жібек жолының бойындағы үлкен базардың бірі орналасқан екен.

«Өткенін білмегеннің бола­ша­ғы бұлыңғыр» деп жатады үлкендер. Халық даналығының осы сөзі тамырын тереңге жайған тарихыңды танып-білгенде ғана бола­шақтың да жарқын болатынын ұғындырып тұрғандай әсер қалдырады. Адам баласы кемел келешекке жету үшін өткенін саралап, бүгінін бағалап отыруы қажет. Жөлек атауы­на қатысты М.Қаратаевтың редак­тор­лы­ғы­мен 1974 жылы басылған Қазақ Совет энциклопедиясының 4-томында: «Жөлек – Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы село. Аудан орталығы Шиелі қыстағы кентінің батысында 32 км, Сырдарияның оң жағасында, Бәйгеқұм темір жол стансасынан 4 км. Халқы – 1,4 мың (1970). Жөлек – Сырдария бойындағы ежелгі қыпшақ ауылы. Дарияны шектей жол өткен­дік­тен, алғаш «Жолиек», кейін «Джолиек», «Джулиек» аталып, ақыры «Жөлек» болды» деп түсінік берілген.

 Қазір Шиелі мен Жаңақорған аудандарының шекарасында тұрған, өткен тарихтан сыр шер­те­тін Сығанақ қаласы бір кез­дері Қыпшақ мемлекетінің үлкен сауда-саттық және сая­си орталығы болды. Дәл осы Сығанақ шаһары арқылы Жібек жолының керуеншілері келіп, Түркістанға, Отырарға, Сай­рам­ға тауарлар жеткізіп, сауда-саттықпен айналысқан. Сонымен қатар Сырдария мен Қаратау аңғарындағы Созақ, Құмкент, Жаңакент секілді қалалар мен қыстақ­тардың да бір жерге шо­ғыр­­ланатын қолайлы орта­лық­тары болған. Сол маңдағы ең үлкен «Хан базары» Жөлекте орналасқаннан кейін бұл аймақты да керуеншілер мен сол кездегі халық арнайы орталық ретінде пайдаланған. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ауыл ақсақалы Әділхан қажы Жөлек базарында кәсіп еткен өзінің бабалары жайлы: «Үлкен атам – Досан ірі саудагер болған кісі екен. Сайлы жігіт­теріне жермен айдатып алып барған ірі қараларын, жыл­қы­ларын елден жинаған мол өнімдері: қой жүндері, тері-терсектерін тай-тайлап түйеге артып, кірелетіп Ресей елінің Самара қаласындағы үлкен базарда сауда-саттық жасап, ол жақтан азық-түлік, қант-шай, кездеме мата түрлеріне айырбастайтын болған. Ол кезде «Жөлек» жәрмеңкесі тек сауда-саттықпен ғана шектелмеген. Онда үлкен ұлттық ойын-сауықтар да өткізілген. Алтыбақан, ауда­рыс­пақ, балуан күрес т.б. Бұл мереке бірнеше күнге созылатын болған. Атамыздың осы Жөлек базарында екі лавкасы (дүкені) болған. Оның біреуінде азық-түлік, қант-шай сатылса, екіншісінде кездеме мата сатылған. Ел ішінде атамызды «Қазынашай Досан» деп атап кеткен екен» деп әңгімелейді.

Жөлек арқылы сонау Бұқа­раға дейін алып баратын хан жолы өткен. Ханның жолы болғаннан соң керуеншілерге де, басқадай сауда-саттықпен де айналысу үшін ең тиімді әрі қауіпсіз жолдардың санатына жатқан. Сол себепті жолдың жағасында арнайы керуен сарайы болған деседі. Бұл туралы зерттеуші Т.Картаева «ХІХ ғасырдағы Сыр өңіріндегі керуен жолдары: қалыптасуы мен бағыттары» атты еңбегінде: «Перов портымен керуен жолы екі бағытқа бөлінеді, соның бірі 1000 шақырымға созылатын ұзақ жол Сырдарияның оң жақ бетімен жүріп отырып, Жөлек бекінісі Түркістан қаласы арқылы өтіп, екі тармаққа бөлінеді. Бір жол оңтүстік-шығысқа қарай Қоқанға, бір жол оңтүстік-батысқа қарай Ходжент, Ұратөбе, Самарқанд, Зерафшан, арқылы Бұқараға апарған» деген мәлімет келтірген.

Мұнда үш жүздің басын қосып, бар қазақтың арманын бір арнаға тоғыстырған, елдің ертеңі үшін жұмылдырып, жау­мен күресу үшін күш біріктіре білген Абылай ханның әскері жиылған. Патшалы Ресейге қарсы күрес жүргізген Кенесары ханның да әскері келген. Осыған қарап-ақ Жөлектің тари­хы тым тереңде жатқанын түсінуге болады. Тіпті, Жөлек Сырдария өзенінің бойын мекен еткен қыпшақтардың ата қонысы болып саналады. Жөлек маңында орын тепкен жеті әулие мәңгі­лік байыз тапқан Оқшы Ата қорымындағы Асан ата, Оқшы ата, Қыш ата, Ғайып ата, Кітап ата сынды көне мазарлар сөзіміздің дәлелі бола алады.

Азиз БАТЫРБЕКОВ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: