Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төретамдағы жарылыс

27.07.2020, 9:10 458

Тарих  таңбасы

1960 жылдың басында Қармақшы мен Қазалы аудандарының түйіскен жерінде орналасқан Төретамдағы әскери алаңда өте құпия жағдайда КСРО-ның ракета-ядролық қалқаны сынақтан өтіп жатты.

КСРО Қорғаныс министрінің орынбасары, стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің бас маршалы, Кеңес Одағының батыры Митрофан Иванұлы Неделин осы жауапты істің басында жүрді. М.Неделин әскери басшылардың ішіндегі ең беделдісі болды. Оның өмірі туралы армия генералы В.Ф.Толубко «Неделин» атты кітап жазып, «Тамаша адамдар өмірі» сериясынан шығарды. Соғыс кезінде Балатонскідегі операция үшін батыр атағын алған оны «фашистердің бас күйретушісі» деп атап кеткен болатын.

1960 жылдың күзінде Неделинді ешкім маршал формасымен көрген жоқ. Төретамдағы ұшу алаңында ол былғары куртка мен хром етікпен жүріп, ешкімнен де оқшауланып көрінбейтін. Алда жауапты іс конструктор М.К.Янгельдің бірінші континентаралық баллистикалық Р-16 ракетасын сынау ісіне дайындық жүріп жатты. 1960 жылдың 23 қазанында ракетаны құрастырмалы корпустан ұшу алаңына шығарып, арнаулы ұшырылатын қондырғыға орналастырылды. Ракета маңында Неделин, бас конструктор М.К.Янгель, полигон бастығы Горчакпен бірге тамақты жүре бара асығыс ішіп-жеп жүрді. Түске дейін ракетаға жанармай толтырылып болған кезде, түстен кейін қозғалыстың автоматты жүйесінен ақау табылды, люктер ашылып, ақау дәнекерленді. Толық жанармай құйылған ракетада жөндеу жұмысын жүргізу қауіпсіздік ережесін дөрекі түрде бұзу еді. Бұндай асығыстыққа олар амалсыз барды.

Себебі, 1960 жылдың 14 қазанында Москваға бас хатшы Н.С.Хрущев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп оралды. Ол туралы кеңестік баспасөзде «Американы дүр сілкіндірген 20 күн» деп мақтап жазды. Ал, шындығында БҰҰ мінбесінен Никита Хрущев дөрекі түрде былай деді: «Социалистік елдегі адамдарды қорқыта алмайсыңдар! Біздің экономикамыз гүлденіп, техникамыз қарыштап жедел дамуда. Сендер біздерді жанталаса қарулануға мәжбүр етіп отырсыздыр. Біз сендерді жеңеміз! Жақында ракета шығаратын осындай заводта мен болдым, ракета шығару бізде конвейрге қойылған ракеталар сосика сияқты автоматты түрде шығып жатыр» дей келе, өзінің тарихта қалған: «Я вам покажу кузькину мать» деген боқтық сөзімен аяқтады. БҰҰ сессиясына қатысып отырған дүниежүзі елдерінің басшылары Хрущевтың сөзін естігенде естерінен тана жаздады. Хрущев деген қарапайым шаруа баласы еді, саясат дегенді онша түсінбейтін, тек тарих ағымымен биліктің ең биік шыңына кездейсоқ келген адам болатын. АҚШ сапарынан келген бойда Хрущев Неделинді қабылдап, «Р-16 ракетасын тез арада сынақтан өткізіңдер» деп айғайға басқан болатын.

Ракетадағы ақауды айтып сынақты кейінге қалдыруға сұрағанмен Хрущев келісім бермейтінін білді. Алда, 7 қараша Ұлы Октябрь мерекесі еді. Осындай мерекеде мінбеден жетістіктерді ұрандатып мәлімдеме жасауды Хрущев жақсы көретін, 24 қазан күні кеш түсе бастағанда М.К.Янгельге Неделин: «Михайл Кузьмич бәрі болды, бақылау пунктіне бара беріңіз, мен соңғы шылымымды шегіп тастайын» деді. Шынымен бұл оның соңғы шылымы болды.

Бұл туралы баспасөзде: «1960 жылдың 24 қазанында жергілікті уақытпен 18:45-те ұшырылудың 30 минуттік дайындығы кезінде газбен тұтанатын қозғалысты қосу кезінде жарылыс болып, маршал Неделин бастаған әскери құрама қаза тапты» – деп жазды.

Бункирде бақылап отырғандардың айтуына қарағанда ракетаның үш сатысы жарылып, 160 тонна сұйық отын төгіліп, асфальттың өзі жанып, қиыршық тастары ғана қалған, отқызуы 3 мың градусқа жетіп, ешкім тірі қалмаған.

Келесі, 25 қазан күні КСРО Жоғары Кеңесінің төрағасы Л.И.Брежнев бастаған мемлекеттік комиссия Төретамға келіп, жарылыстың неден болғанын анықтай алмай бастарын қатырды. Ұзаққа созылған мәжілістен соң, «ойда жоқта болған бақытсыз жағдай» деген шешімге келді. Төретамнан кетерінде Брежнев: «Никита Сергеевичпен ақылдасып алғаным қандай жақсы болды, бірден ортақ шешімге келдік» деді. Қаза тапқан 126 адам №10 алаңдағы бауырластар зиратына жерленсе, маршал М.И.Неделиннің соңғы рет темекі шеккен жердің күлі алынып, Кремль қабырғасына жерленді. Жыл сайын 24 қазан Байқоңыр қаласында «қаралы күн» ретінде аталып өтіледі.

Болған апатты бас хатшы Н.С.Хрущевке бас конструктор М.К.Янгель хабарлағанда алғашқы естіген сөзі: «Сіз қалай аман қалдыңыз?», осы сөзді «Сіз неге аман қалдыңыз?» дегендей қабылдаған Янгель инфаркт алды. Ол өмір бойы өзін кінәлімін деп жүрді. Ақыры, өзінің 60 жылдық мерейтойының басталуына жарты сағат қалғанда жүрегі ұстап қайтыс болды. Жойқын апат Н.Хрущевтің АҚШ-ты басып озу үшін асығыс саясатынан болғанын ешкім айта алмады. Бұл туралы бас хатшы болып М.С.Горбачев келіп қоғамға жариялылық пен демократиялық үрдісті енгізген соң ғана айтыла бастады, оған дейін бұл апат туралы білген жоқпыз.

Бақытжан  Түменбай,

тарихшы,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: