Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шірік-Рабат – әскери мақсаттағы маңызға ие қалалардың бірі

23.06.2020, 14:00 1512

HALYQLINE.KZ

ШІРІК-РАБАТ ҚАЛАШЫҒЫ ( б.з.д. ІҮ-ІІ ғғ.) – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Көмекбаев ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 87 шақырымда орналасқан. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Сыр өңіріндегі сақ дәуірінен сақталған ежелгі қалалардың бірі – Шірік-Рабат қалашығы. Шірік-Рабат қалашығы оңтүстік-батысында Парсы елі, терістігінде Ресей мен оңтүстік-шығысында Қытайды жалғастырған Жібек жолы бойында орналасқан.

Қалашық Сыр бойы халқының Хорезм, Парсы елдерімен шекаралық бекінісі рөлін атқарған. Өйткені, бұл елдердің байланысы кезінде арнасы тасыған Жаңадария арқылы жүріп отырған. Шірік-Рабат қалашығын алғаш зерттеушілердің бірі С.П.Толстов Шірік-Рабат қаласын ХІІ ғасырдағы «Инша» құжаттар жинағында көрсетілген Хорезм-Женд жолының бойында, Жендтен 20 фарсах (120 км) жерде орын тепкен Саг-дере мекенімен байланыстырады.

Сонымен қоса, Саг-дере – түркі-иран сөздерінің тіркесі, мағынасы «оң аңғар, оң жақ алап» деген мағна береді. Ал Шірік-Рабат қаласы Жаңадария өзенінің оң жағалауында жатқандығы белгілі. С.П.Толстов осындай дәлелдерді келтіре отырып, Шірік-Рабат қаласы ерте ортағасырлық Саг-дере қаласы деп тұжырымдайды. Шірік-Рабат қаласында үлкен қамалдар тұрғызылып, қарауыл мұнаралары болған. Шірік-Рабат қаласы – ерте кезеңде әскери мақсаттағы маңызға ие қалалардың бірі. Бұл қаланың қорғаныс қабілетін арттыруда пайдаланылған арнайы нысандардың молдығынан да көрінеді. Шірік-Рабат қаласын зерттеу 1946 жылғы С.П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясымен байланысты.

Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы (жетекшісі – Ж.Құрманқұлов) 2004 жылдан бері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. 2014-2017 жылдары облыстық бюджет есебінен қазба жұмыстары жүрді. Сақ тайпаларының үлкен орталықтарының бірі Шірік-Рабат – ортағасырларда да халық қоныстанған мекендердің бірі. Шірік-Рабат қалашығы қазақ халқының байырғы ата-бабалар мекені ретінде киелі мекен ретінде саналады.

Ескерткіш бүгінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Республикамыздың «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енген.Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы берілген арнайы сайтта (www.virtualmap.xyz) нысан туралы толық ақпарат бар.

Қызылорда облыстық тарихи және мәде­ни­

ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық

мемлекеттік мекемесінің фейсбук

парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: