Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ ұшқышына батыр атағы неге берілмеді?

04.04.2024, 14:00 165

HALYQLINE.KZ

1941 жылы соғыс басталғанда құрылған Қорғаныс Қорына барлық совет адамдары өз үлесін қосты. Соғыста жүрген ер-азаматым аман-есен келсе болды деп, қазақ әйелдері өздерінің алтын сырға мен сақиналарын өткізді. Осындай үлкен бастамадан 1927 жылы «Қазақ даласының батыры» атағы берілген балуан Қажымұқан жасы 70-те болса да тысқары қалған жоқ, елді аралап өнер көрсетіп, одан түскен 100000 сомды аударып, Жоғарғы Бас қолбасшы Сталинге телеграмма салып, 100 мың сомға ұшақ жасатып, оны қазақтың батыры Аманкелді Имановтың атымен атауын және ол ұшақ қазақ ұшқышына тапсырылса деп өтінген болатын. Көп ұзамай Сталиннен телеграмма келді (фото), онда: «Жолдас Мұңайтпасов, сіздің Қызыл Армияның қорғаныс қабілетін арттыруға қосқан үлесініз үшін Алғыс айтамын. Сіздің өтінішіңіз орындалады» деп жазылған еді. Аманкелді Иманов атындағы ұшақ қазақ ұшқышы Қажытай Шаламановқа салтанатты түрде тапсырылғанын қызыл армияның бас газеті «Қызыл Жұлдызда» жарияланғаны арқылы білеміз. Басқа мәлімет жоқтың қасы, сонымен Қажытай Шалабаев кім?

Қажытай Мұсаұлы 1922 жылдың 1 маусымында Семей қаласында дүниеге келді. 1932 жылғы қазақтың жартысын жалмаған аштық Қажытайдың да әке-шешесін алып кетті. Он жасында жетім қалған Қажытайды анасының інісі Темірлан өз қамқорлығына алды. Жетіжылдық мектепті бітіргесін ФЗО жанындағы курста оқып, кеме жөндеушісі деген мамандық алып шыққанымен, тері илеу комбинатында тері сұрыптаушысы болады. Сосын Семей кеме шаруашылығында қызмет істейтін нағашысы Темірланның қасына жұмысқа тұрады. Соғыс алдында нағашы ағасының айтуымен Ақтөбе қаласындағы ұшқыштар даярлайтын училищеге түседі. Соғыс басталысымен майданға сұранғанмен, Баку қаласындағы истребитель-ұшқыш даярлайтын қысқа курсты бітіргесін, По-2 ұшағының ұшқышы, кіші лейтенант шенімен Ленинград майданында Балтық теңізін қорғауға кіріседі. 1944 жылдың соңында эскадрильяның саяси жетекшісі, подполковник Смирнов штабқа шақырып: «Лейтенант Шалабаев, сенің бай туысқандарың бар екен ғой, арнайы ұшақ жіберіпті» дегенде, таң қалып, өзінің жетім өскенін енді айтайын деп оқталғанда, подполковник арқасынан қағып сыртқа шығарып, сапқа тұрғызылған эскадрилья алдына шығарып, Аманкелді Иманов деп жазылған «именной» ұшақты салтанатты жағдайда тапсырады (фото).

1945 жылдың басынан бастап есептегенде, осы өз ұшағымен әуеге 120 рет көтеріліп, тапсырған бұйрықты мүлтіксіз орындайды. Жалпы соғыс кезінде Қажытай әуеге 600 рет көтеріліп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Естеріңізде болса, Талғат Бигелдинов ағамыз әуеге 605 рет көтеріліп, тапсырманы орындағаны үшін екі мәрте батыр атанған болатын. Соғыс кезінде Қажытай ағамызды батыр атағына үш рет ұсынған, соның соңғысы авиациялық дивизия командирі, полковник Протасов 1945 жылдың 10 маусымында Совет Одағының батыры атағына ұсыну парақшасына «аға лейтенант Қ.М.Шалабаев бір состав жау эшелонын жойып, жау солдаттары тиелген 16 автомашина мен 3 теміржол палотносын жойып жіберді» деп жазылған еді. Төрт жылда мұндай ерліктің қаншасын жасады? Оны ағамыздың ішінде болып, айтпастан алып кетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, әуеге 204 рет көтеріліп, әскери тапсырманы орындаған Василий Решетников Совет Одағының батыры атанды, жау оны екі рет атып түсірген болатын. Ал Қажытай әуеге 600 рет көтерілсе де, жау оғы өзіне не ұшағына тимей, жерге аман-есен қонған болатын. Әуеге 370 рет көтерілген Владимир Ефремовқа Совет Одағының батыры атағы екі рет берілді. Осы жерде Совет Одағының Маршалы, екі мәрте Совет Одағының батыры И.С.Коневтің: «Әскери ұшқыштың әуеде тапсырманы бір рет орындап келгенінің өзі – ерлік» дегені еске түседі. Міне, орыс шовинизімі қайда жатыр? Тіпті соғысты кіші лейтенант шенімен бастаған ағамыз соғысты аға лейтенант шенімен аяқтады және қалай аяқтады десеңізші, Курландия аспанында фашистердің ас ұшқыштарымен айқасты. Соғыстағы ерлігі үшін бар болғаны Қызыл Жұлдыз, Ұлы Отан соғысы орденінің І және ІІ дәрежесімен ғана марапатталды. Қажытай ағамыз тәжірибелі ұшқыш ретінде 1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңда өткен атақты парадқа шақырылып, Қызыл алаң үстінен По-2 ұшағымен ұшып өтуге тиіс болатын, алайда жаңбыр үздіксіз жауып тұрғандықтан, ол көрініс алынып тасталды.

1945 жылы өзінің Аманкелді Иманов атындағы ұшақты Иваново қаласында таяу жердегі Керпач деген аэродромға тапсырып, елге қайтты. Қайтар жолда Шымкент облысының Темір станциясындағы Қажымұқанға барып сәлем беріп қайтты (фото). Кейін де кездесетін болып, қимай қоштасқанымен, Қажымұқан балуан 1948 жылы қайтыс болды. Елге келгесін Қажытай Шалбаев азаматтық авиацияда абыройлы еңбек етіп, зейнетке шықты. Соғыс жылдары мен азаматтық авиациядағы ұшуларын қосып есептегенде, әуеде 16000 сағат болыпты, не деген жанкештілік! Осындай батыр ағамыз 2003 жылдың 8 мамырында қайтыс болғанда, Жеңіс күніне жиналған халық соңғы сапарға шығарып салды. Әділетсіздіктің барлығын кеңестік идеологияға жаба бермей, тірі кезінде Қажытай ағамызды бағалай алған жоқпыз, өзіміздің «Халық қаһарманы» атағын беруге болатын еді, есімізді жиған 50-жылдары Қазақстан үкіметі Аманкелді батыр атындағы ұшақты мұражай үшін алдыртуға да болатын еді, ол ескі техника ретінде балқытуға қайта жіберілген болатын.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: