Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қасым батыр неге жылады?

14.06.2022, 9:17 464

HALYQLINE.KZ

Бір күні менің кабинетіме аздап ішіп алған Рақымжан келді. Ол кезде «Жазушы» баспасында директордың орынбасарымын. «Қасым аға, бұл не болды? Менің герой атағымды бермеді» деп қатты күйініп келді. Мен орнымнан тұрдым да, кабинеттің есігін жаптым. «Отыр, Рақымжан» дедім. Ол отырды. «Әй, Рақымжан, сенің мынауың дұрыс емес, қарғам. Мен сенен алты жас үлкенмін. Мен мысалы, төрт жыл Украина жерінде не үшін соғыстым? Сен Конституцияны жақсы білесің. Конституцияда: «Отанды қорғау – әрбір совет азаматының қасиетті борышы» делінген. Біздің елге фашистер шабуыл жасап, жаугершілікке ұшырадық. Бәріміз де Отан қорғауға аттандық. Біреудің қолынан аз, біреудің қолынан көп келді. Айтайық, біздің қолымыздан көп келген екен. Соны біз халқымызға, Отанымызға сатуымыз керек пе? Бізге не только Алтын Жұлдызды, не только орден-медаль беру, тіпті рақмет айтудың да керегі жоқ. Біз өзіміздің азаматтық борышымызды атқардық. Мынауың ұят болды ғой, қарғам. Менен басқа ешкім естімесін» деп, құшақтап бетінен сүйдім. Содан ол: «Қасым аға, бұныңыз дұрыс екен» деді.

Енді Бауыржан да, Рақымжан да өлді. О дүниеге екеуі де арманда боп кетті ғой. Енді одан кейінгі маған «Халық қаһарманы» атағын берді.

Мен сол атақты алғанда қуанды деп ойламаңдар. «Халық қаһарманы» белгісін кеудеме таққанда сол жерде сыр бермей шыдадым. Үйге келдім. Келдім-дағы есікті бекітіп, оңаша отырдым да, бір бокал коньякті ішіп алып, қатты жыладым. Мен сонда қатты күйзелдім. Анау екеуін о дүниеге жіберіп, өзім тірі қалып, осы награданы әдейі күткендей болдым. Өзімді солай сезіндім. Шынын айтқанда, бұл жұлдыздың маған керегі де жоқ еді. Маған сол «партизан Қасым Қайсенов» деген атақтың өзі жетеді. Міне, осындай жағдайға душар болдым. Кейін Рақымжанға «Халық қаһарманы» атағын берген күні тағы да жыладым. Өйткені аз да болса оның аруағы алдында арым тазарғандай болды. Міне, мәселе қайда?

«Ақиқат» журналы, 2000 жыл, №2, 33-бет.

Дайындаған  Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: