Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Николло Паганинидің скрипкасы сиқырлы болған ба?

03.07.2023, 9:25 162

HALYQLINE.KZ

Күрең күздің бірінде Ливорно қаласындағы казиноға қолында скрипка футляры бар жас жігіт кіріп, қызып жатқан карта ойнына кірісіп кетті. Лезде ақшасы таусылған ол ойланбастан қолындағы скрипкасын тікті, алайда одан да ұтылып қалған ол: «Синьорлар, бүгін кешке концертте скрипкамен ойнайтын едім, маған скрипкаммен ойнауға рұқсат берсеңіздер?» дегенде, олар: «Біз саған скрипканды тік деп айтқан жоқпыз, сен өзің тіктің, басты қатырма!» деген сөзді естіп, ұнжырғасы түсіп бұрыла бастағанын көрген, көрші столдағы отырған егде адам тоқтатып: «Синьор Паганини емессіз бе? Мен сіздің концертіңізде болып жүрмін. Мен Париж саудагерімін, мендегі белгісіздеу Джузеппе Гварнери дель Джеру атты шебер жасаған дауысы жақсы шығатын скрипкамен ойнаңыз» деген ұсыныс жасайды. Концерттен соң әлгі саудагер скрипкасын кері алудан бас тартып: «Мен тек әуесқой ғана скрипкашымын, бұл скрипканың шын иесі сіз екенсіз!» дейді, осылайша 17 жастағы Никколо Паганини өмір бойы ажырамаған скрипкасын ойда-жоқта осылай тегін тапты. Тарихта саудагердің есімі белгісіз болып қалды, мүмкін есімін айтқан да шығар, бірақ виртуоз скрипкашы атақ пен шараптан басы айналып жүргенде ұмытып та кеткен болуы керек. Өмір бойы серігі болған скрипкасын Паганини «Cannone» (пушка) деп атады, әр дыбысты дәл жеткізгендіктен осылай атады. Бірде осы «Саnnane» «ауырып» қалғанда, оны «емдеп-жөндеген» шебер Вильомға алтын қобдиша сыйлады да: «Менде екі алтын қобдишам бар еді, біріншісін денемдегі жараны жазған дәрігерге бердім, екіншісін менің жанымды жазып бергеніңіз үшін сізге беремін» деген болатын. Осыдан кейін белгілі шебер болған Гварнеридің осы скрипкасын «Паганинидің әйелі» деп, ал Паганини қайтыс болған соң «Паганинидің жесірі» деп атап кетті. Бұл скрипкадан басқа Страдивари мен Аматидің де скрипкалары болды, оларды «Паганини қарындасы» мен «Паганини қызы» деп атады.

Соның ішінде «Паганини жесірі» скрипкасының орны ерекше, осы скрипкада музыкалық шығармаларын шебер-виртуоз ойнауы оны түрлі аңыздардың таралуына әкеп соқтырды. Солардың бірі «Маэстроның жаны скрипканың ішіне жын түрінде енген, дауысы сондықтан халықты арбап (гипноздап) тастаған, концертіне бір барған адам қайта-қайта барғысы келіп тұрады» немесе «Маэстро Паганинин жас кезінде бір әнші әйелге ғашық болған, ол маэстроны менсінбеген соң, оны өлтіріп ішегінен скрипкасына струна жасап алған, сондықтан оның дыбысы әйелдерді есінен таңдырады» деген секілді әңгімеге дін өкілдері шынымен сеніп, 1840 жылы Паганини қайтыс болғанда епископ католиктік дәстүрмен жерлеуге рұқсат берген жоқ. Себебі 27 мамырда өкпе ауруынан өлейін деп жатқанда шіркеу қызметкері иманын үйіруге келгенде, шіркеу қызметінен бас тарту ол туралы аңыз әңгімелердің шындығы деп түсінді. Баласы Ахилл католиктік қорымға бірнеше рет жерлегенмен табытын қайта қазып алуға мәжбүр болды, себебі тірі кезінде «пері, жын және сайтанның сапалағы» атанған Паганиниді еш қала өздеріне жерлегенін қаламады, жерлесе қала тұрғындары қасіретке ұшырайды деген сенім басым болғандықтан, «әкеңнің табытын қазып алып кетпесең, өртеп жібереміз» дейтін болды. Ахилл Паганини 35 жыл бойы әкесінің табытын әр қорымға жерлеумен болады. Тек 1876 жылы рим Папасы ІХ Пий рұқсат берген соң ғана католиктік дәстүр бойынша жерледі. Соның өзінде марқұмның қорымына тыныштық бермей «түнге қарай маэстроның моласынан жылаған әйелдің дауысы шығады» деген қауесетке байланысты, ұлы скрипкашының табыты қазып алынып, қайтадан басқа қорымға жерлеу басталды. 1896 жылы Италияның Парма қорымына соңғы рет жерленді, ол кезде өлгеніне 56 жыл өткесін қуесетке толы әңгімелер басылған еді, себебі оның скрипкада ойнағанын көргендер де, баласы Ахилл де қалмаған болатын. Ұлы скрипкашының осындай мистикаға толы өмірбаяны әр елдегі кино режиссерлерді қызықтырумен болды, 1918-2013 жылдар арасында Паганини туралы 26 рет кино түсірілді, соның екеуін совет режиссерлері түсірген болатын.

Енді артында қалған «Паганини жесірі» скрипкасы туралы айтатын болсақ, маэстроның соңғы өтініші «скрипкам Генуя қаласының аумағынан шығарылмасын» деген өсиеті бойынша «паццо Дориа Турси» мұражайында әйнек саркофаг ішінде сақтаулы тұр, ондағы температура тұрақты түрде +20 жылылықты, ылғалдылық 50 процентті көрсетіп, сондықтан болар, өзінің бастапқы күйінде тұр. Жыл сайын Италияда өтіп тұратын Паганини атындағы скрипкашылар байқауында бас жүлде алған скрипкашы «Паганини жесірімен» ойнау құрметіне ие болады. Ол үшін арнайы брондалған автокөліккпен және күшейтілген күзетпен жеткізіледі. Ұлы музыканттың скрипкасының дауысын қазіргі уақытта тәуелсіздігі үшін соғысып жатқан украин халқы 1999 жылы мамыр сайында Киев опера театрында есту бақытына ие болды. Ол үшін Генуя муниципалитетіне кепілдік ретінде 4 000 000 доллар төлеген болатын, бұл сол кездегі доллар курсымен, қазіргі уақытта «Паганини жесірі» скрипкасының құны шамамен 10 млн доллар тұрады.

Қазіргі уақытта виртуоз скрипкашыға деген көзқарас өзгерді, сол заманғы Вена қаласындағы газеттердің жазған: «Маэстро скрипкада ойнаған кезде бір көрермен оның артында жын-пері шынтағынан ұстап скрипкада ойнауы үшін қозғап тұрғанын көріпті» деген жолдарды оқыса, тек күліп қана қояр еді. Ал кезінде осы шеберлігі үшін оны күндеп күн көрсетпеген болатын. Бірде Париждегі концертте император Наполенның қарындасы Элизаға оркестрді скрипканың екі струнасымен дирижерлік ете аламын деп бәстеседі, ақыры ойнап корсинкалық қызды экстазға түсіріп есінен тандырады. Бұл ғажап құбылысты ағасына айтып, Паганинидің ойнағанын көруін айтқанда, қасында жүргендер қастандық істеп, екі струнаның біреуін үзілетін етіп қояды, соның өзінде ол бір струнамен-ақ оркестрге дирижерлік етіп шығады. Наполеон Бонапарт ешқандай пікір айтпастан концерттен соң қарындасы Элизаға бұл скрипкашыдан қашық жүруін ескертеді, сірә ол да оны сиқыршы деп ойлаған болуы керек. Паганинидің замандастары ол өзінің шығармалары капричиноларды ойнағанда скрипканың бір струнасымен құстардың дауысын, сиырдың мөңірегенін, иттің үргенін, судың сылдырап аққанын, т.б. салады екен, ал вариацияларды ойнағанда адамдар тіпті шаттанып, өзгеше күйге түседі екен. Замандасы, ұлы ақын Гейне маэстроның концертінде болғанда «өзімнің қайда отырғанымды ұмытып кетемін» деген екен. Виртуоздың аты виртуоз ғой!

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: