Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мұхаңды өлімге қимадым»

12.02.2023, 16:00 261

HALYQLINE.KZ – Мен Мұхтар Әуезов қайтыс болғанда құрметті қарауылда тұрдым. Шыдам жағынан алғанда екі минут маған екі жылдан кем көрінген жоқ. Бұрыңғы жарқ-жұрқ еткен, байсалды, келбетті, орынды, ақылды сөздер, орынды терең ойлар, орынды-қалжың-қылжақтарды айтар ағамды мен танымадым. Табытта жатқан Мұхаң екеніне мен сенбедім. Мұндай халге Мұхаңды қиямын деген түсіме де кірген жоқ еді.

Алдымен көзім түскені (аяқ жағынан барып едім) кеудесі ғана бар. Аһ дедім күрсініп. Жүрегінен бастап, ішек-қарнын алып тастаған екен ғой. Бұлары несі? Ең құрығында мақта салса қайтті? Бұлай етуге болмайды ғой деп қатты көңіліме алдым. Мұхаң қарны бар кісі еді, мыналары несі? Бәрібір тірілмейді дегенімізбен жұртқа бұлай көрме жасаудың қажеті қанша? Бұл өліге де, тіріге де жаман әсер қалдырады ғой. Өліктің жүзін жұртқа көрсетпей жерлеудегі мұсылман салты дұрыс екен-ау деген ойға берілдім.

Жарықтық, иманды болсын, құрметтейтін кісім еді, амал қанша? Мен Мұхаңды басында тұрып та өлімге қимадым. Өлді дегенге сеніп барып, табытта жатқанын көрсем де, сенбей тұрыппын. Астапыралла-а, бұл – ерекше деталь. Мен басында тұрғанда Мұхаңның бетіне шыбын қонды. Шыбынды қуу үшін Мұхаң бетін тыржитты, үркітті. Селк ете қалдым. Кейін ойласам, психологиялық қалыпта емес екем. Бұл Мұхаңды өлімге қимағанымның реакциясы болу керек. Бұл қалай? Е, Мұхаң тірі, бетіне қонған шыбынды қуу керек деп ойлап, соған сеніппін. Кейіннен: «мен ақылымнан алжасқан жоқпын ба?» – дедім өзіме өзім. Мұның бәрі Мұхаңды қимағандығым екен…

Бауыржан Момышұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: