Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Маңғыстаудағы Көркембай мешітінің тарихы

29.08.2026, 18:00 24

Маңғыстау облысындағы «Манашы» мемлекеттік табиғи қаумалы аумағында XIX ғасырдан қалған Көркембай ахун мешіті орналасқан. Тарихи нысан Бейнеу ауылынан шамамен 40 шақырым оңтүстік-батысқа қарай орналасқан және өңірдегі ірі сәулет ескерткіштерінің бірі саналады. 

Мешіт жергілікті ауқатты азамат Ақбота Жеменейдің тапсырысымен салынған. Ғимарат тік төртбұрышты үлгіде тұрғызылып, 22 бөлмеден тұрады. Қам кесектен қаланған қабырғалары сыртынан әктаспен қапталған. Мешіттің төбесіне 28 күмбез орнатылған, ал орталық бөлігінде төрт үлкен зал бар. 

Кезінде мешіт тек құлшылық орны емес, діни білім беретін орталық болған. Мұнда Абдолла хазірет, Шәудір ишан, Қарақалпақ Мәткәрім секілді белгілі діни ұстаздар дәріс берген. Мешіт 1928 жылға дейін білім ордасы ретінде жұмыс істеген. 

Нысан Көркембай ахун Бектұрлыұлының есімімен байланысты. Ол ел арасында діни білім мен имандылықты насихаттаған тұлға ретінде танылған. 1928 жылдан кейін мешіт жабылып, ұстаздары жан-жаққа тараған. Көркембай ахун Тәжікстанға қоныс аударғанымен, оның нақты қай жылы қайтыс болғаны және қай жерде жерленгені жөнінде толық дерек сақталмаған. 

1991 жылы мешітке қайта жөндеу жүргізіліп, қабырғалары мен құлаған күмбездерінің бір бөлігі қалпына келтірілді. Қазір Көркембай мешіті Маңғыстаудың діни-ағартушылық тарихынан сыр шертетін маңызды мәдени мұралардың бірі болып отыр. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: