Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәмбет Қойгелдиев: «Мұстафа Шоқайдың сүйегін Қазақстанға әкелу керек»

09.05.2020, 11:10 723

ҚР ПрезидентіҚасым-Жомарт Тоқаевқа

Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

HALYQLINE.KZ –| Осы ашық хатты сізге жолдау маған жеңілге түсіп отырған жоқ. Өйткені, хат тақырыбы кез келген азаматтық санасы тірі отандасымызды бейжай қалдыра алмайды.

Тәуелсіздік, сүйікті атамекенімізде мемлекеттік дербестігімізді қалпына келтіру – мұндай теңдесі жоқ жақсылыққа куә болып, оның алғашқы жемісін сезініп отырған бүгінгі көзі тірі буындардың ғана емес, осы тәуелсіздікке өмірін арнап өткен буындардың да арман-тілегі болғаны анық.

Осы ретте бір нәрсенің басы ашық. Аға буындардың күрескер өкілдері осы заманның ертелі-кеш келетініне сенді, егер оған сенбесе ақтық күреске шықпаған болар еді. Қазақ халқы, туыс Түркістан жұрты мемлекеттік дербестігін алды. Біз ертеңгі болашағымызға сене бастадық!

Міне, осы халқымыздың бүгінгі болашағын жақындату үшін тер төгіп, еңбек етіп, бар ғұмырын елі үшін арпалыс күресте өткізген кіршіксіз ұлы тұлғаларымыздың бірі – Мұстафа Шоқай. Ол сүйікті Түркістаны үшін күрес жолында “азаттықтың таңы әлі-ақ атады, елге ораламыз” деген үмітпен шетел асып, отанының азаттығы үшін күресті халықаралық деңгейде жалғастырып, оған жаңа мазмұн және сипат берді.

Мұстафа Шоқай кім? Мүмкін мұндай сұрау қоюдың өзі де артық болар, дегенмен көтеріліп отырған мәселенің сипатына байланысты оған жауап беру қажет.

ХХ ғасырдың басында тарихи тұрғыдан Тұран-Түркістан аталған кеңістікте басталған біртұтас азаттық қозғалыстың екі қанаты қалыптасып, оның қазақ бөлігінің (Алаш-Алашорда) көсемі Әлихан Бөкейханов, ал көне Түркістан (Түркістан мухтарияты) бөлігінің басшысы ретінде Мұстафа Шоқай мойындалды. Ол империялық озбырлық және қиянатпен күрес барысында 1917 жылдың соңына қарай құрылып, келесі жылдың басында большевиктер тарапынан күшпен таратылған Түркістан мухтарияты (Қоқан автономиясы) үкіметінің төрағасы болды.

20-жылдардың орта тұсынан бастап батысқа эмиграцияға кетуге мәжбүр болған Мұстафа Шоқай Еуропада сталиндік диктатура езгісіндегі Орта Азия елдерінің ортақ мүддесін батыстық қауымдастыққа жеткізуші және оны идеологиялық жасанды өтіріктерден қорғаушы ұлы күрескер тұлға ретінде танылды. Мұстафа Шоқайдың осы мезгілдегі Еуропа тілдерін (француз, ағылшын және басқа) саяси публицистикалық, аналитикалық мұрасы өзінің өзектілігін бүгінде жоғалтқан жоқ, сонымен бірге ортаазиялық қауымдастық үшін ешуақытта жоймақ емес.

Ұлы қайраткердің замандасы, Украинаның эмиграциядағы үкіметінің басшысы А.Я.Шульгин Мұстафа Шоқайдың өліміне байланысты “Не нужно было ждать трагического конца, чтобы почувствовать кто жил среди нас! Он был большим человеком не только юридически, но и по сути он был настоящим вождем огромной страны, всей Центральной Азии, всего Туркестана… Потеря этого большого человека является катастрофой для его страны”, – деп көрсетіп, осы сөзінде “Түркістан батыр тұлғаларына өз жерінде ескерткіш қояр-қоймасын білмеймін, бірақ Мұстафаның туған елі өз жүрегінде оған ешуақытта тозбайтын ескерткіш қоятынына сенемін”, – деген еді.

ХХ ғасырдың басындағы азаматтық күрестің көш бастаушылары түгелдей дерлік репрессия құрбаны болды. Өкінішке қарай, еліміздегі жас ұрпақ Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсынұлының және басқа халқымыздың асыл азаматтарының мәйтінің қайда қалғанын да білмейді. Басқа халықтар сияқты жастарымыз басына барып, ішкі сырын ақтарып қайтатын “Ата бейітіміз” де жоқ.

Мұстафа Шоқай тағдырдың жазуымен Берлинде өмірден озып, мәйіті сондағы Сүлейман зиратына қойылды. Сүйікті де қадірлі өмірлік серігі Мария Шоқайдың сүйегі Парижде байыз тапты.

Халық “өткенге салауат” дейді. Аллаға шүкір, заман өзгерді. Жоғалтқанымызды түгендейтін кезеңге де жеттік. Алаш буынының аса көрнекті өкілі, ұлы күрескер тұлға – Мұстафа Шоқайдың және оның зайыбы Мария Шоқайдың сүйегін өз отанына әкеліп, арулап қайта жерлейтін мезгіл келді.

Өз тарихына құрметпен қарайтын елдерде асыл азаматтарын қайта жерлеу практикасы қалыптасқан. Мәселен, 1998 жылы Ресейде II Николай патшаның өзі және отбасы мүшелерінің сүйегі Санк-Петербургтегі орыс императорларының зираты Петр мен Павел соборына жеткізіліп, ресми  түрде қайта жерленді. Сонымен бірге 2005 жылы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің тапсырмасымен ақгвардияшыл генерал А.Деникин мен зайыбының сүйегі АҚШ-тан әкелініп, орыс жеріне қойылды. 1996 жылы Түркияның сол кездегі президенті Сулейман Демирелдің қолдауымен азамат соғысы тұсында Тәжікстан жерінде қаза тапқан Әнуар пашаның сүйегі Түркия жеріне салтанатты түрде жеткізіліп, қайта жерленді.

Мұстафа Шоқайдың сүйегін өз отанына жеткізіп, халқымыздың салт-дәстүрі арнасында қайта жерлеу рәсімін өткізу қоғам тарапынан зор түсінушілікпен қабылданатын маңызды оқиға және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру сәті болар еді. Мұндай тарихи акты қоғамның саяси және рухани тұтастығына қызмет етері хақ.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізден осындай сауапты да аса маңызды іске бас-көз болуыңызды өтінемін.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі,

Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: