Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көрерменді дүр сілкіндерген Доронина

11.05.2023, 15:00 389

Осыдан 55 жыл бұрын, 1968 жылдың 29 сәуірінде режиссер Татьяна Лиознова түсірген «Три тополя на Плющихе» фильмі экранға шығып, көрерменді дүр сілкіндірді. Бұл мелодрама, әсіресе, әйелдерге ұнады. Басты рольде ойнаған актриса Татьяна Доронинаның шаш үлгісі ұнағаны соншалық, әйелдер шаштаразына (ол кезде салон деп аталған жоқ) барып, «Доронинаның шаш үлгісіндей» деп тапсырыс берді. Екіншіден, фильмде сазгер А.Пахмутованың Мая Кресталинская орындаған «Нежность» әні кезінде, қазіргі тілмен айтқанда, ондаған жыл бойы хит болды. Режиссер фильмнің басты кейіпкері Нюраның роліне Доронинаны еш байқаусыз-ақ бекіткенмен, совет киносының ең сұлу актрисасы бастапқыда «колхозшының» роліне түскісі келмей бұлданды, сол кезде режиссер оған «Да, ну Доронина, бұл не деген бұлдану?» деп ақыры көндірді. Ер адам мен әйел адамның арасындағы шынайы сезім туралы фильм түсірсем деп жүргенде, Лиознова жазушы А.Борщеговскийдің «Три тополя на Шабловке» деген повесін оқып болғасын кірісті, фильмнің лейтмотивіболатындай ән жазуға ерлі-зайыпты әрі әндерін бірігіп шығаратын ақын-сазгер А.Пахмутова мен Н.Добонравовқа тапсырыс береді, фильм сценарийін оқып шығып екеуі барлық кезенде де айтыла беретін «Нежность» әнін шығарады. Повест атын сәл өзгерткен себебі, «Шабловка-12» ғимаратында «Останкино» телестудиясы орналасқан еді, сондықтан Москваның Плющиха ауданының атымен атады, сол ауданда «Три тополя» кафесі бар еді. Плющиха ауданындағы пәтер иелері өздері саяжайында тұрып, пәтерін кино түсіру тобына жалға беріп кетті.

Фильмнің оқиғасын барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Колхозшы әйел Нюраның күйеуі (актер В.Шалевич) өздерінің жинаған артық өнімін «Данилов базарына» сату үшін қарындасының үйіне жұмсайды. Күйеуі қатал әрі мінезі дөрекі екенін дік-дік етіп сөйлегенінен білуге болады. Әйеліне «аузың ашылып жүріп, ақшаңды ұрлатып алма» немесе «ақшаны босқа шашпа» (деньгами нетранжи), «қарындасыма айт күйеуінен ажырасса, үйге келетін жолды ұмытсың» дегендей әңгімелер айтып шығарып салады. Москваға теміржол вокзалынан түскен соң, қайынсіңлісі Нинаның үйіне бару үшін таксиге отырады. Таксит Саша (актер Олег Ефремов) арасында әңгіме өрбиді, әңгіме барысында «қаланың қатындарындай» емес, Нюраның ерекше жан екенін біліп, Москва қаласын аралатады. Сөзі сәбидің сөзіндей еш жасандылықпен сөйлемейтін Нюра өмір туралы айтады, тіпті балалық мінезіне салып, күйеуі мен екі баласының қылықтарына дейін ақтарылып айтады. Жаңбыр жауып кеткен кезде уақытша тоқтап тұрғанда, радио эфирінен бір әнді іздеп жатқанында Нюра «Қандай ән?» деп сұраған, Саша: «Нежность» деп аталады» дегенде «мен де бір әнді білемін, бірақ қалай аталатынын да білмеймін» деп, радиодан естіп жүрген әнін Саша қолқалап қоймағасын айтып та береді, ол «Нежность» әнін айтып отырғанын да білмейді. Еркек пен әйелдің арасындағы шынайы нәзіктік (нежность) сезімі туады, бірақ Саша жас емес, сәби мінезді аңғал Нюраға қалай бірден айтсын, Плющихаға жеткізіп салған соң кешкісін киноға шақырады. Нюра ойланбастан қуанып кетеді де, барамын дейді. Нюра таксипұлың деп, алақанындағы майда 1 сом 15 тиынын ұсынғанда, тек біреуін ғана алып «мынаны тесіп жіп тағып алып, мойныма бақыт үшін тағып жүремін» деп айтқанның өзінде Нюра өзін ұнатып тұрғанын сезбейді. Саша әлі де жіберуге қимай «затың ауыр ғой, жеткізіп берейін» дегенде, Нюра «жоқ, сататын затты өзім көтеріп апаруым керек, әйтпесе бақыт кетіп қалады» дейді. Сонда Саша: «Анна Григоревьна, сен өзің бақытқа шомылып жүрсің ғой!» дегенде ұнатып тұрғанын тағы да сезбей пәк көңілімен: «қалайша бақытқа шомыламын? Мен өзен жиегінде тұрғандықтан, өзенге шомыламын» деп айтып түсінбейді, қаланың қатыны болса: «Оо комплиментіңе рақмет» деп мәз болып қалар еді. Қайын сіңлісінің үйіне келгесін, оның күйеуінен ажырасып кеткенін естіп, аяп «қызынды бір өзің қалай жеткізесің» деп жылап та алады. Қайын сіңлісі Нина кетіп қалған кезде, уәде бойынша сағат 17:00-де Саша да «Три Топля» кафесінің алдына «Волга» автокөлігімен келіп күтеді. Содан Нюраның ішкі сезімімен арпалысы басталады, есікке барып кетпекші де болады, бір отырып, бір тұрады, терезе алдына қайта-қайта барады. Нюра өзін-өзі жеңіп кездесуге шықпай қалады, Саша сигнал беріп-беріп кетіп қалады.

Кейін бір көрермен әйел режиссер Лиозноваға: «Мен сіздің фильміңізді сегіз рет көрдім, сегізінде де Нюра есікті ашып Сашамен кездесетіндей болып көрінді маған» деген болатын. Көрермен әйелдердің фильм туралы пікірі екіге бөлінді, бірінші жақ «Нюранікі дұрыс, күйеуі Гриша мен екі баласы бар ғой» десе, екінші жақ «Қатал-деспот күйеуінен кетсе, таксист Сашамен жарасып кетер еді» деді. Сонымен Нюра үйіне келіп, балаларына әкелген киімдері мен пряниктерін, Гришаға сатқан затының ақшасын беріп жатқанда, радиодан: «№ 04 құрылыс басқармасының монтажшыларының өтінішіне орай А.Пахмутованың «Нежность» әнін береміз» дегенде өзі Сашаға орындап берген әні екенін енді ғана білген Нюраның жүзі бал-бұл жанып, ұйып тыңдап қалады. Гриша ақша санап жатып: «өзіңе не алдың?» дегенін де естімейді. Гриша екінші рет: «Өзіңе не сатып алдың деймін?» деп қатты дауыстап айтқанын да естімей, есіл дерті «Нежность» әнін тыңдап тұра береді. Түкке де түсінбеген күйеуі мен ұл-қызы ауыздарын ашылып қарап қалады, ән тыңдап тұрған Нюраның көзінен жас көрініп келе жатқанда «фильмнің соңы» деген жазу шығады.

Бұдан басқа екеуі «Еще раз про любовь» фильмінде ойнап, «кинодағы ең жарасымды жұп» болды деген СССР халық артистері Татьяна Доронина (Нюра) мен МХАТ-тың басшысы Олег Ефремов (Саша) 1987 жылы екеуі баррикаданың екі жағына шығып соттасуға тура келді. Себебі, О.Ефремовтың күнелікті ішіп келуі себеп болды, ішкен басшыдан не береке болсын, бүкіл ұжым «оқ-дәрі толы бөшкінің» үстінде отырғандай болды, ақыры МХАТ екіге бөлініп, академиялық атынан айырылған А.Чехов атындағы МХТ-ті О.Ефремов басқарса, екінші М.Горький атындағы МХАТ-тың көркемдік жетекшісі мен директоры болған Татяна Доронина 2018 жылға дейін болып демалысқа шықты. Қазір 90 жастағы Доронина театрда тек бір ғана роль ойнап жүр. Ал, Олег Ефремов (1927-2000) өте атақты адам болды, Социалистік Еңбек Ері, үш рет СССР мемлекеттк сыйлық иегері, екі рет РФ мемлекеттік сыйлық иегері, СССР халық артисі, СССР Жоғары Кеңесінің депутаты болғанмен басты кемшілігі араққа үйір болып 1970 жылдан басқарған МХАТ-ты екіге бөлінуіне әкеп соқтырды. Өзімен бірге сыйласқан артистер Б.Калягин, Е.Евстигнеев, О.Борисов, И.Смоктуновский, А.Вертинская, т.б. жетекші артистер Доронинамен бірге қалып қойды. Арақтың да тұқымқуалаушылық болатынын ұлы Михаил Ефремовтан (1963) білуге болады. М.Ефремов 130-дан астам кинода ойнаған атақты Ресей артисі, режиссері, тележүргізуші болғанмен арақ ішумен де атағы шықты. Ақыры 2020 жылы мас күйінде рульге отырып қарсы көлікке соғып, С.Захаров өліп кетті, марқұмның бар кредит пен қарызын төлегенмен 8 жылдың орнына 7 жыл 6 айға сотталып, түрмеде жазасын өтеуде.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: