Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Брежневтің кітаптарын кім жазды?

16.03.2023, 17:00 384

HALYQLINE.KZ

Л.И.Брежнев (1906-1982) КПСС ОК Бас хатшысы, СССР Жоғары Кеңесінің төрағасы, алып империяны 18 жыл бойы басқарды. Ол басқарған жылдар менің қатарларымның жастық шағымен тұстас келгендіктен ол кезді біз «кемелденген социализм» деп атасақ, қазір оны тарих оқулығында «тоқырау жылдары» деп атайды. Сол жылдары біздер мектепте оқыдық, сосын жоғары оқу орындарын бітіріп келіп парасыз қызметке тұрдық, үйленіп үй болдық. Мен мектепте тарихтан сабақ бергенде, оқушыларға ол кезде тоқырау заманы болмағанын айтатын едім.

Л.Брежнев соғыс кезінде 18-ші армияның саяси бөлімін полковник шенімен басқарды. 1943 жылдың 4 ақпанында осы армияның 271-ші теңіздің жаяу әскері (морпех) «Кіші жер» деп аталып кеткен плацдармға бекініп алып, 1943 жылдың 16 қыркүйегіне дейін Новороссийск қаласын азат еткенше жауға берілмей кескілескенше шайқасты. Сол аралықта политрук Брежнев сол «Кіші жерге» қырық рет оқ дәрі мен қару-жарақ жеткізу және жауынгерлерді жігерлендіру үшін барған көрінеді. Соғысты генерал-майор шенімен аяқтаған Брежнев 1945 жылы 24 маусымда Қызыл Алаңда өткен атақты Жеңіс парадына қатысты.

1976 жылы 70 жылдығына орай екінші рет Совет Одағының батыры және Совет Одағының маршалы атанды, барлығы төрт мәрте Совет Одағының батыры, бір рет Социалистік Еңбек Ері, соғыс кезінде ғана берілетін «Жеңіс» орденімен марапаталды.

Ендігі арманы өзінің мемуарлары шықса дегенін естіген, КПСС ОК екінші хатшысы М.А.Суслов ОК хатшысы К.У.Черненкоға тапсырады, ол Замятинге мемуар жазатын «әдебиеттегі негрлерге» тапсыр дейді. Осылайша, «Новой мир» журналының1978 жылғы №2 санында «Кіші жер», №3 санында «Возрождение», №11 санында «Целина» кітаптары жарық көрді. «Возрождение» кітабында обкомның 1-ші хатшысы кезіндегі елді қалпына келтіруі айтылса, «Целина» кітабында Қазақстан басшысы кезіндегі тыңды игеруі жазылды. Осы трилогияның әрқайсысы 15 млн данамен шықты (барлығы 45 млн). 120 елдің тіліне аударылып, ол жаққа да таратылды.

1980 жылы сәуірде осы трилогия үшін әдебиет саласы бойынша Лениндік сыйлыққа ие болды. Кеудесіне медаль қадап болған соң, СССР Жазушылар Одағының төрағасы Г.Марков: «Бұдан былай көркем шығарма жазуды совет жазушылары Қымбатты Леонид Ильич Сізден үйренетін болады» деді. Бұған дейін Брежнев халықаралық бейбітшілікті нығайтқаны үшін Ленин атындығы сыйлықты алған болатын. Үш кітапты бірден «жазғасын» Брежнев автоматты түрде СССР Журналистер мен Жазушылар Одағының мүшесі атанды.

Радиода трилогияны СССР халық артисі Юрий Каюров, телевидениеде СССР халық артисі Вечеслав Тихонов оқыды. Бұлардың барлығы соғыс ардагерлерінің заңды ашу-ызасын туғызды, олар: «Кіші жерде» кескілескен ұрыс болғаны рас шығар. Бірақ «Кіші жерден» көлемі 1000 есе үлкен Сталинград, Курск, Берлин үшін шайқас туралы неге айтылмайтын болды?» – деп ЦК-ға хаттар жазды.

«Өлдің, Мамай, қор болдың!» дегендей, Брежнев қайтыс болған соң, бәрі де ұмытыла бастады. Горбачев заманында 1987 жылы Брежневтің барлық кітаптары кітапханалардан алынып, макулатураға өткізілді. 1989 жылы «Жеңіс» ордені де қайтып алынды.

Мақаламның соңында енді, Брежневтің кітабын жазып берген «әдебиеттегі негрлерді» атап көрсетейін: «Кіші жер» кітабын одаққа белгілі «Известия» газетінің публицисі Аркадий Сахнин, «Возрождения» кітабын одақта №1 журналист атанған Анатолий Аграновский, «Целина» кітабын «Правда» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімін басқаратын Александр Мурзин жазды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: