Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Барсакелмес қорығы – құландар мекені

09.04.2022, 9:00 1012

HALYQLINE.KZ  Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы Арал теңізінің ортасындағы осы аттас жерде алғаш 1929 жылы қорғалым ретінде пайда болды, 1939 жылдың 10 желтоқсанынан бері өзіне лайық статусқа ие. «Барсакелмес» учаскесі бұрынғы Барсакелмес аралы және оған жалғас жатқан Арал теңізінің кепкен табанын алып жатыр, көлемі – 50884 га. Бұл учаске 2 бақылау-шолу аумағынан тұрады. «Қасқақұлан» учаскесіне Арал теңізінің бұрынғы шығыс жағалауы және аралдары кіреді, көлемі – 109942 га. Бұл учаске 5 бақылау – шолу аймағынан тұрады. Мұнда қорықтың негізгі қорғауға алынған түрі – құландардың мекен ету аймағы және сексеуілдің табиғи үлкен тоғайы бар.

«Дельта» учаскесі 2300 га құрайды. «Дельта» учаскесі 2012 жылдың 12 қазанында халықаралық статус алып, Рамсар конвенциясының тізіміне енген Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің сағасындағы 330 га құрайтын сулы-батпақты өңірлерге жатады. Зерттеушілердің мәліметтеріне сәйкес бұл аумақ 200 мыңға жуық жыл құстары мен осы жерлерде ұялайтын құстар және балықтың сирек кездесетін түрлері үшін, мысалы арал албырты және арал қаязы маңызды.

Рамсар тізіміне ену – халықаралық маңызды сулы-батпақты өңір атанған аумақтың құндылығын халықаралық дәрежеде мойындауды білдіреді. 2016 жылдың 19 наурызында ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағадарламасы бағыттаушы кеңесінің 28-ші сессиясы шешімімен Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы РММ-і негізінде құрылған Барсакелмес биосфералық резерваты ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының Әлемдік жүйесіне енді. Бұл Қазақстандағы ЮНЕСКО мойындаған 6-шы биосфералық резерват болып табылады. Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығында өзекті өсімдіктер флорасына 325 түрі жатады. Барсакелместе 253 түр, ал Қаcқақұланда 101 түр және Дельтада 112 түр тіркелген. Қазақстанның эндемик түрлер – 16; Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген 5 түр өсімдіктер бар. Қорық флорасында пайдалы өсімдіктер көп. Тамыр жусан, күйреуік, изен, еркек, қау, ажырық бағалы жемшөптер болып табылады. Дәрілік өсімдіктер арасында жантақ, қос масақшалы қылша, Шобер ақтікені және басқалары едәуір белгілі.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының жануарлар дүниесі өте алуан түрлі. Омыртқасыздар әлімі өкілдері өте көп, тек насекомдардың (1 күндіктер, инеліктер, таракандар, таяқшалылар, айырқұйрықтылар, тікқанттылар, теңқанаттылар, қаттықанаттылар, қабыршаққанаттылар, жарғаққанаттылар, қосқанаттылар) өзінің 12 отрядтан 2000 –дай түрі кездеседі. Қосмекенділердің кең таралған екі түрі кездеседі – жасыл құрбақа мен көлбақа. Бауырымен жорғалаушылардың 12 түрі белгілі. Қорықта жылдың әр-түрлі мезгілінде 250 түр құстар кездеседі, оның ішінде 33 түрі Қызыл кітапқа енгізілген.Сүтқоректілер фаунасы едәуір көп түрлі – 28 түр. Оның үшеуі – құлан, қарақұйрық, шағыл мысығы Қызыл кітапқа енгізілген. Шөл түрлері: қарсақ, құм қояны, қосаяқ, зорман, сұр атжалман, қалқанқұлақты кірпі көп кездеседі. Сонымен қатар, қасқыр мен түлкі көп таралған. Сирек жануарлардың санының өсуіне және сақталуына қорық тәртібі қолайлы жағдай туғызады. Зоопланктондардың (қалқыма су организмдері) 85 түрі, соның ішінде 4 сирек кездесетін және 2 эндемикалық түрлері бар. Кіші Аралда кездесетін 22 балық түрінің 18 түрі кәсіптік және 4 түр Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін түр.

Әкімшілік-шаруашылық қатынаста Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының аумағы Қызылорда облысының Арал ауданында, Арал қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 км жерде орналасқан.

Дайындаған А.Есмағамбет,

Арал аудандық «Балықшылар» музейінің ғылыми қызметкері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: