Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бәбіш мола – қала өркениетінің бастауы болған мекен

30.08.2023, 9:40 845

«Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесі Шірік-Рабат мәдениетіне жататын ескерткіштер кешені мен Бәбіш мола қалашығын­дағы далалық археологиялық қазба жұмыстарының барысын таныстыру мақсатында  баспасөз  турын  ұйымдастырды.

Осы күні Бәбіш мола қалашығындағы жұмыс­тарды елімізге белгілі археологтар Ж.Құрманқұлов, Ж.Утубаевтың жетекшілігімен «Антик» ЖШС атқаруда. Экспедиция жұмыс­тарына қосымша Ресейдегі Шығыс музейі­нің бөлім меңгерушісі С.Болелов, Ә.Мар­ғұлан атындағы Археология институтының мамандары тартылған. Биылғы қазба маусымында қалашықтың цитаделіндегі монум­енталды ғимарат орнында, бекіністі қабырғаларда және шахристан бөлігіндегі құрылыс нысанында, жерлеу орындарында қазба  салынған.

Археолог Жанболат Утубаев бізге тың ақпа­раттармен бөлісті. Тіпті, Бәбіш мола сол уақыттағы  сақтардың астанасы болғанын айтты.

– Біз сақтардың тікелей ұрпағы деп осы шірікрабаттықтарды айтамыз. Олар әуелі мал шаруаш­ылығымен айналасып, содан кейін су көп болған соң егін шаруашылығына бет бұрған. Мұнда суландыру жүйесі жақсы жолға қойылған.

Бұған дейін Бәбіш мола Хорезм мемлекетінің бір жұрнағы ретінде қарастырылып келген. Біз бұл жерді 2004 жылдан бері зерттеп жүрміз. Біздің ойымызша бұл Сырдарияның аумағында өмір сүрген тайпалардың мемлекеттік құрылымы болған. Яғни, Хорезммен көршілес мемлекет. Оған дәлел, үлкен-үлкен ескерткіштері бар. Бәбіш мола, Шірік-Рабат, Бұланды (Баланды), т.б. қалалар бар. Олардан бөлек 200-ге тарта ауыл болған. Мысалы, Бәбіш моладан қыш өндіріс орталығы 5 шақырым жерде орналасқан. Бәбіш мола мен Шірік-Рабат арасы – 40 шақырым, сол секілді Бәбіш мола мен Бұланды арасы да – 40 шақырым. Кеңес өкіметі кезіндегі ғалымдар Шірік-Рабатты астана деп кеткен. Біз 2004 жылдан бері зерттеу жұмысын жүргізіп келеміз. Содан бері көптеген жұмыс атқарылды. Сақтардың үлкен ғұрыптық орындарын таптық. Онда сақтардың абыздары, жауынгерлері жерленген. Негізгі астанасы осы Бәбіш мола болған. Өйткені, храмдары, шахристаны қасында, – деді  ол.

Бәбіш моланың көлемі – 5 гектар. Бұл – тек қаланың өз аумағы. Қамал сыртында қара­пайым адамдар күн кешкен. Яғни, қаланың жалпы аумағы одан да көп екені анық. Қаланың кіреберісі (Донжон – археологиялық термин)  талай  мыңжылдықтарды  артқа  тастап әлі тұр. Бөлек мұнарасы да бар. Ондағы оқ ататын ойықтары да сақталған. «Бәбіш мола қаласы зерттеу барысында әкімшілік аумақ болғанға  ұқсайды»  дейді  мамандар.

– Бұған дейін ШҚО-да алтын адам табылды деп жүрміз, олардың бәрі – дала мәдениеті. Ал, Бәбіш мола – нағыз қала мәдениеті. Мұнда климат өте қолайлы болған, шөбі шүйгін, жері щұрайлы, сулы, нулы. Орта Азия көрші тұр. Шірік-Рабат халқы тікелей Оңтүстік пен Солтүстік шекарасында орналасқан. Бұл сауда-саттықтың дамығанын білдіреді. Әрі табылған  заттардың  бәрі Бәбіш моланың орталық болғанын  дәлелдейді, – археолог Жанболат Утубаев.

Сондай-ақ, ол Бәбіш мола аумағында бұрын емен, қарағай сынды ағаштар өскенін, сексеуіл ағашының кейіннен келгенін айтады.

Бәбіш моланы кәсіби маманданған алғашқы көзешілер ауылы деуге болады. Мұнан 9 қыш күйдіретін пештің орны анықталған. Археологтар сол уақыттағы пештерді қайта қалыпқа келтіріп, тәжірибе жүзінде қыш ыдыстарды қайта  жасап  көріп  жатыр.

– Бәбіш мола қаласындағы қазба жұмыстары 2004 жылдан бастап жүріп жатыр. 2015 жылы көзешілер елді мекеніндегі жұмыстар басталды. Бәбіш молада анықталған 9 қыш күйдіретін пеш бар. Биыл зерттеу барысында осы қыш ыдыс­тарды күйдіру, жасау технологиясын қолға алдық. Мақсат – қазба барысында табылған қыш ыдыстарды, қыштарды күйдіретін пештерді қайта  жасау.

Пештердің домалақ, төртбұрышты және сопақ­ша түрі табылды. Биіктігі – 1,5 метр, ұзындығы – 2 метр. Бірақ, мұнан да үлкен пештер бар. Біз қайта жасау барысында пештің пішімін сол замандағыдай етуге тырыстық. Жергілікті шикізатқа гипс, шамот және органика­лық заттарды қосып, қыш ыдыстарды жасап  жатырмыз.

Шірік-Рабат мәдениетінде табылып жат­қан қыш ыдыстар б.з.д. 4-2-ғасырлармен мер­зімделеді. Қыштан  жасалған ыдыстардың түр-түрі табылып жатыр, – дейді Ә.Марғұлан атындағы  Археология  институтының  ғылыми қызметкері  Мақпал  Сүйіндікова.

Археологиялық  қазба жұмыстарын  жүргізіп   жатқан  мамандар  жұмыстардың нәтижесі ретінде монография шығаруды көздеп отыр. Сондай-ақ, келесі жылы шетелдік ғалым­дардың қатысуымен семинар өткізсек дейді. Басты мақсат – қала өркениетінің осы аумақтан  басталғанын  көрсету.

– Қаланы толық зерттеп болғанша қазба жұмыстары жүргізіле береді. Бірінші, біз Бәбіш моладағы «Үлкен үйді» толық қазып бітіреміз. Сосын қоршап, бәрінің арасын қосамыз. Сол кезде үй болды ма, храм болды ма, нақтысын анықтаймыз. Бізге дейінгі ғалымдар «Үлкен үй» болған дейді, біз оған келіспейміз. Бірақ, оны қазба жұмыстар толық біткен соң ғана айта аламыз. Сосын осы жұмыстардың нәтижесі деп монография  шығарғымыз  келеді.

Келесі жылы біз осы жерге отандық және шетелдік ғалымдарды шақырып семинар өткізсек деген жоспар бар. Мысалы, Сығанақ, Сауран, Отырарды қала өркениеті деп көрсетеміз. Бірақ, олар – орта ғасырдыкі. Яғни, Алтын Орда дәуірінен кейінгі қалалар дамыған кездегі өрке­ниеттер. Ал, оған дейін не болды? Оны да зерттеу керек шығар, сондықтан осы жұмысқа кірістік, – деді  Жанболат  Утубаев.

Биыл облыс көлемінде 3 қалаға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Мұны «Қызылорда облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ-ның директоры Ерғазы Алданазаров айтып берді.

– Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың қолдауымен биыл 3 қалаға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біріншісі – Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қалашығы. Сондай-ақ, Қазалы ауданындағы Жанкент және Қармақшы ауданындағы  Бәбіш  мола  қалашығы.

Бүгінгі күні Бәбіш мола қаласындағы архео­логиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген зат, бұйымдар табылып, олар музейге қойылып жатыр. Жылдағы лимит бойынша әр қазба жұмысына 7 миллион 200 мың теңге бөлініп отыр. Биылғы жылы алдын ала тізімге алынған ескерткіштердің 106-сының сараптамалық жұмыстарына да қаржы бөлінді, – деді ол.

Шірік-Рабат мәдениетіне жататын ескерткіштер кешені мен Бәбіш мола қалашығындағы далалық археологиялық қазба жұмыстарының барысында тарихи түйсігіміз оянып, сырын ішіне бүккен қала-қорымдар туралы көп мәліметке көз жеткіздік. Шынын айту керек, мұндай орындарды туристік орталыққа айналдыруға әбден болады. Тек ол үшін әуелі инфрақұрылымды  ретке  келтіру  маңызды.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: