Соғыстан соң, қазіргі әлемге әйгілі «Huqo Boss» бренд компаниясы фашистік Вермахт солдатары мен офицерлеріне униформа тігумен айналысты және бұл компанияның негізін қалаған Хьюго Босс нацистер партиясының мүшесі және Гитлердің жеке стилисі болды деген дауға қалды.
Компания тарихшыларға жүгініп, ақ-қарасын анықтап беріңдер деді. Хьюго Босс еңбек жолын тігін цехында киім пішуші болып 1902 жылы бастады. Кейін кәсібін ұлғайтып, жұмысшыларға арнаулы қолғап, киім, комбинзон тігетін компания құрды. Алайда, 1930-1933 жылдардағы дүниежүзілік дағдарыс кезінде компаниясы банкротқа ұшырады.

Сол кезде Рейхстаг сайлауында жеңіске жеткен НСДАП партиясы билікке келген соң, үкімет басшысы болып сайланған Гитлер жаңа формаға тапсырыс берді. Осылайша Хьюго Босс компаниясы қайтадан көтеріліп, табыстың астында қалды. Бастапқыда полиция мен жандармерия үшін форма тікті. Қажетті капитал жинап алғаннан кейін «Huqo Boss» компаниясын құрып, 1934-1945 жылдары СС, СД және Гестапоның жоғарғы эшелонындағы офицерлер үшін арнаулы форма тіге бастады. Соғыстан соң бизнестегі бақталастары Хьюго Боссты сотқа берді. Онда тұрған не бар десеңіздер, Хьюго Босс компаниясында Франциядан – 40, Польшадан 140 тұтқынға түскен ең атақты тігінші дизайнерлер еріксіз жұмыс істеді. Осыны білген соң компанияны сотқа беріп, 100000 марка құн төлетіп алды. Айыппұл ешнәрсе емес, ең үлкен тағылған айып Хьюго Босс Гитлердің жеке стилисі және нацистер партиясының мүшесі болды дегені еді. Бұл оған қатты әсер етіп, 1948 жылы атақты модельер-дизайнер Хьюго Босс жүрек талмасынан 63 жасында өліп кетті, баспасөзде оны барынша қаралап жатқаны себеп болды. Кейіннен Гитлердің жеке стилисі СС-тің офицері әрі дизайнер-суретші Карл Дибич екені анықталды.
2007 жылы ұлы Зигфрид Босс әкесі НСДАП партиясының мүшесі болғанын айта келе: «ол кезде кім нацистік партия мүшесі болған жоқ? Елдегі бүкіл өндіріс нацистер үшін жұмыс істеген жоқ па?» деген болатын. Соғыстан соң Хьюго Босс құрған компания бүкіл әлемге танымал болды. Не десе, о десін, «Көктемнің 17 сәті» фильмін тамашалағанда, немістердің формасының үлгісіне таң қалып отыратын едік. Ал совет армиясындағы тек жоғары офицерлік құраманың ғана формасы жақсы материалдан тігілетін, майордан төменгі кіші офицерлерілік құраманың формасы олпы-солпы еді.
Ашық дереккөзден алынған фотодан немістердің формасы күшті екенін көруге болады.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!