Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алмагүл Божанованың 80 жылдығына арналған облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті

25.05.2026, 21:24 24

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың 80 жылдығына арналған облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Іс-шараға зиялы қауым, облыстық мәслихат депутаттары, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары, А.Божанованың туған-туыстары мен замандас әріптестері қатысты. Сонымен қатар, онлайн байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдері қосылды.
Конференцияда сөз алған облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына Алмагүл Божанқызының қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«Алмагүл Божанқызы – білімімен, халықшыл болмысымен, еліміздің дамуына зор үлесін қосқан заңғар тұлға. Еңбек жолын ұстаздық пен бала тәрбиесі ісінен бастап, қоғамдық-саяси қызметке дейін өрбіткен ол еңбекқорлықтың нағыз үлгісін көрсетті. Тереңөзек ауданын басқарып, Тәуелсіздік жылдарындағы әйелдер арасынан шыққан алғашқы әкім ретінде ел тарихында өзіндік ізін қалдырды.
Бұл ел дамуындағы ең күрделі, жауапты уақыт еді. Осындай кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, негізгі көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда болуына аянбай еңбек етті.
Еліміздің жарқын болашағына бар күш-жігерін жұмсаған, туған жеріне адал қызмет еткен қайраткер тұлғаның есімі әрдайым ел жадында сақталады», – деді аймақ басшысы.

Шарада Алмагүл Божанованың ауыл шаруашылығын, әлеуметтік саланы дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жүйелі бастамалары кеңінен айтылды. Соның нәтижесінде бірқатар ауылдың өндірістік әлеуеті артып, даму үдерісі жалғасын тапқаны атап өтілді.

Ол облыстық мәслихат депутаты, хатшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметтерінде нәтижелі еңбек етіп, өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласты. «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің негізін қалап, азаматтық қоғам институттарының дамуына елеулі үлес қосты.

Жиында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, қоғам қайраткерлері Нажмадин Мұсабаев, Әріп Хожбанов, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа және филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева оның ерен еңбегі мен ғибратты ғұмыры туралы естеліктерін бөлісті.

Айта кетейік, Алмагүл Божанқызы «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған, Қызылорда облысының құрметті азаматы атанған. «Ердің бағын жандырған ер Балдырған», «Сыр елім –жерұйығым» сынды онға жуық кітап шығарып, аймақ руханиятында да өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: