Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аяулы тұлға

13.04.2022, 17:10 926

HALYQLINE.KZ

Жазушы Хамза Есенжановтың жары Сәния (София) Жақияқызы Тастемірова:

«Хамзаны көрсеткендер 1960 жылы анықталды. Қанша сырғақтаса да, айыбын мойнына алды. Олар кімдер деп тағат таппай отырғандарыңызды білемін. Пендеге берілген жан аманат, дем нәсіп қой. Бір аяғым анда, бір аяғым мұнда деп отырғанда шындықтың бетін ашпасам, ішіме сыймас. Атын атамай-ақ қояйын, түсін түстейін. Бірі – егіз төлдеген саулықтай мекіреніп сөйлейтін, жіпсік көзді, дүр қара-ды. Екіншісі – тумысынан кемтар, шанаш бет, шынжау сары. Таққан айыбы, тапқан кінәсі мынау – Хамза Есенжанов Ленинград қаласында аспирантурада оқып жүргенде, «шіркін қазақтың даласына не жетсін! Ақшаңқан киіз үйді жайлауға тігіп тастап, бие байлап, қымыз ішсе. Ат баптап, бәйгеге қосса» дейтін. Бұл нағыз ұлтшыл көзқарастың адамы. Әйтпесе әлгідей сөзді айтып несі бар?

Бар айыбы – осы. Қарақтарым-ау, бұл 27-28 жастағы алаулап тұрған жігіттің алыстағы ауылын аңсаған бейкүнә арманы емес пе? Мұның астарында қандай ұлтшылдық жатыр?! Бүгінгі оқыған, тоқығаны мол, ойы озық азаматтар, өздерің айтыңдаршы, әлде менікі қате ме? Елім деп, жерім деп жүрген сол боздақтар, түптің түбінде алтын басы «қолшоқпарлардың» бір бет қағазы мен сасық ауыз пікірінің құрбаны боларын, сүйегін қай заманның желі үрлерін білді дейсің бе?

Ағаларыңды ақыры «халық жауы» деп танып, бас бостандығынан айырды. Қарғыс атқыр сол атаудың статьясының нөмірі 58 болатын. Өтебай Тұрманжанов пен Зейін Шашкин де Хамзамен бірге жазаланды… Анда-санда хат келеді. Ол кезде қанша жылға кесілгеніндерін хатқа жаздыртпайтын. Жазылатын болса сызып, өшіріп тастайтын. Тек конверттің әр жеріне «8», «8» деген санды қоя беріпті. Содан ұқтым, сегіз жылға кесілгенін».

«Жалын» журналы 1997 жыл № 3 саны

Тағы бір айтайын дегенім, Хамза 1951 жылы туған ұлының есімін Алашорданың көсемі Әлихан Бөкейхановтың атымен Әлихан деп қойғанының өзі бір ерлік деп есептеймін, себебі, ол кезде түрмеден босап келгенмен әлі ақталған жоқ еді, қайтадан сотталып кетуі мүмкін еді, жазушы Х.Есенжанов 1956 жылы толық ақталған болатын.

Дайындаған  Бақытжан  Абдуллаұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: