Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

1989 жылғы Жаңаөзен көтерілісі қалай басталды?

22.03.2022, 11:00 1472

HALYQLINE.KZ

Жаңаөзенде мұнай өндірісі жақсы дамығандықтан, жоғары жалақы үшін Қазақстанның барлық өңірінен келіп жұмыс істеді. Сондай-ақ, бұл қалаға кавказдықтар, әсіресе Солтүстік Кавказдан келіп, бастапқыда вахталық жұмысқа тұрып, кейін көшіп келіп тұрақтап қалып жатты. Бір қызығы, жергілікті халыққа қарағанда оларға пәтер де жылдам беріліп, балалары да балабақшаға кезектен тыс орналасып жатты. Осындай келімсектердің есебінен 1989 жылы Жаңаөзендегі қазақтардың үлес салмағы 50,6 пайыз, санмен айтқанда 24,6 мың-ақ болды, тұрмыс қызметін көрсету мен сауда орындарында (майлы әрі табысты орындарда) кавказдықтардың қатындары жұмыс істеді, қазақтың қыз-келіншектерін маңайына жолатқан жоқ. Бұлардың барлығы қазақтардың ашу-ызасын келтіріп жүрді.

1989 жылдың 16 маусымында осы теңсіздік қазақ пен лезгин жастарының арасында басталған қанды қырғынға әкеп соқтырды. Сол күні кешкісін Жаңаөзендегі «Строитель» клубына қарасты қаладағы жалғыз би алаңында, билегісі келмеген қазақ қызын лезгин шапалақпен жағынан тартып жібереді. Қырғын төбелесті лезде келген милиция наряды ажыратып таратып жібереді. Кавказдықтың өз жерінде өктемдік көрсетуі қазақ жастарының ашу-ызасын туғызып, төбелес орталық көшеде жалғасып, оншақты адам ауыр жараланып, үш адам өлді. Түні бойы естігендіктен 17 маусымда бүкіл қала халқы көшеге шығып кавказдықтарды ұрып соға бастады, үйлеріне тығылғанда терезелерін сындырды. Көтеріліс стихиялы түрде басталғандықтан қолына түскен тас, таяқ, ағаш, темірмен қаруланды, қалалық милиция бөлімінің көтерілісті басуға шамасы жетпегесін, ғимараттарының ішіне тығылып қалды, көтерілісшілер ГУВД-ны басып алмақшы да болды.

Көтерілістің үшінші күні 18 маусымда қала халқы орталықтағы Жаңаөзен қалалық компартия ғимаратының алдына жиналды, қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер айтылды, биліктің көтерілісшілермен келіссөзі нәтижесіз аяқталды. Қаладағы көтеріліс басылған жоқ. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі 19 маусымда Жаңаөзен қаласына комендаттық сағат енгізді. Көтерілісті басқа қалалар қолдауы мүмкін деп почта мен телеграф байланысын тоқтатып тастады, сыртпен байланыс үзілді. Көтерілісті басу үшін ішкі әскер бөлімдері, СССР-дің МВД-на қарасты «Витязь» арнаулы отряды шақырылып, көтерілісшілерді қуып таратуға бронтранспартер, танк, т.б. әскери техникалар қолданылды. Көтерілісті төртінші күні әрең басты. Қазақтар «жүндестер» деп атап кеткен 11 мыңнан астам кавказдықты күшейтілген күзетпен 24 сағатта елдеріне аттандырып жіберді, қазіргі уақытта Жаңаөзенде бірыңғай қазақтар тұрады.

1989 жылы 16-28 маусым аралығындағы Жаңаөзендегі көтеріліс туралы архив құжаттары жойылған, басқа құжаттардағы мәліметтер мардымсыз. Көтерілісте қанша адам қаза тапты дегенде шамамен 200-ге жуық деп айтуға болады. Жаңаөзен көтерілісіне байланысты енгізілген коменданттық сағаттың салдарынан мектеп бітрушілердің соңғы қоңырауы атап өтілген жоқ.

Республикалық «КазТАГ» ақпараттық агенттік қазақ жастарын «Желтоқсан-86»-дағыдай айыптап, атыс қаруын қолданды деуге дейін барды.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: