Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

”Сұлу Сырдан сазды сәлем” гала-концерт өтті

16.05.2026, 0:26 31

Шымкент қаласындағы «QYZGALDAQ» сарайында Қызылорда облыстық филармониясы мен «Шымкент концерт» концерттік ұйымы арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында «Сұлу Сырдан сазды сәлем» атты гала-концерт өтті.

Сыр елінің мәдениеті мен руханиятын шырайлы Шымкент төрінде насихаттаған өнер кеші көрерменге қазақтың дәстүрлі музыкасы мен ұлттық өнерінің бай мұрасын ұсынды. Қызылордалық өнерпаздар жыр-терме, ән-күй, классикалық шығармалар мен заманауи музыкалық бағыттардағы өнер туындыларын орындап, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.

Кеш шымылдығы И. Башкатовтың «Қызылорда» увертюрасымен ашылды. Концерт барысында Сыр елінің саф өнерін насихаттап жүрген Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі (көркемдік жетекшісі – ҚР «Тұран» сыйлығының иегері Н. Нұрбай) әлем классиктері мен қазақ композиторларының таңдаулы туындыларын орындады. Оркестрге халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Руслан Балмасов дирижерлік етті.

Концерттің классикалық бөлімінде қазақ өнерін халықаралық деңгейде танытып жүрген танымал солистер өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Құрмет» орденінің иегері Самал Байсейтова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сымбат Тасбергенова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мақсат Мақұлбеков, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Мағжан Аманжолов пен Ақылбек Табынбаев әлемдік және отандық классикалық шығармаларды жоғары деңгейде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Концерттік бағдарламада дәстүрлі өнер мен заманауи бағыттағы шығармашылық коллаборациялар кеңінен көрініс тапты. Қазақтың ән-күй өнерінің жауһарлары мен заманауи эстрада туындылары көрерменге ерекше әсер сыйлады. «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Бимбетова, «Құрмет» орденінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ақмарал Ноғайбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Руслан Ахметов және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Марат Сүгірбай, Бақдәулет Қарғабаев Сыр өңірінің бай музыкалық мұрасын дәріптеп, халықтық өнерді кеңінен насихаттады.

Гала-концерттің эстрадалық бөлімінде облыстық филармония әртістері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Олжас Нұралиев, Айсұлу Әбді, Арайлым Махамбетжанова, Алмас Қожахметов, Әлішер Шөжен, Аружан Төреғали, Жаннұр Аманбай, Мирас Жантөре және Біржан Серік өнер көрсетіп, көрерменнің зор қошеметіне ие болды.

Сонымен қатар, ширек ғасырлық тарихы бар Сыр еліндегі бекзат би өнерінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген «Томирис» би ансамблі (бас балетмейстері – «Шапағат» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Г. Мырзабаева, көркемдік жетекшісі – М. Тойбазарова) мен аралас хор ұжымы (көркемдік жетекшісі және дирижері – А. Қуаныш) ұлттық және классикалық өнерді эстрадалық бағытпен үйлестіре отырып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Шымкенттік көрермен өнерпаздарға тік тұрып қошемет көрсетті.

Сыр бойының күйшілік дәстүрін насихаттап жүрген жас домбырашылар Жансұлтан Жұмабек, Арсен Дүйсенбай және Рүстем Шөмекей және қылқобызшы Нұрлыбек Рүстемұлы ұлттық аспаптың үнін асқақтатып, қазақ күй өнерінің тереңдігін танытты. Олардың орындауындағы күйлер көрерменнің ерекше ықыласына ие болып, концерттің рухани мазмұнын айшықтай түсті.

Мәдениет – ұлттың мәйегі, елдің рухани болмысының айнасы. «Сұлу Сырдан сазды сәлем» атты өнер кеші Сыр өңірінің бай мәдени мұрасын насихаттап қана қоймай, қазақ өнерінің өміршеңдігін, ұлттық құндылықтардың сабақтастығын және рухани үндестігін айқын көрсетті. Көрермен қауым сахна төрінде шырқалған ән мен күйге, жырға толы тағылымды кешке зор ризашылығын білдіріп, өнерпаздарды ыстық ықыласпен шығарып салды.

Кеш режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Азиза Іздіқұлова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: