Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жазушы Бейбіт Қойшыбаев студенттермен кездесті

22.09.2023, 14:50 326

HALYQLINE.KZ

«Комиссар Жүргенов» кітабының авторы, жазушы, публицист, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушыларымен кездесті.

Жиын барысында тарихи тұлғаның өмірі, қазақ халқының болашағы үшін атқарған еңбегі туралы тереңірек айтылды. Студенттер «Комиссар Жүргенов» кітабын оқығанда туындаған ойларымен бөлісіп, кейіпкерлердің ерекшелігіне тоқталды.

Университеттің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай қысқа өмірінде еліне көп еңбек сіңіріп үлгерген жерлесіміз ұлт руханиятын жаңғыртуға ерекше үлес қосып, Қазақстанның дәуірлеу кезеңіне ұлан-ғайыр жол салғанын атап өтті.

– Жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда мемлекетшілігімізді, елдігімізді және ұлттық ерекшеліктерімізді сақтауда Темірбек Жүргеновтей тұғырлы тұлғалардың орны ерекше. «Темір Нарком» атанған Халық ағарту министрі Т.Жүргеновтің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында көркем өнерге ерекше мән беріліп, ел арасынан шыққан талантты ақындар мен өнерпаздар өнер мекемелеріне қызметке тартылды. Сонымен бірге, оқу-ағарту саласында болған түбегейлі бетбұрыс аясында мектептер, мамандар дайындайтын жоғары және орта оқу орындары көптеп ашылды, – деді Жандос Нұртайұлы.

Жиында «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева «Комиссар Жүргенов» романында бір ғана қазақ емес түркі жұртына ортақ тұлға Темірбек Жүргеновтың қилы тағдыры көркемдік һәм тарихи тұрғыдан берілгенін жеткізді.

«Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов романның басты идеялық-көркемдік ерекшелігіне тоқталды.

Ал романның авторы оқырмандардың туындыға қатысты сұрақтарына жауап беріп, кітаптың жазылу тарихы туралы атап өтті.

Кездесуде Темірбек Жүргеновтың еңбектерін зерттеп, насихаттауға қосқан елеулі үлесі үшін Бейбіт Қойшыбаев университеттің жоғары марапаты «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальмен» марапатталды.

Айта кету керек, жиынға қоғам қайраткері, «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсатов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ғалым, дипломат Мұрсал-Нәби Тұяқбаев, «Таңшолпан» журналының бас редакторы Нұрлыбек Сафин, профессор-оқытушылар мен білім алушылар, «Book club» ұйымының оқырмандары қатысты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

Пікірлер:
  • Қорёыт ата атындағы мемлекеттік университет ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы, менің осы кездесуді ұйымдастыруын сұраған өтінішімді қабыл алғанына риалық білдіремін. Кездесуге ғалымдар, магистранттар жақсы дайындалған екен. Темірбектің, Жүргеновтер әулетінің қасіретті тағдырлары жайлы жазылған осы романда сол зұлмат кезеңнің тарихи ақиқаты, көркемдік деңгейі, қайраткер болмысының ашылуы, суреттелуі жайлы пікір айтушылар өз тұжырымдарымен бөлісті.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: