Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа астанаға қош келдің, қазақ жасы!

19.06.2026, 11:50 91

 HALYQLINE.KZ

Төлен Зәрубайұлы Тілеубай – журналист, публицист, жазушы, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, әлеуметтік ғылымдар магистрі, медиа зерттеуші.

1974 жылы 19 маусымда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Кеншоқы ауылында туған. 1999 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін «Журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірді. 2021 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің магистратурасын үздік бітірді. Академиялық дәрежесі — әлеуметтік ғылымдар магистрі.
Мамандығы бойынша еңбек өтілі – 27 жыл.  Шығармашылық жетістіктері:
2002 жылы 28 маусымда Риддерде өткен «Еуразия сақинасы» атты 1-ші Еуразиялық ақпараттық форумның дипломанты атанды.
2003 жылы 3-8 қарашада Астанада өткен VI «ШАБЫТ-2003» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Журналистика» номинациясы бойынша Бас жүлде иегері және «Әдебиет» номинациясы бойынша дипломанты болды.

2006 жылы 18 қаңтарда Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламентінің 10 жылдығына орай журналистер арасында өткен республикалық шығармашылық байқауда 2-ші орынды иеленіп, II дәрежелі дипломмен марапатталды.

2019 жылы 25 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Сөз шебері — 2019» республикалық шығармашылық байқауының лауреаты атанды.

2021 жылы 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында өткізілген БАҚ өкілдері арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал еткен үздік журналистік шығармалар байқауының «Баспа басылымдардағы үздік сараптамалық материал» номинациясы бойынша лауреат атанды.

2021 жылы желтоқсанда «Қазақтелеком» АҚ өткізген ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған журналистер арасындағы республикалық шығармашылық байқауда 3-ші орынды иеленді.

2023 жылы 26 маусымда «Amanat Медиа сыйлығы — 2023» республикалық байқауында «Еліміздегі реформалар туралы үздік материал» номинациясы бойынша лауреат атанды.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 25 маусымдағы өкімімен отандық журналистиканы мазмұндық және әдістемелік тұрғыдан жетілдіруге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты атанды.

Төрт кітаптың авторы:

1. «Аласапыран Америка» — очерк, публицистика, әңгімелер, өлеңдер, — Алматы, «Өлке», 2006 ж, 200 б;

2. «Тәуелсіздік – тұмарым» — сұхбаттар, мақалалар, публицистика, — Астана, «Бақорда», 2016 ж, 260 б;

3. «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» — оқу құралы, — Алматы, «Мазмұндама» қоғамдық қоры, 2022 ж. 204 б.

4. «Түлкілітаудың аспаны» — көркем шығармалар жинағы, Қарағанды, «Типография Tengri Ltd», 2024 жыл, 124 бет.

«Astana aqshamy» республикалық қоғамдық-саяси газетінде шеф-редактор болып жұмыс істейді.

Біз бүгін туған күні болып жатқан қаламгер Төлен Тілеубайдың «Жаңа астанаға қош келдің, қазақ жасы!» әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

***

(Қиял-ғажайып әңгіме)

— Ал, ХХІІ ғасырдағы Қазақ Елінің астанасына қош келдіңіз, жігітім! — деді көзілдірікті қарт дәрігер қолын созып. – Бұл 3054 жыл!..

Әміржан қатырылған денесін қайта қалпына келтірген Әбу-әли ибн Сина атындағы ұлттық клиникадан сыртқа шыққанда өзінің мүлдем жаңа ғасырдың табалдырығын аттап енгенін анық сезінді. Көркіне көз тоймас әсем қала. Ұлттық нақыштары көзге оттай басылған зәулім үйлер, түр-тұрпаты бөлек көліктер. Қызылды-жасылды түске боялған қаланы қақ жарып аққан көгілдір өзен.

— Газет оқыңыз! — деді оны сыртқа ерте шыққан клиника қызметкері, сөйтті де жауап күтпестен қарсы алдында тұрған әдемі темір бағандардың бірінің түймесін басып қалғанда, бірнеше газет атып-атып шықты.

Әміржан әлгі адам ұсынған «ҰЛТ ҮНІ» газетін қолына алып, бірінші бетіне көз жүгірткен еді, кенет өзінің суреті шыға келді. «Өткен ғасырдан келген қонақ» деген тақырыбы ірі-ірі әріптермен менмұндалап тұр.

«Апырау, менің тірілгенім жаңа ғана емес пе еді?» деп іштей таңдана бергені сол еді: «Сіз осыдан тура 2 сағат 15 минут бұрын «оянғансыз». Бұл газеттің тілшілері сізді сол заматта суретке түсіріп әкеткен», — деді қасындағы серігі мұның ойындағысын айтқызбай-ақ түсініп.

— Ә, әне олардың өздері де келе жатыр, — деп жолдың арғы жағынан өздеріне қарай бұрылған екі жас жігітті нұсқады.

— О, қош келіпсіз, Әміржан!.

Екеуі жарыса амандасып жатыр.

— Кешір, біз өте асығыспыз, жол-жөнекей сөйлеселік, — деген еді бір кезде ересектеуі қайдан пайда болғаны белгісіз қарсы алдында тұрған шар тәрізді көлікті көрсетіп.

— Кәне, енді танысайық, достым! Әлгі ересектеуі көгілдір түсті

көлік орнынан сырғып қозғалғанда қолын ұсынды.

— Менің есімім – Ілесбек, ал мынау – серігім Шынтас.

Осы кезде Шынтас тіл қатты:

— Көңіл-күйің қалай, Әміржан?

— Жаман е-е-е-емес! — деді Әмір аң-таң күйінен әлі де арыла алмағанын жасырмай.

— Е, екі сағат бұрынғы суретіңді газеттен көріп таңғалып келесің ғой, сірә? — деп жымиды Шынтас. – Оның еш құпиясы жоқ, біз сенің Астанаға келетінің туралы алдын ала есітіп, жұрттан бұрын жеттік те, хабарды газет басылмай тұрып жіберіп үлгердік. Ал қазір газеттің түскі шығарылымына жедел хабар дайындауға кетіп барамыз.

— Тұра тұрыңыз, сонда қалай өзі?.. Газетіңіз бір күнде екі рет шыға ма? Астанада мұндай қанша газет бар?

— Екі рет емес, төрт рет шығады, — деді Ілесбек. – Өйткені қандай да бір хабар не оқиғаның жедел халыққа тарауы – бірінші шарт. Ал газеттерді санап көрмеппін. Кез келген әлеуметтік топқа, мамандыққа, әрбір адамның талғамына арналған басылымдар бар.

— Ал сонау Испаниядағы болған оқиғаны қалай жедел нөмірге бергенсіңдер?

— Әлемдегі барлық БАҚ біртұтас ақпарат кеңістігіне біріккен. Осы кеңістіктегі ақпарды кез келген ел қажетіне жарата алады. Әрине, бір ортақ кеңістікте орналасқан соң БАҚ арасында үлкен бәсеке болары сөзсіз. Алайда баспасөздің бірінші ұраны – хабарды халыққа ұзынқұлақтан бұрын жеткізіп беру. Міне, бар болғаны осы! — деп жауап қайтарды Шынтас.

— Ал, жаңа айттық қой, газетіміздің бір күнде төрт саны шығады деп. Соған қазір өзің куә боласың. Редакция тапсырмасы бойынша түскі шығарылымға жаңа хабарды үшеулеп жасаймыз, — деп Ілесбек Әмірдің қолын салтанатпен қысып-қысып қойды.

Ендігі сәтте үшеуі мінген ерекше көлік өз жылдамдығын арттыра түсті.

Ғажайып қала алақандағыдай ап-анық көрінді.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ

Суретті түсірген Асантемір Қаршығаұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: