Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Құран оқыған даусыңа түскен періштелер еді…»

17.04.2021, 16:00 1245

HALYQLINE.KZ

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен тоғызыншы рет Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқубойынша республикалық байқау өтті. «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен байқауға еліміздің барлық өңірлерінде іріктеу сайыстарынан өткен 74 қари қатысты. Қарилар Құран Кәрімнің 10, 20, 30 пара және мәнерлеп оқу аталымдары бойынша жарысқа қатысты. Осы ретте Құран оқудың, жаттаудың сауабы туралы айтып кетуді жөн көрдік.

Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша республикалық байқаудың ашылу рәсіміне қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әйгілі сахаба Осман ибн Аффанның (оған Алла разы болсын) ғибратты сөзін айрықша атап өтті. Сахаба Осман ибн Аффан (оған Алла разы болсын): «Жүректеріміз таза болғанда, Раббымыздың сөзіне тоймас еді. Шын мәнінде, мен бір күнімді де Құранға көз салмай өткізуді қаламаймын» деген екен.

Құран оқудың және оны жаттаудың мәніне айрықша тоқталған Бас мүфти: «Асыл дініміз Исламдағы ең абзал құлшылық – Құран оқу және оны жаттау. Ал адамдардың ең абзалы – Құранды жатқа білетіндері. Хадис-шарифте ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Адамдардың ең жақсысы – Құранды жатқа білген, Алланың дінін жақсы түсінген, Алладан қатты қорыққан, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған және туған-туыспен қарым-қатынасы өте көркем болған жан» деген. Шариғатымызда Құранды көбірек жаттаған мұсылманның мәртебесі қашан да биік тұрады. Өйткені, олар – Алланың сөзін көкірегінде сақтағандар. Алланың сөзін сақтағандарды Раббымыз өз панасында сақтайды. Хадисте: «Жәннат дәрежелерінің саны Құран аяттарының санына тең. Кімде-кім жәннатқа Құранды жаттап кірсе, одан биік ешкім болмайды» делінген. Міне, бұл – үлкен нығмет» деген насихатын жеткізді.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін Құран оқуға және оған амал етуге үндеген. Құран оқыған адамды Алла тағала ерекше сый-нығметке бөлейді. Әз Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында мынадай ғибратты оқиға болған. Түннің бір уағында Усайд ибн Хұдайр деген сахаба байлаулы тұрған атының қасында «Бақара» сүресін оқып отырады. Сол кезде кенеттен аты үркіп, пысқырып-осқырынып кетеді. Усайд Құран оқуын тоқтатқанда жануар да тыныштала қалады. Қайта оқыған сәтте тағы да мазасыздана айналшықтап кетеді. Ол Құран оқуды тоқтатқанда аты да тынши қалады. Қайта оқи бастағанда, аты тағы үрки жөнеледі. Усайдтың баласы Яхия атқа жақын жерде жатқан еді. Ат баланы жазым етпесін деп оны аттан алыс қойған сәтте аспаннан шатыр секілді бұлтты көреді. Бұлт арасынан шырақ секілді дүниелерді көреді. Таң атқан соң осы оқиғаны Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баяндап бергенде ол: «Сол нәрсенің не екенін білесің бе?» деп сұрайды. Усайд: «Жоқ» деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Олар Құран оқыған даусыңа түскен періштелер еді. Құранды оқи беруің керек еді. Сонда таң ата (періштелердің) адам көзінен жасырынбай, адамдардың періштелерді анық көргеніне куә болар едің» деген.

Алаш ардақтысы Ғұмар Қараш бір өлеңінде:

«Құран – шам, ақыл – басшы, ғылым – құрал,

Құралсыз шекпе сапар жолың болмас.

Айырылма жатсаң-тұрсаң Құранды ұста,

Жол бастар қараңғыда о бір компас» деп жырлаған екен.

Расында, Құран – ақ пен қараны айырушы, адамзат баласын екі дүние нығметіне бөлейтін ұлы кітап.

Ал Құранды жатқа білу – сауабы мол амал. Бірде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, адамдардың арасында Алланың сүйікті құлдары бар» деді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі олар кімдер?» деп сұрағанда ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Құранды жатқа білген мұсылмандар. Міне, солар Алланың сүйікті құлдары әрі таңдаулы пенделері» деп жауап берді. 

Құран жаттауға ең алдымен ерекше ықылас қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғаламтор секторында техникалық қызметкер болып жұмыс істейтін Болат Кенебаевтың қасиетті Құранды толық жаттап шыққаны бізге де әсер етті. Программист қари өз сұхбатында: «Құран үйрену соншалық қиын деп айта алмаймын. Оны меңгерудегі ең маңыздысы адамның бойында Құранға деген махаббат болуы керек. Себебі 90 жасқа келіп те Құран үйренген ата-әжелеріміз бар. Демек, адам өзі талпынса, ынтасы болып, ерік-жігері күшті болса, Құранды үйрену, жаттау қиын болмайды. Одан кейін ескеретіні, Құранды тұрақты түрде жаттау керек. Құранның бір ерекшелігі – күнделікті тұрақты түрде қайталап отырмасаң, естен шығып кетеді. Мен өзім жұмыс істеп жүріп Құран жаттадым. Кешкі сағат алтыда босай салысымен үйге барып, тамағымды ішіп, мешітке асығатынмын. Содан ақшам мен құптан намазы аралығында жаттап, кейде құптаннан кейін қайталап жүрдім. Ал жұмыс уақытында, көшеде жүргенде немесе автобусқа мінгенде үнемі құлаққаппен Құран тыңдау өте пайдалы. Құран – бүкіл адамзатқа түскен кітап. Оны жаттау бәрінің қолынан келеді. Құранды жатқа білу үшін медресе оқу міндетті емес. Ең бастысы, Құранды өмірімізге сіңіріп, басшылыққа алуымыз, соған амал етуіміз керек» деген кеңестерімен бөлісті.

Расында, Құран оқу, жаттау үшін медреседе оқып, имам болу шарт емес. Ең бастысы ықылас қажет. Алла тағала баршамызды Құранды оқып, оны толық жаттаған пенделерінен болуды жазғай. Әмин!

Қуат  ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ,

«Жәми» мешітінің бас имамы,

Жамбыл облысы,

Шу қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: