Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қара ағаш түбіндегі оқиға» оқырманға жол тартты

17.11.2022, 16:00 386

Өткен сәрсенбі күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, білім саласының үздігі, ақын, қарымды қаламгер Алдажар Әбіловтің «Мен үшін қымбаттысың, Сыр елім!» тақырыбында шығармашылық кеші өтті. Қос қуанышына қатар ұйымдастырылып отырған кеште Алдажар Әбіловтің 65 жас мерейтойы мен «Қара ағаш түбіндегі оқиға»  кітабының тұсаукесері болды. Университетің Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының жанынан құрылған «Қоңыратбаев атындағы әдебиет» үйірмесі ұйымдастырған бұл рухани басқосу Шоқайтану орталығында өтті.

Қолынан қаламы түспейтін ардақты жазушы ағамыз талай аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған. Атап өтетін болсақ, жақында ғана өткен Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауынан бірінші орынды қанжығасына байлаған болатын. Одан бөлек, түрлі қызметтердің басын ұстап, оның ыстығы мен суығына төзген Алдажар Әбіловтің 50 жылға жуық еткен еңбегінің еш кетпегенін байқаймыз. Оған дәлел, міне, осындай жоғары дәрежедегі сыйлы кешінің өткізілуі.  

Рухани кешке Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева, профессор, филология ғылымдарының докторы Жеңіс Садуақасұлы, ҚР Ішкі істер одағының ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Орынбек Жүсіпбекұлы, Қызылорда облысы өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Айгерім Беккулиева және Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының оқытушылары мен студенттері қатысты. Алдажар Әбіловке арналған жүрек жарды тілектер мен жыр шумақтары, тақырыпқа арқау болған  бейнеролик кештің шымылдығын ерекше түрді. Әдеби кеш әсем әнмен де әрленді. Талай әуезді әуендерге сөз жазып жүрген Алдажар ағайымыздың толғандырар өлеңдері бұл кеште музыкалық шығарма болып шырқалды. Қуатты қаламынан төгілген өлең шумақтарын студенттер мәнерлеп оқып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы Гүлмира Баялиева «Ұстаз, ғалым һәм қаламгер» тақырыбында баяндама жасады. Осы уақытқа дейін бірнеше кітаптың тұсауын кесіп, оқырман көзайымына айналып үлгерген қалагердің шығармаларына университет студенттері тоқталып, баяндап, талдап шықты. Студенттер тарапынан сауалдары қойылып, алғыс, тілектерін жеткізді. Келген қонақтарға сөз беріліп, барлығы естеліктерімен бөлісіп, жазушыны туған күнімен қатар келіп отырған жаңа туындының тұсауын кесуіне атсалысты.

«Қара ағаштың түбіндегі оқиға» кітабына арқау болған оқиға желісі 1993-1999 жылдарда болған еді. Өзі шытырман оқиғаларға қызығып жүретін Алдажар детектив жанрында түрліше қалам тербейді. Оның дәлелі, кешегі өткен байқаудан жеңімпаз атанғаны және бүгінгі кітабының тұсауы кесілгені деп айтсақ болады. Мені басты кейіпкер қылған Алдажардың қаламы жүйрік, қаламынан бұрын ойы озық болғандығы детектив шығармаларынан-ақ байқалған болар. Осындай достығымен, шеберлігімен, ділмарлығымен, ақындығымен әлі талай белесті бағындырарына сенемін. Шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін, қаламың мұқалмай, шығарманың шыңына жете бер, – деді Орынбек Жүсіпбекұлы.

Басқа да әріптестері мен достары ізгі тілектерін, құттықтауларын білдіріп, қаламгерге шапан жауып, ыстық ықылас гүлмен ілтипат көрсетті. Кеш соңында Алдажар Әбіловке сөз беріліп, көптен күткен кітаптың тұсауы кесілді. Өз қолтаңбасы қойылған кітаптарды әріптестері мен жолдастарына, сүйікті студенттеріне сыйға тартты.

Құрметті әріптестер, қадірлі қонақтар, бүгінгі кешке сыйлап келгендеріңізге, ыстық тілектеріңізге алғыс айтамын! Бүгінгі кештің мақсаты көркем шығармалар туралы ой бөлісіп, жаңа кітаптың тұсауын кесіп, сіздердің шығармаға деген ойларыңызды, көзқарастарыңызды білу болатын. Маған айтылып жатқан ұсыныс, пікірлеріңізді мен құптаймын және алдағы уақытта ескеретін боламын. Менің ұғымымдағы көркем әдебиет – адамзаттың дамуындағы бағдаршамның бірі. Заман ағымына қарай қазіргі жастар көркем әдебиетті оқымайтын кезеңге жеттік. Ал мен әңгімелер барысында осы жастардың әдебиетке деген зеректігін ашу үшін шытырман оқиғаларды көп қозғаймын. Жалпы, балалар көркем әдебиет арқылы тәрбие алса екен деймін. Себебі, біз де сол көркем сөз, әдебиет арқылы өстік. Біздің де ата-бабаларымыз көркем жазулардың, әдебиеттердің арқасында білімді болған.  Сондықтан көркем шығармаларымызды дамытуға, жетілдіруге кішкене болса да өз үлесім қосылып жатса, өте қуаныштымын! – деді кеш кейіпкері Алдажар Әбілов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: