Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғибраты мол қиссалар

20.08.2026, 6:00 27

Түрік тіліндегі «Хадис пен хикаялар тілімен» атты кітапта ғасырлар бойы ауыздан-ауызға тарап, кейін хатқа түскен ғибратты қиссалар жинақталған. Әр хикаяда адамның күнделікті тірлігі, алдынан шыққан сынақ, сол сәттегі таңдауы мен одан түйген  сабағы  баяндалады.

Сол  кітаптан  оқырманға ой салар, күнделікті өмірге керек тұсы бар он оқиғаны іріктеп алдық. Мұнда патша да, тұтқын да, батыр да, қарақшы да кездеседі. Бірі бір ауыз сөзден кейін өзгереді, енді бірі бір сәттік оқиғадан өмірлік сабақ алады. Оқыған жан осы қиссалардың бірінен өзіне қажет ой түйер деген  ниеттеміз.

Хазірет Әли бір шайқаста қатты жараланды. Жау атқан жебе аяғына қадалып, сүйекке дейін кіріп кеткен екен. Қасындағылар қанша әрекеттенсе де, оны суырып ала алмады. Ақыры тәуіп шақырды. Ол жараны мұқият қарап шығып, жебені алу өте ауыр  тиетінін  айтты.

– Мырзам, сізді естен тандырмай бұл жебені суырып алу қиын. Ауырсынғанына шыдай алмауыңыз мүмкін, — деді  тәуіп.

Хазірет Әли оның сөзін сабырмен тыңдап, байыппен жауап берді.

– Ұйықтататын дәрінің қажеті жоқ. Аздап күте тұрыңдар. Намаз уақыты кіргенде мен намазға тұрамын. Жебені сол кезде суырып аларсың, — деді.

Намаз уақыты кірді. Хазірет Әли бар ықыласымен Жаратқанның алды­на тұрды. Намазға берілгені  соншалық, айналасында не болып жатқанын сезбей қалды. Тәуіп осы сәтті пайдаланып, жебені суырып алып, жарасын таңып үлгерді. Намазын  аяқтаған  Әли  оған  бұрылды.

– Жебені суырып алдың ба? — деп сұрады.

Кавказдың даңқты қолбасшыларының бірі Шәміл 1829 жылғы Гимри қорғанысында ауыр жараланды. Шайқас кезінде найза кеудесінен кіріп, арқасынан шығып, өкпесін зақымдады. Денесінде найза, қылыш пен оқтан түскен талай жара болды. Қабырғалары сынып, оң жақ бұға­насы  да  зақымданды.

Тәуіптікке жетік қайын атасы оны ұзақ емдеді. Шәміл алты айға жуық уақытта әрең аяққа тұрды. Ал жараланғаннан кейінгі алғашқы жиырма бес күн ес-түссіз жатты. Жиырма бесінші күні ғана көзін ашып, төсегінің жанында отырған анасын  көрді.

Әлсіз ерні қимылдап, есін жиғаннан кейінгі алғашқы сөзін айтыпты.

– Анашым, намаз уақыты өтіп кеткен  жоқ  па? — деген  екен.

Бұрса қаласы әлі Осман билігіне өтпеген кез екен. Қаладағы христиан тұрғындарының бірі кейін исламды жасырын қабылдапты. Мұны білген досы  одан  себебін  сұрапты.

– Ата-бабаң ұстанған дінді неге тастадың? Исламды қабылдауыңа не себеп болды? — деп сұраған екен досы.

Әлгі кісі асықпай әңгімесін бастапты.

– Бұл  талай  жыл  бұрын болған  еді. Соғыстан кейін қолға түскен мұсыл­ман тұтқындарының бірін күзе­ту маған тапсырылды. Оны бір бөлмеге қамап қойдым. Бір күні қара­сам, әлгі адам бір еңкейіп, бір тік тұрып, әлдебір қимыл жасап жүр. «Не істеп жатырсың?» деп сұрадым. Ол бірден жауап бермеді. Құлшылығын аяқтап, қолын бетіне сипаған соң ғана намаз оқығанын айтты. Мен бұдан былай мұны істеу­ге тыйым салдым. Сонда тұтқын  маған  былай  деді:

– Намаз оқи алмай қалу маған тұтқында отырғаннан да ауыр. Рұқсат етсең, әр намазым үшін саған бір алтын  төлейін.

Ақшаға қызығып, оның ұсынысына  бірден  келістім.

Бір аптадан кейін одан көбірек алтын алғым келді. Намазына қайтадан кедергі жасап, бұл жолы бағасын өсірдім. Ол әр намазы үшін екі алтын беруге келісті. Кейін үш алтын сұрадым. Ақыры бір уақыт намазға он алтынға  дейін жеткіздім. Соған да  келісті.

Оның намаз үшін ештеңеден тартынб­айтынына қарап таңғалдым. Тұтқын болса да, сөзі түзу, мінезі кішіпейіл, дініне  берік  адам  еді. Күн  өткен  сайын  оған  деген  көз­қарасым өзгерді. Ақыры бір күні оны босататынымды айттым. Ол қатты қуанып, қолын  жайып  мен  үшін  дұға  етті.

– Уа, Раббым, мына адамға да иман  нәсіп  ете  гөр, — депті.

Сол дұғаны естіген сәтте жүрегім өзгеше күйге түсті. Көкірегім кеңіп, ішімде бір жарық жанғандай болды. Мен де онымен бірге шаһадат айтып, исламды  қабылдадым.

Бір  топ  қарақшы  жол  торып,  керуен күтті. Олардың  басшысы  Фудайл болса, сәл әріректе ағаш түбінде намаз оқып отырған. Көп ұзамай алыстан керуен көрінді. Қарақ­шылар әп-сәтте жолды бөгеп, керуенді  қоршауға  алды.

Қауіпті сезген жолаушылардың бірі өзімен бірге жүрген серіктерінің алтындарын жинап алды. Алтынды қарақшылардан қалай сақтап қалам деп абыржып, жан-жағына қарады. Сол кезде шеткеріде намаз оқып тұрған адамды көрді. Оны қарақшыларға қатысы жоқ, сенімді жан деп ойлап, қасына  барып тіл қатты.

– Мынаны саған аманатқа қалдырайын. Кейін қайтып келіп аламын, жарай  ма? — деп  сұрады.

Фудайл сөзді ұзартпай жауап берді.

– Ана  жерге  қоя сал, — деді.

Жолаушы алтынды Фудайл көрсеткен жерге қойып, керуенге қайтты. Ол жеткенше қарақшылар жұрттың дүниесін тонап үлгерген еді. Тонау басылған соң жолаушылар жасыр­ған заттарын іздей бастады. Әлгі кісі де алтынды алу үшін намаз оқып тұрған адамның қасына қайта келді. Сонда оның айналасында жаңа ғана керуенді тонаған қарақ­шылар тұрғанын көріп, жүрегі су етті. Алтынды олардың басшысына өз қолымен аманаттап кеткенін енді түсінді. «Қозыны қасқырға тапсыр­ған  екенмін ғой» деп тұрғанында Фудайл  тіл қатты.

– Алтыныңды қойған жеріңнен ала  бер, — деді.

Жолаушы аң-таң болды. Бұл бір тұзақ па деп қауіптеніп, абайлап барып алтынын алды. Қолына ұстағанымен, не істерін білмей тұрып қалды. Сонда  Фудайл  тағы  сөйледі.

– Болды, енді жолыңа кете бер, — деді.

Жолаушы көргеніне әлі де сене алмай, алтынының аман қалғанына қуанып  ұзап  кетті.

Мұны көрген қарақшылар ашуланды. Араларындағы біреуі шыдамай  дауыстап  сұрады.

– Басеке, сонша алтынды неге қайтарып  бердіңіз? — деді  ол.

Фудайл оған сабырмен жауап берді.

– Бұл адам мені намаз үстінде көріп, жақсы адам деп ойлады. Сөйтіп аманатын сеніп тапсырды. Сеніп тапсырылған дүниеге қиянат жасауға болмайды. Осы оқиға маған өзімнің қандай қайшылықта жүргенімді көрсетті. Намаз бір жақта, қарақшылық бір жақта. Екеуі қатар жүрмейді. Сондықтан бүгіннен бастап қарақ­шылықты  тастаймын, — деді Фудайл.

Қарақшылар бір сәт үнсіз қалды. Өздері ең сенетін басшысының бұл жолдан біржола кетпек болғанын түсінді. Біраздан кейін араларындағы  біреуі  орнынан  тұрып:

– Басеке, сен қайда болсаң, біз де сондамыз. Бұрын жаман жолға өзің бастап едің. Енді жақсы жолға да өзің  баста, — депті.

Қалғандары да оны қолдады. Керуен­нен алған дүние-мүлікті иелеріне қайтарып, тәубеге келді. Сөйтіп  сол күн олардың өміріндегі үлкен бетбұрысқа  айналды.

Ертеде әділдігімен аты шыққан бір уәли, яғни ел билеушісі болыпты. Бір түні оның сақшылары бірнеше ұрыны ұстап, ордаға қарай алып келе жатады. Жол үстінде күдіктілердің бірі қашып кетеді. Дәл сол маңнан үйіне қайтып бара жатқан жазықсыз адамды көрген сақшылар оны қашқан ұры деп ойлайды. Сөйтіп ұстап алып, қалғандарымен бірге уәли­дің   алдына  әкеледі.

Уәли істің мән-жайын анықтап үлгерместен  бұйрық  берді.

– Барлығын  түрмеге  қамаңдар, — деді.

Бәрін түрмеге жапты. Жазықсыз ұсталған адам қатты қиналды. Дегенмен  алдымен дәрет алып, уақыты өтіп бара жатқан намазын оқыды. Намаздан  соң қол жайып жалбарынды.

– Уа, Раббым! Кінәм жоқ екенін бір Өзің білесің. Мені осы қапастан да  Өзің  құтқара  гөр, — деп дұға етті.

Сол түні ұйықтап жатқан уәли қорқынышты түс көрді. Түсінде төрт алып кісі келіп, отырған тағын аударып тастамақ болады. Ол шошып оянып, дәрет алды да, екі рәкат намаз оқыды. Сәлден соң қайта ұйық­тады. Бірақ әлгі түс тағы қайталанды. Уәли мұның жай түс емес екенін, жәбір көрген біреудің наласы өзіне жеткенін сезді. Таң атысымен түрме бас­тығын  шақыртып:

– Кеше түнде түрмеге жазықсыз түскен немесе әділетсіздік көрген адам  бар ма? — деп  сұрады.

Түрме бастығы ойланып тұрып, басын  шайқап:

– Нақты білмеймін, мырзам. Бірақ түрмедегілердің бірі түні бойы намаз оқып, жалбарынып, көз жасын  төгіп  шықты, — деді.

Уәли мұны естіген бойда бұйрық берді.

– Сол кісіні дереу алдыма әкеліңдер, — деді.

Жазықсыз адамды дереу алып келді. Уәли оны жеке тыңдап, болған жағдайды  түгел  түсінді  де:

– Саған қиянат жасалыпты. Сенен кешірім өтінемін. Маған деген өкпе-назыңды кеш. Мына сыйымды қабыл ал. Бұдан былай қандай да бір тілегің болса, маған кел, — деді  уәли.

Жазықсыз жан сабырмен жауап берді.

– Кешірдім, сыйыңызды да қабыл алайын. Бірақ бір тілегім болса, оны сізден сұрап келе алмаймын, — деді.

Уәли бұл жауапқа таңырқап қалды да:

– Неге? Себебін айтшы, — деп сұрады.

– Мен секілді бір кедей үшін сіздей билеушінің тағын түсіңізде бірнеше рет төңкерткен Раббым барда, тілегімді басқаға айтып жүру маған жараса ма? Намаздан кейін Оған жалбарынып, талай қиындықтан шықтым, талай мұратыма жеттім. Алланың рақым есігі бәріне ашық тұрғанда, мен неге тілегімді өзге пендеден сұрауым керек? — деп жауап берді  жазықсыз  жан.

Қалада жұрт ерекше сыйлайтын бір кісі өмір сүріпті. Алыс-жақыннан адамдар келіп, ақылын тыңдап, батасын алуға тырысатын. Бір күні жұрт одан «Осындай абыройға қалай жеттіңіз?» деп сұрапты. Сонда ол өмірінде ұстанған бір қағидасын былай деп айтып  беріпті.

– Бір діндар кісіден «Кім Алланың әмірін берік ұстанса, Алла оның дүние ісін де, дін ісін де жеңілдетеді» деген сөз естідім. Сол сөз жадымда қалып қойды. Содан бері қандай таңдау жасасам да, ең әуелі Алланың әмірі  қайсы деп ойланатын болдым.

Бір күні диірменге бидай апардым. Жүкті түсіре бергенімде есегім босанып, қашып кетті. Сол сәтте көршім келіп, су кезегі дәл бүгін менікі екенін айтты. Егер егінімді сол күні суармасам, келесі кезекке дейін көп уақыт күтуім керек. Бір жағында қашқан есек, бір жағында диірмендегі бидай, тағы бір жағында су күтетін егін. Қайсысына барарымды білмей дал болдым. Дәл сол кезде жұма азаны естілді. Сонда баяғы естіген сөзім ойыма оралды. «Бәрінен бұрын Алланың әмірін орын­дайын. Қалған істің бір жөнін Жаратқан өзі келтірер» деп, мешітке бет алдым.

Сол сәтте жұма намазы туралы аят та есіме түсті. «Уа, иман келтіргендер! Жұма күні намазға шақырылған кезде саудаңды тастап, Алланы еске алуға асығыңдар. Білсеңдер, осы сендер  үшін әлдеқайда қайырлы» деген  сөз  жүрегімді бекемдей  түсті.

Сөйтіп, қалған шаруаны уақытша ысырып қойып, жұма намазына бардым. Намазымды оқып болған соң үйге  қайттым.

Үйге келсем, күтпеген көрініс. Бидайым тартылып, ұны үйге жеткізіліпті, үйдегілер одан нан да пісі­ріп қойыпты. Егістік суарылған, қашқан есегім де қорада тұр, — деген екен  әлгі  кісі.

Әңгімені тыңдап отырғандардың бірі  шыдай  алмай  сұрады.

– Мырзам, сонда мұның бәрі бір мезгілде қалай  реттеліп  қалды? — деді  ол.

– Бәрі де өз ретімен болды, балам. Менен кейін көршім де диірменге бидай апарыпты. Қаптарды шатастырып, менің бидайымды өзінікі деп тарттырып жіберген. Үйі­не барған соң ғана ұн салынған қаптың менікі екенін байқап, оны үйіме әкеліп беріпті. Үйдегілер содан нан пісірген. Ал қашқан есегімді көшедегі балалар қуып, ол үй жаққа қашып келіп, қораға кіріпті. Суару жайы да қызық болды. Көршім менің жерімді суармағанымды көріп, суды өз егістігіне қарай бұрыпты. Бірақ жұмысқа беріліп кетіп, судың арнасынан асып, менің танабыма да жайылғанын кеш байқапты. Сөйтіп егістігім де суарылып қалыпты, — деп жауап беріпті.

– Мен сол күні Раббымның бір әмірін орындауға тырыстым. Қалған шаруамның бәрі де күтпеген жерден реттелді. Сонда өзіме «Бір ғана әмірін орындағанда осынша жеңілдік келді, барлық әмірін ұстануға тырыс­сам, рақымы қандай болар еді?» дедім. Сол оқиғадан кейін Алланың әміріне бұрынғыдан да берік болдым. Уақыт өте жұрттың маған деген ықыласы артып, елдің сый-құрметіне  бөлендім, — деп  сөзін  түйіндепті.

Нәжми жаман ортаға еріп, ішім­дікке әуес болды. Уақыт өте міне­зі өзгеріп, бұрынғы достарына да дөрекі сөйлейтін болды. Үйдің берекесі қашты. Әйелімен жиі ұрысып, балаларына да көңіл бөлмейтін. Осы күйде  айлар,  артынан  жылдар  өте берді.

Сол кездердің бірінде Нәжми көшеде жолыққан кедейге садақа беріп, оның алғысын алды. Сол түні түсінде Пайғамбарды көрді. Қасына барып, қолын сүйгісі келді. Бірақ аузы­нан  шарап иісі шығып тұрғанын ойлап, мүбәрак қолға жақын­дауға ұялып  тоқтап қалды. Осы сәтте шошып  оянды. Ішін өкініш кернеп, көз жасын тыя алмады. Ол бұрынғы тыныш өмірін сағынып, енді бір өзге­ріс  жасау  керегін  түсінді.

Ертеңіне көңілі құлазып үйден шықты. Біраз жүрген соң жол бойын­дағы мешітке көзі түсті. «Өзгерісті осы жерден бастау керек шығар» деп ойлады. Сол сәтте қарсы алдынан көршісі Мехмет келе жатты. Мехмет бес уақыт намазын қаза қылмайтын діндар кісі еді. Амандық-саулық сұрасқан соң Нәжми ішіндегі күдігін жасырмай  айтты.

– Көрші, мен де намазға тұрсам ба деймін. Бірақ ішімдікті бірден тастай алмаймын. Не дейсің, екеуін қатар алып жүруге бола ма? — деп сұрады.

– Нәжми, ішімдік пен намазды қатар алып жүру қиын ғой. Әуелі ішімдікті таста, содан кейін намазға тұр, — деді  Мехмет.

Бұл жауап Нәжмидің көңілінен шықпады. «Ішімдікті қазір тастай алмай­мын» деген оймен бұрынғы жолдастарына  барып, тағы да ішім­дік  дастарқанына  отырды.

Кешке үйіне келгенде, үйдегілер Әли молданың оны іздегенін айтты. Әли молда Нәжмидің нағашы жағынан туысы әрі бала күннен бірге өскен досы еді. Нәжми сол сұрақты одан да сұрап көргісі келді. Телефон шалып, үйіне шақырды. Көп ұзамай Әли молда келді. Әңгіме үстінде Нәж­ми көрген түсін айтып беріп, көкейі­ндегі  сұрағын  қойды.

– Әли, мен ішімдікті бір күнде тас­тай алмаймын. Ішімдікті бірден қоя алмай жүріп, намаз бастасам бола ма? — деп  сұрады Нәжми.

Әли молда біраз ойланды. Исламның алғашқы жылдарында ішімдікке тыйымның бірден емес, кезең-кезеңі­мен түскені есіне түсті. Содан кейін  Нәжмиге  қарап  жауап  берді.

– Бауырым, ішімдікті қазір бірден тастай алмасаң да, намазыңды бастай бер. Бірақ мас күйде намазға тұрма. Есің дұрыс кезде оқы. Құлшы­лыққа үйренген сайын өзің де өзгерерсің, — деді  Әли  молда.

Нәжми бұл сөзді естіп, қатты қуан­ды.

– Алла разы болсын, Әли. Осы сөзің  маған үміт  берді, — деді Нәжми.

Сөйтіп, Нәжми намазға тұра бастады. Уақыт өте бес уақыт намазын үзбей оқитын әдет қалыптасты. Ал ішімдікті бірден қоя алмады. Бірақ оның өмірінде баяу болса да өзгеріс  басталған  еді.

Осыдан екі жыл өтті. Айт күні Нәжми Әли молданың үйіне айттап барды. Қолында бір шоқ гүл бар еді. Гүлді  ұсынып  тұрып  тіл  қатты.

– Айтың құтты болсын, Әли. Маған жасаған жақсылығың үшін саған  қарыздармын, — деді.

Әли молда гүлге алғыс айтты. Бірақ «жақсылығың үшін қарыздар­мын» деген сөздің мәнін бірден түсінбеді. Нәжмиге қандай ерекше көмек көрсеткенін есіне түсіре алмай, қызығып  сұрады.

– Қай  жақсылығымды айтып тұрсың,  Нәжми? — деді  ол.

Нәжми баяғы әңгімені есіне салып:

– Есіңе түсірші, Әли. Екі жыл бұрын сен маған «ішімдікті әзірге тас­тай алмасаң да, намазыңды оқи бер, тек мас күйде намазға тұрма» деген едің. Мен соны ұстандым. Бес уақыт намазға дағдыланған соң, күндіз көп іше алмайтын болдым. Намаз­ға есім дұрыс кезде тұруым керек қой. Біраздан кейін түнгі ішімдікті де азайттым. Бір күні өз-өзіме қатты ұялдым. «Нәжми, сен бір жағынан Алланың алдына тұрып намаз оқисың, екінші жағынан Оның тыйым салған ісін жасап жүрсің. Бұл қашанға де­йін жалғасады?» дедім. Сол күннен бастап ішімдікті біржола тастадым, — деп  әңгімесін  аяқтады.

Түрік  тіліндегі  түпнұсқадан  тәржімалаған

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

(Жалғасы бар)

Фото: ЖИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: