Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЕСКІ ҚАЙЫҚ (Тәлімді әңгіме)

20.02.2022, 11:00 1059

HALYQLINE.KZ

Ертеде үлкен өзеннің жағасында кедей балықшы көпбалалы отбасымен өмір сүріп тұрыпты. Өмірі мен жұмысы ойдағыдай өткен кездері болды, бірақ ол артта қалып, бүгінгі күндері әр күн сайын таң ата сынған қайығын жөндеп, негізгі табыс көзі болған балық аулаумен күнін өткізіп, өте кедейшілікте өмірі өтіп жатыпты. Жаңа қайық сатып алуға ақшасы болмағандықтан, күн сайын ескі қайықты жөндеумен жаңа күні басталады екен. Күндер осылай бірқалыпты өтіп, балықшының да көңілі пәс тартып, жалығу мен үміт үзуге шақ қалыпты.

Бірде жолаушылап кетіп бара жатқан бір қарт адам одан үйіне түнеп шығуға рұқсат сұрайды. Балықшы да қуана келісіп, онсыз да аз-мұз кешкі асын бөлісіп, оған лашығының ең ыңғайлы бұрышынан төсек салып береді. Қария таңертең кетерде үй иесіне алғысын айтып, «Сізге қандай көмек қажет?»,-деп сұрағанда, балықшы онша дәулетті емес көрінетін қарияны мазақ етіп: «Сен ақылды адам болуың керек. Көп жерді аралап, көп нәрсені білетін шығарсыз. Маған  кедейліктен шығуға көмектесетін кеңестер беріңіз»,-депті.

Қария: «Жарайды», – деп жауап береді де, «Егер сен кедейліктен құтылғың келсе, сынған қайығыңды өзенге батырып жібер»,- депті де артына бұрылмай кетіп қалыпты. Оның сөзінің мағынасын түсінбеген балықшы: «Қария қартайып алжыған екен. Әрең-пәрең тамақ тауып беріп тұрған жалғыз қайығымды қалай батырып жібере аламын, онда аштан өлеміз ғой»,-деп ойлайды.

Кеңесті елемеген балықшы бірнеше жылдар бойы сол күйі кедейленіп, тамақ бірде бар, бірде жоқ күн кешеді. Бір қатты дауылда ескі жаман қайығы суға батып, балықшының өзі әупірімдеп жүріп аман қалыпты.

Ескі қайығынан айырылған балықшы қатты қайғырып, бұл жерден кетуге мәжбүр болды, ақыры отбасын ертіп алып өзен жағасымен өрлеп жүріп кетіпті.

Олар қанша ұзаққа, қанша жол жүргені беймәлім, әйтеуір бір жерде балықшылар қосынына кездесіп, көптеген үлкенді-кішілі қайықтарды көреді. Балықшы оларды көріп қатты қуанғанымен, өзіне тиесілі қайығы болмағандықтан таңертең жағажайға барып, біраз қарап отырып, кейбір қайықтардың ана жерін, кейбірінің мына жерін жаңалау керек, ана бір қайықты шұғыл жөндеу керек екен деп ойлап, иелеріне айтып жөндеп берумен, қайық жөндеп, нәпақа тауып, тіршілігі де түзеле бастапты.

Өзінің ескі қайығын күн сайын жөндейтін тәжірибесінің пайдалы болғаны соншалық, ол «керемет жөндеуші», ескі қайықты әдемі ететін алтын қолды адам атанып, атағы жайылады. Біраз уақыттан кейін жақсы жаңа үй сатып алып, өзінікі деген жаңа қайық алып, жақсы өмір сүре бастайды. Балықшы әлгі қарттың кеңесін осы кезде ғана түсініп, «Оның сөздері неткен ақыл еді» деп іштей сыбырлап, сол ақылды уақытында орындамағанына өкініпті.

Иә, адамдар әрқашан осындай. Бір нәрсеге жабысып алса, өзгеруден қорқатындықтан, қиын, әрі ауыр болса да, сол ескіден айырыла алмайды. Өзгеріс жасау үшін батыл болайын, жетістікке жетемін деп серпілмейді. Әсіресе, адамдар өздері әрнәрсені сылтауратып, кейінге қалдырып, шешім қабылдай алмай көп уақыт жүріп қалады.

Жаңадан болған нәрсенің бәрі жақсылық әкеледі. Ыңғайсыз, қиын жерде тұра берудің мағынасы жоқ. Белгісіз және беймәлім нәрселерден қорқумен уақыт жоғалтпай алға ұмтылып, тез өзгер. Алдыңда тек жақсылық ғана тосып тұр дегенге сенімде бол! Өз тәжірибең де саған көп жағынан көмекке келетін болады.

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: