Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баталы сөз – балаға азық

18.03.2024, 11:10 133

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектепте ата-әжелер арасында «Баталы сөз – балаға азық» бата беру байқауы өтті.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында бастау алған іс-шараның шымылдығын Абай ауылынан келген «Ақ ниетті» әжелер ансамблі ашты. Ақ жаулықтылар ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғыртып, халық әндерін насихаттап келеді. Биыл 10 жылдығын атап өткелі отырған шығармашылық топ NIS сахнасында қазақ әуендерін шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Бата беру байқауында 16 қария ата-бабамыздан қалған бай мұра – ақ баталарын ұсынды. Асыл сөздің құдіреті барлық көрерменді орнынан тұрғызды. Оқушылар ақсақалдар мен ақжаулықты әжелердің жүректерінен шыққан әр сөзін ықыласпен тыңдап, қабыл алды.

«Бата – тәрбиелік мәні зор, қазақ халқының асыл қазынасы. Оның адам санасына әсер ететін үлкен күші бар. Бата алған халық жақсылыққа сеніп, ырыс-ынтымақ, бақ-береке болады деп ырымдайды», – дейді Құдайберген Мұхамедияров.

9-сынып оқушысы Ақтілек Қосановтың атасы Оразбай Қосанов ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрді ерекше құрметтейді және бүгінгі байқауда өзінің шығарған бата тілектер мен өсиеттер жинағын мектеп кітапханасына тарту етті.

«Бата – халқымыздың өшпес мұрасы, ұлттық қазынамыз. Сондықтан мұны кейінгі буынның санасына сіңіріп, жетесіне жеткізіп, көкірегіне құйып, жүрегіне ұялату біз сияқты үлкендердің парызы», – дейді қария.

Жас ұрпақты иманды, мейірімді, зерделі, арлы болып өсуіне баулу мақсатында өткізілген додада қариялар әртүрлі тақырыпта баталарын беріп, ұлағатты сөздерін кішіге арнады. Барлығын да бөліп-жармай әртүрлі номинацияға лайықты деп танылып, Әкелер кеңесінің арнайы сыйлығы табысталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: