Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балалықтың көктемі

31.01.2021, 11:00 1414

HALYQLINE.KZ

Iнiммен шығыспағасын ба, әкем мен апам менен құтылуды көздеп, менен бұрын жазғы демалысты олар асыға күтушi едi. Әрине, сабақ оқудан шаршаған, күнделiктi ерте тұрудан жалыққан ерiншек мен де сағына күтемiн. Қазiр ойлаймын ғой, осы менде лагерьге барып, дос арттырып, ойнап-күлiп, ысылып қайту деген болмапты. Менiң лагерiм –  нағашымның үйi: сондағы нағашымның өзiммен түйдей құрдас қызы Сәуле мен оның сiңлiсi Кәмшат болатын. Үйде тете iнiм Саматпен болмашы нәрсеге iлiгiп, төбелесiп қалатын мен мұнда өзiмнен денесi әлдеқайда iрi Сәуледен қорқамын ба, әлде ашуы мұрнының ұшында тұратын, сәл мүлт кетсең, ала көзiн дөңгелетiп, сұқ саусағын шошайтатын нағашымнан аяқ тартамын ба, әйтеуiр қойдан жуас момақан болып жүремiн. Әй, осы түрiмдi әкем мен апам көрсе, бiр күлер едi-ау сонда. Ал, iнiм менiң монтиған түрiмдi көрiп түкке түсiнбеуi мүмкiн едi. Сол үш ай жаз бiткенше менi үйден iздеп келетiн пенде болмайтын. Алғашқы жылдарда қиғылық салып, әжемнiң миын су ететiнмiн.

Сол айналып-толғануы шегiне жетiп шаршағанша, жағым сенбейдi.

Нағашым үйiне келген дуанаға нан берiп тұрып:

– Мына жылауық қызды әкетесiз-ау, – десе, дуана: –

– Маған берiңдер, жыламайтын жақсы қыз етемiн, – дейтін.

Сонда барып «өлеңiмдi» сап тиямын.

Марқұм нағашы атам дуанаға арнап қазан көтертетiн.

– Бұлар әулие, – дейтiн.

Мен үйдi айналып, жиналған шөптiң қуысына барып тығыламын. Мендей жиенiнен құтыла алмай, дуананы қожасындай күтiп отырған нағашыларыма зығырданым қайнайтын. Ұрысқандары да, тiптi ұрғандары да тез есiмнен шығып кететiн әкем мен апамды ойлап, iнiмдi сағынып, ендi оларды көрмейтiндей қыстығып жылайтынмын.

Маған көмек қолын ұсынудың орнына, ата жауымдай нағашымның екi желөкпесi менi шарқ ұрып iздейтiн. Мен жылағанда айызы қанып күлетiн Сәуледен еш жақсылық күтпеймiн. Ал өзiмнен бiр жас кiшiлiгi бар Кәмшатпен доспын.

Ойға шомып, әрi қорқып жатқан менi «таптым» деген Сәуленiң айғайы селк еткiздi.

– Тығылған жерiн қарашы асқабақтың.

Өмiрде мұнша ешкiмге кектенiп, ашуым келмес. Бiрiншiден, менi қолға түсiрдi, екiншiден, «асқабақ» деп келеке етiп тұр. Толықтау сары болғандықтан ол менi «асқабақ» деп мазақтаушы едi. 

– Маймыл, – дедiм жыламсырап.

Оның құлағы көзге бiрiншi түсетiн. Бәрiбiр кегiм қайтпай тұр. Ызадан көзiме жас келдi. Бiрақ жыламадым, «жылауық» деп тағы келеке ететiнiн бiлем ғой. Сорадай неменi ұрып құлатар ма едi. Өзiнiң үйi, атасы мен әжесi де осында, папасы мен мамасы да қасында. Олардан қайран жоқ. Әрi олар өздерiнiң қызын емес, менi бергелi тұр ғой дуанаға. Ары қарай шыдамадым. Жалған намыс құрып қалсын, көзiмнен бұршақ-бұршақ жас сорғалады.

–Не болды, ей. Соған бола өкпелеп қалдың ба, дос болайық, – деп табан астында Сәуле бәйек бола қалды. Менiң қолымды еркiме қоймай ұстап, шынашақтарымызды бiр-бiрiне түйiстiрiп, дос болудың ырымын жасаған болды. Бiздiң бұл iсiмiзге күлiп, Кәмшәт жоңышқа гүлдерiн тередi.

– Әжем саған тамағын жеп алсын, – дейдi.

– Iшпеймiн. Алдап шақырып дуанаға берiп жiбермек қой.

– Олар сенi әшейiн қорқытып, алдап жатыр. Байқамадың ба, атам дуанаға көзiн қысып сөйледi ғой. Үлкендер әзiлдейтiнiн, бала деп қорқытатынын сен бiлмейсiң бе? – деп бiлгiшсiнген, үлкендердiң құпиясын менен гөрi бiлетiнiне мақтанған Сәуле шiкiрейiп, таңқы мұрнын қорқ етiп тартып алды. Тағы да менен оның басым түскенiн қызғандым. Сонда да үй жаққа баруға қорқамын. Елгезек Кәмшат дуананы барлауға кеттi.

– Кетiп қалды, – деп келдi.

Қорқа басып, Сәуленiң ығында үйге келдiм. Шынында да шарбақ үстiнде дуана көрiнбейдi. Қуанып қалдым. Менiң жымың еткенiмдi үлкендер де байқап қалды.

– Ендi жыламайды, егер жыласа, өзiмiз шақырамыз деп дуананы үйiне қайтарып жiбердiк, – деп атам жымиды.

Дуананың үйi бола ма деген сауал ол кезде ойыма келмептi.

Осы оқиғадан кейiн Сәулемен достасып кеткенмiн. Қазiр өзiм де нағашымның үйiне құстай ұшуға бармын. Менiң де, апам мен көкемнiң де тiлегi орындалып, жылдағы дәстүр бойынша нағашымның үйiне әкелiп тастады. Алғашқы бiр-екi күн оларды тосырқап жүрдiм де баяғыша ойнап кеттiм. Оларда менi сағынып қалыпты.

Бiзге сиыр бақтырған қатал нағашым опа таппады. Үшеумiз ойын қуып кеткенде, сиырлар өзбек шалдың бақшасын жалмап кеткен. Содан қауын-қарбыздың желiнгенi бар, жарылғаны бар, езiлгенi бар, рәсуа болған пәлегi бар, шалдың айтқанын төлеп құтылды-ау. Өзбек шал қанша сұрады, нағашым қанша бердi, ол арасы бiздi қызықтырмады. Бiздi ол кезде ойыннан басқа ештеңе қызықтырмайтын. Аш құлақтан тыныш құлақты көздеген нағашым бiзге сиыр бақтыруды мүлде қойды. Рақат! Нағыз бостандық. Шыжыған күн астында сиыр артында жүрмеймiз.

Жазда ауылда той көп. Әжемнiң көлеңкесiндей бiр елi қалмаймыз. Кәмшат қалса да, Сәуле екеумiз әжеме қосақталып қалғандай қайда барса, сонда барамыз. Қуа-қуа әжем де шаршады. Байқаймын, бiздiң барып, ыстық бауырсақ, кәмпитке тойып қайтқанымызды әжем де терiс көрмейтiн сияқты. Тағы байқағаным, жеңешем: – Жаңа камзолыңызды киiп алыңыз, – десе, –Әдiрең қалғыр, ол жерде маған ешкiм қарамайды, – деп әжем жарықтық өңi кете бастаған камзолын тастамайды. Ал бiз әжемнiң жаңа камзолын киiп, кемпiрлердi қызықтырғанын қалаушы едік. 

– Әже, жаңа камзолыңды киiп баршы, – деп қиылсақ, – Әй, маған ендi жетпегенi, қос жүгермек, сендердiң ақыл-кеңестерiң едi. Екеуiң өскенде менi тiптi менсiнбейтiн шығарсыңдар, – дейді зiлi жоқ дауыспен.

Бiрақ ол кезде әжемнiң ескi камзолының қалтасы жаңасынан әлдеқайда терең екенiн бiз қайдан бiлейiк. «Көзi құрғыр нашар көредi» деп отыратын әжемнiң үйге келгесiн қалтасынан сол кездегi ең қымбат барбарис кәмпиттер мен батоншиктер шығушы едi. Бiз келгесiн Кәмшәт «тостағанын» жуып алып, кәмпиттерге алданатын. Тойдан қайтқан бiздер үлкендердiң көзiн ала бере жылтырақ кәмпиттердi қалтамызға сүңгiтiп жiберетiнбiз. Әзiрде ғана басылған Кәмшәт қиғылықты қайта бастайтын.   

Атам бау-бақшаға жақсы қарайтын. Үлкен алмабақ бар едi. Онда қызыл-сары шие, қарала, шабдалы өсетiн. Сол бақтағы үлкен жидектердей жидектi мен кейiн кездестiрмедiм. «Қолда барда алтынның қадiрi жоғы» рас, әрi балалық қой. Бiр тiстеп алманы лақтыратынбыз. Қаттыларын дуалға ұрып, доп ойнаушы едiк. Сәуле екеумiз ұрсысып қалсақ, атысамыз. Бiрақ бiр-бiрiмiзге тигiзбеймiз. Бiз де қумыз ғой, жай қорқытқанымыз. Бiреумiзге тиiп, аңырасақ, атам екеумiздi де оңдырмайтынын жақсы бiлемiз.

Әлi есiмде, атам қызыл қауынның пiсуiне он күндей қалды деп едi. Соны ести сала, алдымен жеу жорығын бастамақ боп, Сәуле екеумiз жоспар құрғанбыз. Түсте үйдегiлердiң ұйықтауын күттiк. Бәрiнен де Кәмшатты ұйықтату қиын болды. Оның қасында өтiрiк ұйықтап, қорылдауға тура келгенi. Уф, әйтеуiр ұйықтады-ау. Қорқып келемiз. Алда менен ылғида өзiн мықты көрсеткiсi келетiн Сәуле. Жарған қауындарымыздың iшi ақ, көкшiл, сарғыш болып шығады. Қызылы кездессейшi. Ақыры таптық бiреуiн. Атамның суы құрып, мақтайтын қауынының дәмi асқабақтың дәмiне ұқсас бiрдеңе болып шықты.

– Мынау асқабақтың өзi ғой, – деп мұрнын тыржитты Сәуле.

Үндемедiм. Бала кезiмде апам «асқабағым» деп еркелететiн. Менiң бұл сөздi жек көретiнiмдi бiлсе де айтуын қоймайтынына ренжитiнмiн. Сәуленiң айтатыны да сол апамнан естiгенi. Бала кезде мен асқабақты сол үшiн жек көретiнмiн. Ұнаса да аузыма дәмiн алмайтынмын. 

Сәуленi «маймыл» дегiм келiп тұрса да айтудың оңтайын таппай, кегiм iшiмде кеттi.

Содан қауын жарып шаршаған бiздер ұйықтап қалдық. Атамның айғайынан, әжемнiң бажылынан ояндық. Бiздiң iсiмiзге байланысты екенiн сездiк. Қашу керек. Ойланып жатқанымызда атам кiрiп келiп, тырп еткiзбедi. 

– Пәтшағарлар, артық кемi жоқ жиырма қауын жарыпсыңдар. Менi басқа жаққа арқалап кетедi дейсiңдер ме? Сендер жесiн деп ектiм.

Әжем: – Обалдағы-ай, пiскендерiн көршiлерге таратып келейiн, – дейдi дәлiзде жүрiп.

Атам екеумiздiң құлағымызды екi қолымен ұстап, жиырма рет тартты. Көзiмнен ытқып жас кеттi. Сәулеге қарасам, оның да жайы мәз емес. Адуын қолдан құтқарар ешкiм жоқ. Әжемiз араша түсер едi, «обал қауындарды» көршiлерге таратуға кетсе керек. Атамның бiздiң құлағымызды тартып бiтуiн күткендей келген әжем ебiл-дебiлi шығып жылаған бiздердi жұбатып, атама ұрсып жүр.

– Садақа сол көк түйнектерiң. Сол құрғырларың болмаса да аштан өлiп жатқан жоқпыз. Балалар не бiлсiн?! Ойын баласына ойының осылсын дегенiң бе? Осылардан артылғанын жермiз, жемесе қалар. О, несi ей, – деп бұлқан-талқан болды.

Вазелин тауып әкелiп, әжем менiң қызарған құлағымды уқалап едi, атам да қарап тұруға шыдамай еркелетiп Сәуленiң құлағына жақты.

–  ызарып қапты-ау, – деп күлiп қояды өзi.

Атам менiң емес, Сәуленiң қалқан құлағын уқалағанын қызғанып-ақ отырмын.

*     *    *

Бүгiнде нағашымның үйiне екi-үш жылда бiр-ақ рет, онда да бiр күнге барамын. Барған сайын бiр жанды сағына iздеймiн. Балалық дәуренiм өткен үйден сол жанды қанша iздесем де кездестiре алмаймын. Шындығында оны ендi ешқашан да көрмеймiн. Осыны ойласам, ет бауырым езiлiп, тереңнен бiр өксу шығады. Сәуле он бiрiншiнi бiтiрер жылы өкпесiне суық тиiп, сол кеселден  көз жұмған. Атам мен әжемнiң о дүниелiк болғанына да он жылдай уақыт өттi. Кәмшат Қарағандыда студент. Бiр-бiрiмiздi көрмегенiмiзге де екi жылдың жүзi болып қалыпты. Осыдан екi апта бұрын хатын алдым. Әр хатында бауыры Сәуленiң қызықтарын еске алады. Оның әр хатын оқыған сайын қамығып қаламын. Өмiрдiң мәнiн түсiнiп жетпеген балалығымды, Сәуленi сағынамын. Жүрегiмде аяныш бар. Өмiрден ерте кеткен Сәулеге деген аяныш па, әлде өмiрдi жек көре тұра өмiр сүретiн өзiм секiлдi пенделерге деген аяныш па, бiлмеймiн…

Аягүл  МАНТАЙ

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: