Бүгін Сырдария ауданы әкімі Берік Сәрменбаев облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бірінші наиб имамы Жақсыбек Әбеновты қабылдады. Ж.Әбенов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен Сырдария аудандық «Мұсылмандар» мешітіне жаңадан тағайындалған бас имам Жарқынбеков Асхат Батырханұлын таныстырды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Асхат Жарқынбеков – діни білімін «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде жетілдірген, діни салада мол тәжірибесі бар білікті маман. Ол әр жылдары Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде, Арал, Қармақшы аудандарында және Түркістан облысының мешіттерінде имамдық қызмет атқарған, сондай-ақ жастар ісі бағыты мен діни қызмет саласында еңбек еткен. Бұған дейін Қызылорда қаласындағы «Мүсірәлі ата» мешітінде наиб имам қызметін атқарып келді.
Аудан басшысы жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, ауданның рухани-діни ахуалын жақсарту бағытында атқарылатын жұмыстарды атап өтті.
– Сізге жүктелген міндет – жауапкершілігі жоғары қызмет. Ауданда діни тұрақтылықты сақтау, тұрғындар арасында имандылық пен ізгілік құндылықтарын дәріптеу, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру бағытындағы жұмыстарға баса мән берілу қажет. Жаңа қызметіңізде абыройлы еңбек етіп, ауданның қоғамдық және рухани өміріне өз үлесіңізді қосады деп сенемін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!