Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылдың қорытынды салтанатты шарасы өтті

31.12.2022, 12:54 388

2022 жыл – еліміз үшін тарихи және саяси оқиғаларға толы, табысты жыл ретінде есте қалмақ. Ескі жыл Сыр жұртшылығы үшін де бергені мол, берекелі кезең болды.


Кеше А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде қала әкімі Асылбек Шаменовтың қатысуымен 2022 жылдың қорытындысы мен үздіктерді марапаттау салтанатты шарасы өтті.
Қорытынды кеште шаһар басшысы жыл көлемінде жеткен жетістіктер мен атқарылған ауқымды жобаларға тоқталып, барша қала тұрғындарын санаулы күндерден кейін төрімізге енетін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.


– Биыл қаламыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері шешімін тауып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда белсенді жұмыстар атқарылды. Шаһардың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуда ауқымды істер жасалды. Жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, қала қарқынды құрылыс алаңына айналды. Көпқабатты тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар, денсаулық сақтау, спорт нысандары салынып, халық игілігіне берілді. Облыс әкімінің қолдауымен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не жаңадан 150 автобус алуға 1 млрд 434 млн теңге бөлінді. Бүгінде оның 100-і қалаішілік бағыттарға қосылды. Қалғаны жаңа жылдан кейін келетін болады. Қызылордалықтар осынау игі істің жалғасын алдағы жылы да көреді деген нақты жоспарымыз бар. Яғни, тағы да 150 дана автобус алынбақ.


Келер жылы қаладағы бірнеше көшеге қайта жаңғырту жұмыстарын бастайтын боламыз. Атап айтар болсам, Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда – Құмкөл» трассасына дейінгі Сұлтан Бейбарыс көшесін реконструкциялауға республикалық және облыстық бюджеттен 2 млрд 349 млн. теңге бөлінді. Қайта жаңғырту жұмыстары Астана даңғылы мен Тараз көшелеріне де жүргізіледі. Жолдарды жөндеумен қатар абаттандыру ісі қатар жүруі тиіс. Осы ретте, сол жағалаудағы Абылай хан даңғылы мен С.Бейбарыс көшесіне облыстық қазынадан тиісті қаржылар бөлініп, ол толығымен абаттандырылады. Бұл жұмыстар 17 көпқабатты үй аулаларына да жасалынады. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен бөлінген 690 млн. теңгеге 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолы орналастырылады және 52 көше жарықтандырылады.


Қолға алған ең ірі жұмыстарымыздың бірі – тұрғын үй құрылыстары. Бұл бойынша жыл басында бөлінген 3,5 млрд теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауынан 10 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Іргесі көтерілген үйлер келер жылы толығымен аяқталып, тұрғындарымыз баспана бақытына кенелмек. Сондай-ақ, авариялық тұрғын үйде тұратын отбасыларды тұрғын үйлермен қамту үшін облыстық бюджеттен 2 млрд 562 млн теңге беріліп, мақсатты шаралар жүзеге асырылуда.
Президент өз Жолдауында ауылдардың еңсесін көтеру үшін, мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалынады деген болатын. Осыған орай кешенді жоспарлар, тың жобалар бастау алды. Яғни, «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен 992,9 млн. теңгеге Қызылжарма, Ақсуат, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтерінің барлығы – 46 көшесі жөнделеді. Кент және ауылдық округтердегі 167 көшені жөндеуге бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп отыр.


Құрметті жерлестер! Әр жаңа жыл табалдырығында жақсылық пен жағымды жаңалық күтеміз. Ендеше келер жылы да арман-тілегіміз жүзеге асып, несібеміз арта берсін. Елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт – береке тілеймін,– деді Асылбек Өмірбекұлы.


Іс-шарада қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өрістеуі жолында үлес қосқан азаматтар марапат төрінен көрінді. Шаһар басшысы Асылбек Шаменов Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерін өркендетуге қосқан үлесі үшін ҚР Мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Есмұрзаеваға облыс әкімінің «Құрмет» грамотасын тапсырды.


Сондай-ақ, халықты, бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді ынталандыру арқылы қайырымдылықтың ізгі жолын паш ету мақсатында 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Жомарт жүрек» сыйлығының арнайы номинациялары табысталды. Жыл көлемінде әртүрлі салада жетістіктерге жеткен бірқатар азаматтар «Жыл үздігі» номинациясымен марапатталды.


Кеш мерекелік концертпен жалғасып, қазақ эстрадасының жұлдыздары Әбдіжаппар Әлқожа, Ақбота-Нұр және жергілікті өнерпаздар салтанатты шараға қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: