Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жетісу мен Сыр өнерпаздарының дәстүрлі сайысы

24.09.2026, 21:35 29

Бүгін Қызылордада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Бес асыл» жобасы аясында «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты Қызылорда мен Жетісу облыстары өнерпаздарының республикалық дәстүрлі өнер сайысы өтті.
Жыр додасын ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізіп, республикаға белгілі 8 ақын додаға түсті.

Сөз бәйгесін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Алашқа ана болған Сыр өңірі – сөз киесі қонған, жырдан маржан төгілген қасиетті өлке. Осы дәстүрді бүгінгі буын лайықты жалғастырып келеді. Мұның айқын дәлелі – Мұхтар Ниязовтың үш мәрте «Алтын домбыра» иегері атануы.
Мейірбек Сұлтанхан да «Алтын домбыраны» иемденіп, Сыр елінің айтыстағы дәстүр жалғастығын тағы бір мәрте танытты. Бұл сабақтастық жас талант Бексұлтан Орынбасаровтың «Күміс домбыра» иегері атануымен де айшықтала түсті.
Халқымыз қашаннан өнерді бағалаған, кие тұтқан. Оның ішінде айтыс өнерінің біз үшін орны ерекше. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері қаншама ақындарымыз түлеп ұшып, айтыс өнерін дамытуға үлкен үлес қосуда. Өйткені, айтыс – мәңгілік киелі мұрамыз!
Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге тартысты айтыс тілей отырып, ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектеріңізге шынайы алғысымды білдіремін. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қасиетті Сыр өңіріне келген қадамдарыңыз құтты болғай», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Өнер аламанында қос тараптың жүйріктері айтыстың түре, сүре, қайым және қыз бен жігіт айтысы жанрлары бойынша бақ сынасып, жыршы-жыраулар, термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер де өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, сахна төрінде командаларды таныстыруда Нұрлы Мұхамади мен Қазыбек Шынберген, сүре айтыста Данияр Болатқан мен Бексұлтан Орынбасаров, жыршылар сайысында Есхат Нұрәли мен Марат Сүгірбай, түре айтыста Дидар Өмірәлі мен Мейірбек Сұлтанхан, күй тартыста Самат Жексенбаев пен Әділбек Тәшімов, қыз бен жігіт айтысында Әдемі Сыбанқұл мен Ержан Әміров, дәстүрлі ән орындауда Бейбіт Мұсаев пен Зульфия Баймұрзаева, қайым айтыста Қазыбек Жеңісхан мен Мұхтар Ниязов, ал термеде Арафат Ысқақов пен Руслан Ахметов шеберлік байқасты.

Өнерпаздарды қазылар алқасының төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, қазылар алқасының мүшелері айтыскер ақын, Мәдениет қайраткері Серік Құсанбаев, айтыскер ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Бекарыс Шойбеков, дәстүрлі әнші, Қазақстанның Халық әртісі Айгүл Қосанова, жыршы-термеші, өнертанушы, Мәдениет саласының үздігі Елдос Еміл және күйші, профессор, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы бағалады.

Тартысты өткен дәстүрлі өнер додасының қорытындысы бойынша жоғары дайындық пен шеберлік танытқан Қызылорда облысының командасы жеңіске жетті. Жеңімпаз командаға арнайы кубок пен қаржылай сертификат табысталды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: