Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

“Жастар” театрында – жаңа премьера

21.02.2024, 13:25 201


Кеше шаһардағы “Жастар”театрының жаңа премьерасы өтті. Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдікұлының әңгімесінің желісі бойынша театрдың белді әртісі, жас драматург Нұрдәулет Баймаханның “Оң қол” психологиялық драмасы қалың көрерменге жол тартты.

Қойылым психиатриялық ауруханаға түскен 21 жастағы Алма туралы. Сұлу бойжеткеннің сырқаты – жан түршігерліктей қорқынышты. Қыз қалың ұйқы құшағына кеткен шақта, оң қолы өзін қылқындырып өлтіруге әрекет жасайды. Дәрігерлер аурудан арылудың сан түрлі амалын жасағанмен, Алманың оң қолына бөгет бола алмайды. Ақырында Алманы емдеуші дәрігер қолын алып тастау керек деген шешімге келеді. Оқиға емханадағы Мұхтар, Айша есімді емделушілердің тағдырымен шиеленісіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайды. (Адам ағзасын сату, жемқорлық) Сонымен қатар спектакльде өмірге деген құлшыныс, махаббат, қорқыныш пен зұлымдық сюжеттері шебер бейнеленеді.

Қойылым соңында Қызылорда қаласының әкімі Қожаниязов Серік Салауатұлының «Жастар театрының» әртістеріне арналған ықылас гүлі табысталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр саласының майталманы Хұсейін Әмір-Темір, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Қуантқанұлы және Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсатов қорытынды сөз сөйлеп, ұжымға сәттілік тіледі.

Қойылымның режиссері – Берік Ахмед. Театрдың көркемдік жетекшісі – мәдениет қайраткері О.Нұрмаханов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: