Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағашта респуликалық ақындар айтысы өтті

23.10.2022, 18:00 306

Қазантаев атындағы Мәдениет үйінде Республика күні және «Алтын дән-2022» мерекесіне арналған іс-шара республикалық ақындар айтысына ұласты. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов ақындар айтысын тамашалауға жиналған халықты тағы да құттықтап, қазақ халқы өміріндегі айтыстың мән-маңызына тоқталды.

«Әр халықтың болмысында ғұмыр кешу жағдайына қарай қалыптасқан дәстүрлердің тозығын уақыт өзі екшеп, озығын ел кәдесіне жаратып жатыр. Соның бірегейі сонау ықылым заманнан қалыптасып, дамып, жетіліп, бүгінгі күннің қажетіне жарап отырған халық ауыз әдебиеті болса, оның ең бір өміршең жанры – айтыс өнері. Бүгін елге аяқ басып, біздің қуанышымызға ортақтасып, дүбірлі тойдың көрігін қыздыруға келген ақындарымыздың қадамдары құтты болсын деймін! Айтысқа түсетін ақындарды Сәбит Мұқанов бәйгеге қосылатын тұлпарға теңеген екен. Иә, бұл жарыс, дода, сөз сайысы, алғырлар мен шеберлердің, тоқсан ауыз сөзден тобықтай ой түйетін сөз зергерлерінің сайысы. Ендеше біз де бүгінгі бәйгеге қосылатын тұлпарларымызға табыс тілейміз» деді Асқарбек Есжанов.

Айтысқа елімізге танымал айтыс ақындары Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртайұлы, Аспанбек Шұғатаев, Талғат Мыхи, Айым Асылбекқызы, Айдос Рақметов, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Ержан Әміров, Серік Қуанхан қатысты. Айтысты ғалым, жыршы, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Берік Жүсіпов жүргізіп отырды.

Айтысқа белгілі айтыскер ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі Бауыржан Халиолла, балалар ақыны, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қуат Адис төрелік етті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: