Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдария ауданында кітап клубы ашылды

17.10.2022, 9:15 230

HALYQLINE.KZ Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен және аудандық жастар ресурстық орталығы және аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен ауданда ілкімді іс-шара өтті. Өлең өлкесінде өзіндік өрнегін қалыптастырып, оқырманмен жыр тілінде сырласып жүрген Ақжол Түменбай, Айдар Сайлау, Әл-Фараби Бекарыстанұлы, Жанар Бимұратқызы, Гүлзада Есмаханова, Ақгүл Абдрасул бастаған қызылордалық ақындарды аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев күтіп алып, құрмет көрсетті. Ауданымыздың жас ақыны, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы кезең-кезеңімен түсіндірме беріп отырды.

Аудан әкімдігінің алдына, бүгінде демалыс аймағына айналған орталық алаңға жиналған ақындар Тереңөзек кентінің келбетіне тамсанып, ауданның ажарын жырларына арқау етіп жатты. Бұл – нағыз шабытты шақтың шырағы жанған шуақты сәт еді.

Мұнан соң ақындар «Парасат» алаңына барды. Мұнда ауданнан шыққан қайраткер-тұлғалардың ескерткіш-бюсті мен Рәміздер аллеясы орналасқан. Жас ақындар қабырғалы қаламгер Қалтай Мұхамеджанов пен Әбділда Тәжібаевтың, ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, дарынды тұлғалардың рухына тағзым етті. Ақындарға аудан әкімінің орынбасары дариямен аттас киелі ауданның тағылымды тарихы, жетістіктері мен жоспарлары туралы айтып, кең көлемді мағлұматтар ұсынды. Мұнан соң жиналған көпшілік аудандық жастар ресурстық орталығына барды. Мұнда орталық жанынан кітап клубы ашылды. Кітап клубы және алдағы жоспарлары туралы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов айтып берді.

Ауданның республика күні қарсаңында ұйымдастырған іс-шарасына сырбойылық жас ақындармен бірге облыс орталығындағы «Кітап құрттары» кітап клубының жетекшісі Талғат Меңдібай арнайы қатысып, тәжірибесімен бөлісті.

Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев пен қонақтар кітап клубына кітаптар сыйлады. Іс-шара аясында еріктілер «Кітапханаға кітап сыйла» акциясына үлес қосып, аудандық кітапханаға бастама ретінде кітаптар сыйға тартты. Келген қонақтар кітап клубының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: