Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелілік ақын республикалық айтыстың бас жүлдегері атанды

23.10.2022, 12:45 430

Кеше аудандық Салтанат сарайында Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен Ұлттық мереке – Республика күніне орай, журналист, ақын Дүйсенбі Смайыловтың 90 жылдығына арналған «Маржаны Сырдың Шиелі» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Ақындардың басын қосқан дүбірлі додаға халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы, белгілі айтыс ақыны, Қызылорда облысы, Шиелі ауданынан Мейірбек Сұлтанхан, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының және 2021 жылғы Алтын домбыра иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Бекарыс Шойбеков, «Алтын Домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев, қарағандылық ақын Совет Төрехан, Республикаға белгілі ақын Абай облысының намысын қорғап келген Қайыртай Рүстем, ақтөбелік ақын Марат Ахметов республикаға белгілі айтыс ақыны, Қызылорда облысы, Шиелі ауданынан Ержан Әмір, және шиелілік ақындар Бекжан Ержігіт, Елдар Әмірхан, Мейрамбек Ибрагимұлы сынды 10 айтыскер қатысып, бақ сынады.

Айтысқа Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов, Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» республикаға белгілі айтыс ақын Кенжебай Жүсіп, мәдениет саласының ардагері Исабек Байкенжеев төрелік етті.

Аламан бәйгені халықаралық және республикалық ақындар айтысының бірнеше рет жүлдегері, белгілі айтыскер ақын Иранғайып Күзенбаев тізгіндеді.

Ақтық бәсекеге шыққан Ержан Әміров, Бекарыс Шойбеков, Мейірбек Сұлтанхан, Рүстем Қайыртайұлы «Құлманбет» айтысының озық үлгісін көрсетіп, топтаса айтысты.

4 сағатқа созылған аламан айтыстың нәтижесінде, III орынды Мейірбек Сұлтанхан мен Аспанбек Шұғатаев, II орынды Рүстем Қайыртайұлы, I орынды Бекарыс Шойбеков, Бас жүлдені шиелілік дүлділ Ержан Әміров иеленді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: